Аймақтар • 05 Наурыз, 2020

Теннис: Қазақстан мен Нидерланд құрамалары күш сынасады

118 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жұма және сенбі күндері Нұр-Сұлтанда теннистен Дэвис кубогының іріктеу сайысында Қазақстан мен Нидерланд құрамалары күш сынасады. Осы шешуші сында жерлестерімізге қарсылас атанып отырған команда жайында біз не білеміз?

Теннис: Қазақстан мен Нидерланд құрамалары күш сынасады

Қызғалдақтар елінің өкілдері Дэвис кубогында өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бері бақ сынап келеді. Сол аралықта олар 166 кездесу өткізді. 74 рет жеңіске жетіп, 92 бәсекеде қарсыластарына есе жіберді. Ең үздік нәтижеге 2001 жылы қол жеткізді. Айтулы жарыстың бастапқы бәсекелерінде нидерландықтар Испания мен Германияны қапы қалдырды. Бұл сайыстардың екеуінде де 4:1 есебі тіркелді. Бірақ жартылай финалда аса мықты Франция құрамасына есе жіберді. Есеп – 2:3.  

Былтырғы жылдың қараша айында Испанияның бас шаһары – Мадридте өткен Дэвис кубогының финалдық кезеңінде Қазақстан мен Нидерланд құрамалары бір топқа түскен еді. Қос команда арасындағы тартыс 2:1 есебімен отандастарымыздың пайдасынан шешілді. Жекелеген сайыстарға тоқталатын болсақ, Михаил Кукушкин Ботик ван де Зандшульпті ұтса, Александр Бублик Робин Хаасеге есе жіберді. Ал жұптық бәсекеде біздің жігіттер қарсыластардың уысынан жеңістің жұлып әкетті. Алайда айтулы команданың екеуі де шешуші тұста Ұлыбританияға жол беріп, ширек финалға шыға алмады. 

Нұр-Сұлтандағы додада Нидерландтың туы астына Робин Хаасе, Ботик ван де Зандшульп, Таллон Грикспур, Жан-Жульен Ройер және Уэслей Кулхоф сынды ойыншылар өнер көрсетеді. Бүгінгі таңда бұл елдің бірде-бір өкілі «ТОП-150» теннисшісі қатарында жоқ. Бұл жағдай айтулы команданың аса азулы емес екенін аңғартып тұрғандай.

Қазіргі кезде Нидерланд құрамасы сапындағы ойыншылар арасында ең үздік нәтиже Робин Хаасеге тиесілі. АТР рейтингінде 162 орында тұрған 32 жастағы Гааге қаласының тумасы кезінде 32 сатыға (2012 жылы) дейін жоғарлаған. Ол «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлердің алғашқы екі-үш айналымынан аса алмағанымен, жұптық сайыста Аустралияның ашық біріншілігінің финалына (2013) дейін жетті. 

Қызғалдақтар елінің екінші ракеткасы, 24 жастағы Ботик ван де Зандшульп үздіктер тізімінде 171 орынға жайғасса, 23 жастағы Таллон Грикспур 199 сатыға табан тіреді. Ал Жан-Жульен Ройер мен Уэслей Кулхофтың жекелеген рейтингтері төмен болғанымен, олар жұптық сайыстың хас шеберлері екенін жанкүйерлер жақсы біледі. Мәселен, Ройер Уимблдон (2015) пен АҚШ-тың ашық біріншілігінде (2017) жеңімпаз атанып, Ролан Гарроспен Аустралияның ашық біріншілігінде екі рет жартылай финалда өнер көрсетті. Сонымен қатар, ол АТР турнирлерінде 29 мәрте топ жарды. Ал Кулхоф болса, дүбірлі додаларда бес рет дара шықты.

Міне, Нұр-Сұлтанда жерлестеріміз осы командамен күш сынасады. Бұл матчта Қазақстан құрамасы сапында Александр Бублик, Михаил Кукушкин, Андрей Голубев, Дмитрий Попко және Александр Недовесов өнер көрсетеді. Осы мемлекет арасындағы тартыста жеңіске жеткен команда Дэвис кубогының финалдық турниріне жолдама алады.