Руханият • 07 Наурыз, 2020

Асқар Сүлейменовтің анасы – Айтоты ана

1452 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ халқының тарихындағы тар жол, тайғақ кешулі күрделі кезеңдерді, тағдыршешті сәттерді – ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, колхоздастыру, кәмпеске, соғыс, тың игеру жылдарындағы ана тарихы, аналардың көз жасымен жазылған тарихты ақындардың аналарына арнаған жырларымен, сол аналардың тағдыры арқылы ашып көрсеткіміз келеді. Ана құшағы, Ана шешімі, Ана құрбандығы. Бізді бүгінгі күнге жеткізген де сол аналар. Қазақ поэзиясындағы ана жайлы ең үздік жырларды, сол жырларға кейіпкер болған аналар тағдырын қабыл алыңыздар. Солардың бірі Асқар Сүлейменовтің анасы – Айтоты ана.

Асқар Сүлейменовтің анасы – Айтоты ана

Аттай жиырма сегіз жыл бұрын Асқар Сүлейменов өмірден озған еді. Сонда баласын жоқтап дауыс салған Айтотының зарлы үні қырық күн бойы әудем жердегі аялдамаға жетіпті дейді. Айтотының зарлы үнін естімесең де мына жолдарды оқып, жүрегің шым етеді. Әсілі дүниедегі ең ұлы, ең пәк махаббат ананың перзентіне деген махаббаты болса керек. Тіпті баланың шешені жақсы көруі де алып ана махаббатының жанында қауқарсыздай.

Ана мен перзентке тән сыйластықтың, еркеліктің жақсы бір үлгісі болған Асқар мен Айтотының әңгімесін жұрт әлі күнге аңыз қылып айтады. Әбіш Кекілбайдың «1960 жылдары әдебиет әлеміне келген қазақ жазушыларының анасы, ел анасы еді» деуі де тегін емес. Асқардың анасы Қымбат-Айтоты Сүлеймен соғысқа кетіп, 23 жасында жесір қалады. Бала кезінде Түркістанда, Бабайқорғанда тұрған. Онда өзбектер көп. Олар апасын «Айтоты» дейді. Асқар да шешесін осылай атапты.

Сұмдық білімді болған Асқардай ұл тапқан Қымбат-Айтоты да қызыл тілдің қызығын көріп өткен. Асқар мен Әбіш Кекілбаев бір-бірін ерте танып, тел өсіпті. Екеуі де Алматыға шешелерін сүйреп келген екен. Өзіміз ғана араласып-құраласып қоймай аналарымыз да сырлас-мұңдас болсын деген ниетпен Асекең мен Әбекең екі кемпірді үстел басына қатар отырғызады. Ас желініп жатыр. Әбіш пен Асқар әрнені әңгіме қылып қояды, ал екі кейуана үнсіз. Бұл тыныштыққа төзе алмаған Асекең: «Сөйлесіңкіреп отырсаңдаршы», – дейді шешелеріне қарап. Сол кезде сөз тілеп отырған Айтоты Әбіштің анасы Айсәуле құрбысына тіктеп қарап алып: «Сен өзі байға тиіп пе едің?» деп бастапты әңгімесін. Ананың қатар-құрбысымен қалжыңдасуы.

Жанарын аққан жұлдыздардың жарығы жуған жүйріктей алдына қара салмай өткен Асқар Сүлейменов «кектің көзі» – Махамбет пен Абайдың һәм алыптар шоғырының кеңістігіне көтеріліп кеткенін бүгінгі қазақ қапысыз ұғып келеді. Ал Асқардың Айтотысы ұқты ма екен... Бәлки алғаш жүрегінің астында тағы бір жүректің үздіге соғып тұрғанын білген шақта-ақ сезген шығар.

 

Ерлан ЖҮНІС,

Мирас АСАН,

Маржан ӘБІШ,

«Egemen Qazaqstan»