Абай • 05 Наурыз, 2020

Мұқағали мектебінде Абай залы бар

719 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыдағы Мұқағали Мақатаев атындағы №140 мектеп-гимназиясының қабырғасынан  «Абай» әдеби  залы ашылды. Білім ордасындағы айрықша орталықтан ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына қатысты көптеген  мағлұматтар табуға болады. Ең бастысы қор үнемі жаңа басылымдармен, тың материалдармен толығып отырмақ.

Мұқағали мектебінде Абай залы бар

Жас ұрпақты Абай әлеміне сапар шектіретін игі шара хакімнің 175 жылдығын мерекелеу аясында ұйымдастырылған. Білім ордасының 3-қабаты түгелімен Абай мұрасына арналып, сөрелерде ұлы ойшылдың кітаптары қойылыпты. Мектеп ұжымы бұл залды жасақтауға жарты жыл уақыт кеткенін айтады. Әдеби залдың салтанатты ашылуы барысында ұлы ақынның әндері шырқалып, көпшілік назарына арнайы кітап көрмесі ұсынылды. Төменгі сынып оқушылары Абайдың қара сөздері мен өлеңдерін алмакезек жатқа оқыды.

– Абай – дәуірмен үндесе білген ғасыр ақыны. Әрбір буыны мен бунағы, тармағы мен шумағы өскелең ұрпақтың ой-санасынан көрініс таба білген, ойшыл, терең ақын. Әрине, қазақтың қазақтығын күллі әлемге танытатын кім десе, Абай дер едік. Ендеше бүгінгі өсіп келе жатқан жас буын Абайдың әрбір өлең жолдарынан үлгі, ғибрат алып, болашақта үлкен азамат болып, қазақ қоғамына еңбек етемін десе, Абайдың мұрасын білуі керек, зерделеуі керек. Мектебіміздің төрінен орын алған орталықта  әйгілі жазушылармен және ақындармен кездесулер өтіп, тақырыптық байқаулар мен экскурсиялар, бейнелеу өнері көрмелері ұйымдастырылатын болады, – дейді М. Мақатаев атындағы № 140 мектеп-гимназиясының тарих және құқықтану пәнінің мұғалімі Дәурен Сағынғалиев.

 

 

АЛМАТЫ