Аймақтар • 05 Наурыз, 2020

Алыс ауылдағы балалар театры

2039 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Балалар театрының шәкірттері бір жылда 10 Гран-при иеленіпті.

Алыс ауылдағы балалар театры

Драма театр, комедиялық театр, қуыршақ театры, жастар театры, жасөспірімдер театры... Осылай жіпке тізе берсек, жалғаса береді. Ал балалар театры туралы естігендеріңіз бар ма? Естімесеңіздер, айтайық. Осыдан тура бір жыл бұрын шекара шебіндегі, шалғайдағы Тарбағатай ауданының Ақсуат ауылында тұңғыш рет балалар театры құрылған болатын. Жақында өнер деп жүрегі соққан, талантты һәм талапты оқушылардан құралған мәдениет ошағы бір жылдығын атап өтті.

қой

Жәй ғана атап өтпей, биыл 175 жылдығы тойланып жатқан хәкім Абайдың шығармалары негізінде «Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ» атты қойылымды сахналады.

 

Арқадан Ақсуатқа

Қазір шынын айтқанда, алыстағы ауыл түгілі төрт құбыласы сай деген қалада театр ашу оңай шаруа емес. Ақсуаттағы балалар театрының режиссері, белгілі актер, Мәдениет саласының үздігі Бейбіт Құсанбаев балғындарға арналған руханият ордасының шаңырақ көтеруіне Тарбағатай аудандық Мәдениет үйінің директоры, өнер жанашыры Шәкен Көпшікбаева үлкен ықпал еткенін айтады.

шәкен

(Шәкен Көпшікбаева және "Тамшы" театрының өнерпазы Айғаным Мәдікова)

«2014 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы Жастар театрында еңбек етіп жүрген кезімде «Тағылым тамшылары» атты рухани театр ашып, жұмысты бастағанбыз. 2018 жылы туған жерім Зайсанға, анамның қасына көшіп келдім. Сол жақта жүргенімде Тарбағатайдан Шәкен апайымыз хабарласты. Әуелі Мәдениет үйіне қойылым қоюға шақырған. Маған ол кісінің өнерге деген көзқарасы ұнады. Өнерге деген жанашырлығы тәнті етті. Жасыратыны жоқ, қазір мұндай адамдар өте аз. Талай жерде қызмет еттім. Көз жетті, көңіл түсті дегендей. Көбінің мақсаты – пайда табу. Өз басым өнерді табыс көзі деп қарайтындарды түсінбеймін. Таза, адал жұмыс істеп, елге қызмет еткім келеді. Зайсаннан Тарбағатайға ауыспақ ойға бекініп, анамнан рұқсат сұрағанда: «Өзіңді қадірлейтін, құрметтейтін жерге бар» деді. Сөйтіп, осы жаққа көшіп келдік» дейді Елордада сан жыл қызмет атқарып, бүгінде елге табан тіреп, Арқадан Ақсуатқа ат ауыстырған білікті маман.

театр

Бейбіт Құсанбаевтың жетекшілігімен құрылған балалар театрында бүгінде 60-қа жуық оқушы бар. Олар үлкен топ және кіші топ деп екіге бөлінеді екен.

аңсар

«Тамшы» балалар театры бір жыл мұғдарында Тарбағатай өңірінен шыққан ақын-жазушылардың шығармашылық кештеріне белсене қатысып, «Ізгі ұрпақ» атты қойылым әзірлепті. Осы қойылыммен облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға барып, бірнеше мәрте жүлдегер атаныпты. Жалпы, балалар театрының шәкірттері бір жылда 10 Гран-при иеленіпті.

 

КВН-ді тастап, театрға ауысқан бойжеткен

Бізді бір сүйсіндіргені, бұл театрда баланы өнерге баулудан бұрын оның тәртібі мен тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінетіндігі. «Бізде тәртіп өте қатал. Бірінші кезекте мектептегі сабағына қараймын. Әр сабаққа келген сайын күнделіктерін тексеремін. Мектеппен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Екінші, үйде ата-анасын құрметтеуіне, өз үйіндегі шаруаларға бей-жай қарамауына мән беремін. Өйткені, «Бейбіт ағаның тапсырмасын істеп жатырмын» деп сылтауратып, үй шаруасын істемей қойған балалар да болған. Үшінші кезекте өз сабағыма кірісемін. Сабақ бала бойындағы артық ақпараттарды, яғни, қоқыстарды тазалаудан басталады. Арнайы жаттығулар бар. Мәселен, менің шәкірттерім чипсы, кириешки, Кока-кола секілді химикаттарды жемейді, ішпейді. Менің жаттығуларым – балаларға Абай мен Шәкәрім өлеңдерін жаттату. Өлеңдерді жаттау арқылы дикция дұрысталады, есте сақтау қабілеті жақсарады. Тілдері мүкіс болмайды. Өлеңдерді жәй оқып, жаттап қана қоймай, мән-мағынасына үңілеміз. Өлең не туралы, не айтқысы келді, кімге айтты, қандай жағдайда айтты дегендей. Сол кезде бала санасына тоқиды. Жәй жаттаған нәрсе тез ұмытылады» дейді шәкірттеріне тәрбие мен білімді тең сіңіруге барын, жанын салып жүрген ұстаз.

бейбіт

("Тамшы" балалар театрының режиссері Бейбіт Құсанбаев сол жақта)

Балалар театрына алғашқы күннен қатысып, бір жыл ішінде бірнеше байқауда бас жүлде алған, Ақсуаттағы Кәрім Нұрбаев атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Айғаным Мәлікова бұрын театр өнеріне қызықпағанын жеткізді. «Өйткені, мен театрға дейін КТК (КВН) ойындарына қатысып жүретінмін. Театрға келгеннен кейін екі өнердің айырмашылығын байқадым. Маған театр қымбатырақ әрі бағалырақ көрінді. КВН-ді қойып, театрда қалам деп шешім қабылдадым. Өнер жолына түскім келеді. Алматыдағы Жүргенов академиясына барғым келеді. Театрдағы сабақтар ұнайды. 5 минут тұрмақ 1 минутқа да кешікпейміз. Кейде өзімізді мемлекеттік мекемеде істейтін адамдай сезінеміз. Барлық жерге уақытында барамыз. Театр ашылғанда көп нәрсені дұрыс түсінбей жүрдім. Қазір чипсы, кириешки секілді заттарды жеуді тоқтаттым. Абай атаның өлеңдерін оқығанда өзімді көріп тұрамын. Ол кісінің сынап жазған өлеңдері маған айтқан секілді көрінеді. Сондықтан тоқтамай оқи бергім келеді. Бұрын да кітап оқитынбыз. Қазір мағынасын түсініп оқитын болдық» дейді балғын актриса.

Тарбағатай ауданында ғана емес, облыстағы алғашқы балалар театрының ашылуына, оның осындай жетістіктерге жетуіне тікелей мұрындық болған Шәкен Көпшікбаева өнер ошағы интеллектуалды ұрпақ тәрбиелеуге зор үлес қосып жатқанына қуанатындығын айтты. «Театрдың ашылғанына алғысын айтып жатқан ата-аналар көп. Байқағанымыз, театрға қатысып жүрген балалар ақылды әрі зерек. Қазір балалар тұрмақ, жастардың көбі дұрыс сәлемдесуді білмейді ғой. Бұлар ғимаратқа кіргеннен амандасады, кейбір жұмыстарымызға көмектеседі. Ең маңыздысы, қазақ әдебиеті, өнер, мәдениет тарихын біле бастады. Ақын-жазушылардың өлеңдерін оқып қана қоймай, олардың кім екенін тани бастады. Қазіргі балалардың көбінің есте сақтау қабілеті нашар. Жаттай алмайды. Театрдағы балалар бұл жағынан жүйткіп тұр» деген өнер жанашыры «Тамшы» балалар театры ұлы Абай шығармаларына негізделген «Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ» қойылымын ауданның бүкіл ауылдарында арнайы барып, сахналағанын тілге тиек етті.

ажар

Тағы бір ерекше атап өтер дүние, театрда балалардан құралған эстрадалық вокал тобы да бар. Топ жетекшісі – білікті маман, республика бойынша қосымша білім беру, өнер, музыка мектептерінің эстрадалық вокал бағдарламасы методикасының авторы, Нұр-Сұлтан қаласындағы №1 музыкалық мектебінде, №2 өнер мектебінде, «Қарақат» студиясында қызмет істеген, Бейбіт Құсанбаевтың жары Ажар Жылқыбаева. Бұл жерде балалар сахнада өзін өзі ұстай білуді, актерлік шеберлікті үйренеді.

 

«Басында кредиті бар адаммен жұмыс істегім келмейді»

   «Тамшы» балалар театрының 1 жылдығына Нұр-Сұлтан қаласынан Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, режиссер Бекболат Құрманғожаев, театр және кино актері Ғани Құлжанов пен Алматыдағы Әуезов театрының белді актері Дулыға Ақмолда арнайы келіп, балғын өнерпаздарға қолдау білдірді.

ғани

Ізгі лебіздерін айтып, өнердегі білген-түйгендерімен бөлісті.

бек

«Біздің бала кезімізде әр ауылда халық театры бар еді. Фестивальдер жиі болушы еді. Қазір сол үрдіс қайтып келе жатқандай. Сол дәстүр қайта жанданса дейміз» деп салтанатты шарада сөз айтқан Бекболат Құрманғожаев театрға 20 шақты балаларға арналған пьесалар мен қойылымдар жинағын тарту етті.

ға

Белгілі актер Ғани Құлжанов: «Елордадағы Жастар театрына 7 жыл басшылық жасадым. Бейбіт Құсанбаев осы театрдың негізін қалаушылардың бірі. Сонда режиссер болды, оның қойған спектакльдері әлі де жүріп жатыр. Үйі де, күйі де бар еді. Замандасымыз соның бәрін тастап елге келді. Осындай тәжірибесі мол, білікті маманды қолдап, мүмкіндік берген ақсуаттық ағайындарға, әсіресе Шәкен апайымызға мың алғыс. Дер кезінде қолдау көрсетпегенде бұл театр болар ма еді, болмас па еді?!» деп лебізін жеткізді.

дулыға

Дулыға Ақмолда: «Көзіміз көрді, көңіліміз толды. Кішкене бүлдіршіндердің үлкен өнерге деген талпынысын көрдік. Бұл театрдың мені қуантқаны, алғашқы қадамдарын Абай атамыздан бастағаны. Бұл - бекер емес» деп ризашылығын білдірді.

Құрылғанына 1 жыл толған балалар театрының әзірге бағындырған белестері осындай. Ал осы театрдың режиссері Бейбіт Құсанбаевтың арманы көп, жоспары да аз емес. «Балалармен жұмыс істегенді неге жақсы көремін? Өйткені, балалар өтірік айтпайды. Таза. Шынайы. Темекі тартпайды, арақ ішпейді. Басында кредиті бар адаммен жұмыс істегім келмейді. Оның өнерге деген ойы басқа. Балалар шынайы айтады, шынайы сөйлейді. Жалғандық жоқ. Менің арманым – олардың актер болуы міндетті емес, қоғамда тұлға болып қалыптасса деймін. Мақсатым – қазақ еліне адал қызмет ететін азамат тәрбиелеу. Осы орайда Тарбағатай жеріндегі қадамдарыма қолдау білдірген Шәкен Көпшікбаеваға, жаны жомарт, кәсіпкер азаматтар, "Барқытбел несие" ЖШС төрағасы, өнер, спорт жанашыры, аудандағы ұлттық ат спорты федерациясының төрағасы Саят Садуанов пен ауданда өтетін халықаралық айтыстың демеушісі, өнер, спорт жанашыры, "Мәуліт" ШҚ төрағасы Қайырлы Қасеновке шынайы алғыс айтамын» дейді Бейбіт Құсанбаев.

 Шығыс Қазақстан облысы,

Тарбағатай ауданы,

Ақсуат ауылы