Аймақтар • 05 Наурыз, 2020

Оралдық ғалымдар жаңа әліппе нұсқасын талқылады

606 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде тілші ғалымдар мен мектеп мұғалімдерінің қатысуымен латын графикасындағы жаңа қазақ әліпбиін талқылаған жиын өтті.

Оралдық ғалымдар жаңа әліппе нұсқасын талқылады

- Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың әліпбиді жетілдіру жұмыстарын қорытындылау сатысындағы жұмыстарды ұйымдастыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес еліміздің барлық өңірінде таңбаларды талқылау жиындары өтіп жатыр. Осындай жиын 14 ақпан күні де өткен болатын. Сол кезде жергілікті ғалымдардан түскен ескертулерді хаттап, жіберген болатынбыз. Бүгін әліпбидің өңделген жаңа нұсқасы оралдық мамандардың назарына тағы да ұсынылды, - дейді Батыс Қазақстан облыстық тілдердідамыту басқармасының бөлім меңгерушісі Света Ғаниева.

Жиынды басқарма басшысы Айгүл Мыңбаева жүргізіп отырды. Талқылауға қатысқан филология ғылымдарының докторлары Мұрат Сабыр, Ғабит Хасанов, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Батыс Қазақстан облыстық филиалының жетекшісі Болат Жексенғалиев, филология ғылымдарының кандидаты Арон Құспанов, Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті филология кафедрасының меңгерушісі Әскен Мұхамбетқалиев және басқалары қатысты. Талқылау шынайы өтіп, ғалымдар ана тіліміздің болашағы үшін болашақ әліппені барынша жетілдірудің қажеттігін айтты.

- Ғалымдар арасында болашақ қабылданар жаңа әліппені «Ұлттық әліппе» болуы қажет деушілер басым. Шынымен де болашақ жаңа әліппе – қазақ тілін өзге тілдердің ықпалынан қорғай алатын әліппе болуы тиіс. Бұл жағынан бізде жақсы тәжірибе бар: кроватты – кереует, самоварды – самаурын қылып алдық. Яғни тіл өзін-өзі қорғайды, тек соған мүмкіндік берсек болды, - дейді оралдық танымал тілші маман Болат Жексенғалиев.

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының маманы А.Фазылжан дайындаған жаңа нұсқаны талқылаған оралдық ғалымдар жаңа әліппеден «ч» әрпінің алынып тасталғанын қолдады. Сонымен бірге олардың пікірінше, қазақтың төл сөздерінде кездеспейтін «в», «ф», «х» әріптерінің де керегі жоқ.

- Қарапайым орыс адамы үшін «капкан» сөзінің түбі түркі екендігінің қажеті жоқ, орыс тілінде сол тілдің заңдылығына бағынып, сол тілге қызмет етеді. Сол сияқты біз вагонды, фабриканы қазақша айтсақ, оның қайдан келгеніне бас ауыртып қажеті қанша? ХХ ғасырдың басында Халел Досмұхамедұлы «жат сөздер топан судай қаптап келе жатыр» деп айтқан еді. Егер біз «ф», «х», «в» секілді жат әріптерді қалдырсақ, олар өзімен бірге мыңдаған жат сөздерді алып келеді. Сөйтіп тілдің қауқары кеми береді. Қазірдің өзінде біздің қазақ тілі – жаралы тіл. Қазір біз бұрынғы шешен ата-бабамыздың дәстүрінен жаңылып қалдық. Орыстың акцентімен сөйлейміз. Сондықтан тілімізді таза сақтау үшін осы реформа кезінде біржола тазарып алуымыз керек. Бұл болашақ үшін керек. Әйтпесе, бізде орыс әріптерінің кесірінен орыс тілінің емлесі тағы да қатар жүретін болады, - дейді Болат Жексенғалиев. Әріптесінің бұл пікірін ғылым докторлары Ғабит Хасанов та, Мұрат Сабыр да толық қолдап отыр.

Оралдық ғалымдар жаңа әліпби туралы өз ойлары мен ұсыныстарын қағазға түсіріп, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына жібермек.

 

Батыс Қазақстан