Тарқатып айтар болсақ, әкімшілік хаттаманы жазу барысында тәртіп сақшылары әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңның баптарын жазғанымен, ішкі тармақтарын көбіне ашып жаза бермеген. Осылайша заң тармақтарынан шатасып немесе адамдардың аты-жөнін дұрыс көрсетпеген. Тіпті учаскелік инспектор да, жол-патрульдік полиция қызметкері де электронды хаттамада өз аты-жөнін зорға жазатын көрінеді. Әбдімүтәліп Елікбайұлының сөзіне сүйенсек, бұл олқылық құқық бұзушылықты заң тұрғысынан дұрыс бағамдауға кері әсерін тигізіп, салдарынан сот барысында әкімшілік істі қайта саралауға мәжбүр етуде.
Жуырда тіпті электронды планшетті дұрыс пайдалана алмаған шымкенттік полицейлер оңай олжаға кенелудің жолын іздеп қызметтік құралдарын ломбардқа өткізіп жіберген. Бұл құқық бұзушылық туралы мәлімет Шымкент қалалық ішкі қауіпсіздік дирекциясының экс-капитанына қатысты сот процесі кезінде белгілі болды.
Бір қызығы, қызметтік гаджеттердің жоғалғаны анықталып, тергеу жүргізілгенімен ешкім жұмыстан шығарылмаған. Қылмыстық іс қозғалып, кейіннен «қылмыстық құқық бұзушылықтың анықталмағаны үшін» жабылған.
Бірақ полиция бөлімі ломбардқа әрқайсысы 185 мың теңге тұратын алты планшеттің өткізілгенін растап отыр. Сонда «бұл планшеттер ломбардқа өздігінен барған ба?» деген күлкілі сұрақ туындайды…
Шымкент қалалық ІІБ жеке қауіпсіздік бөлімінің қызметкері Ф.Шәріпбайұлына қатысты сот процесі кезінде ломбардқа өткізілген гаджеттердің жайы ақыры ашылған. Айыпталушы парамен ұсталған кезде ондаған планшеттің жоғалып кетуіне қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын айтқан.
Естеріңізге салар болсақ, Ф.Шәріпбайұлы үлкен көлемде пара алғаны үшін ұсталған болатын.
Жалпы, Шымкент қалалық ПБ қызметтік пайдалану үшін 259 млн 370 мың теңгеге барлығы 1402 планшет сатып алған. Ал ломбардқа өткізуді ұйғарған патрульдік полиция полкіне қызметтік қолданысқа 680 планшет берілген.
Бүгінде шымкенттік полиция қызметкерлерінің жұмысына сын айтушылардың қатары көбейіп келеді. Бұған бірінші кезекте сала мамандарының жұмысқа немқұрайдылығы әсер етсе керек. Осыдан біраз бұрын «Самал» шағын ауданы тұрғынының үйінде ұрлық фактісі орын алған. Полицияға хабарласқан жәбірленушіге: «Арыз жазғанмен, бәрібір, жоғалған заттарыңыз табылмайды», деп қысқа қайырыпты.
Осылайша, полиция қызметкерлері қоғам тәртібін сақтау, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты міндеті екендігін естен шығарып алып жатқандай...
ШЫМКЕНТ