Экономика • 10 Наурыз, 2020

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – аса маңызды стратегиялық міндет

29 реткөрсетілді

Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева былтырғы желтоқсан айы­нан бері ел экономикасының әр саласына қатысты кездесулер өткізген болатын. Атап айтқанда, жоғарғы Палатада Сенат Төрағасының бастамасы­мен елі­міздегі 60-тан астам аграрлық қоғамдық ұйымдар мен одақтардың, ауыл шаруа­шылығы тауар өндірушілерінің өкілдерімен, осы салаға қатысы бар мем­­­лекеттік органдар мен ведомство басшылары қатысқан 12 арнайы кездесу бол­ды. Бұл жүздесулерде сала бойынша қордаланған мәселелерге қатысты 200-ге жуық ұсыныс айтылып, оның барлығы түрлі мемлекеттік, қаржылық ор­­гандар мен ведомстволар, қоғамдық бірлестіктер, эксперттер арқылы сараптамадан өтіп, 170-тен астамы парламенттік тыңдаулардың ұсынымдар жо­ба­сына енгізілді.

Осы ұсыныстардың негізінде және Пар­ламенттік тыңдау нәтижелері бойынша ауқымды құжат даярланып Үкіметке жол­данатын болады. Бірқатар ұсыныс ауыл шаруашылығы саласына, оның қа­зір­гі жай-күйі мен дамытудың жаңа мүм­кін­діктеріне арналды.

Елбасы өз Жолдауында «Ауыл шаруа­шылығы – ел экономикасының драй­ве­рі» деп атаған болатын. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – маңызды стра­тегиялық міндеттердің бірі, әрі елі­міздің Еуразиялық экономикалық одақ пен Дүниежүзілік сауда ұйымына кір­уі жағдайында ерекше өзекті. Мем­ле­кет басшысының Жолдауында ауыл шаруа­шы­­лы­ғының әлеуеті толық пайда­ла­ныл­­­май отырғаны атап өтіліп, нақты нәти­­­желерге жету міндеттелді. Бұл үшін агро­­­өнеркәсіп кешенін тиімді мем­лекет­тік реттеу тетіктерінің рөлі өте ма­ңыз­ды. Мемлекеттен бөлінетін қомақ­ты қара­жат­қа қарамастан, бұл сала рента­бель­ділігі төмен секторлардың қата­рын­да. Сараптамалық бағалау бойынша, басты проблема – мемлекеттік реттеудің жетіл­мегенінде болып отыр.

Тәуелсіздік жылдарында агро­өнер­кә­сіп кешені мен ауылдық аумақ­тар­ды да­мытуға бағытталған тоғыз бағ­дар­ла­ма­лық құжат қабылданды. Алайда олар сала­дағы жағдайдың түбегейлі өзгеруіне ық­пал ете алмады. Аграрлық сектордағы өнім­дердің 80 пайызға жуығы шикізат тү­рін­де сатылады, бірқатар өнімнің им­портқа тәуелділігі жоғары. Дайын та­ғам­дық өнімдер негізінен шеттен әке­лі­­неді, ал басты экспорттық тауарымыз астық дақылдары – жалпы экспорт көле­мі­нің 42 пайызын құрайды. Мемлекеттік рет­теу­дің жүйесіздігі, субси­диялау Ере­же­­­лерінің жиі өзгеруі сала­ның дамуына кері әсерін тигізуде. Осыған байланыс­ты, мем­лекеттік қолдау шарт­тарын инвес­ти­ция­лық жобалардың аяқ­талуына дейін сақ­тау нормаларын заң­ды түрде бекіту ұсы­нылуда. Бұл ұсы­ныс назар аударуға ла­йықты деп санаймыз.

Бұл тұрғыда бірқатар маңызды мәселе­лер­­­ді атап өткіміз келеді. Атап айт­қанда несие қаражаттарының жеткіліксіздігі мен қол­жетімді болмауы. Бұған себеп – ауыл шаруашылығы тауарларын өнді­ру­шілерде активтердің, жердің кепіл­дік құны­ның төмендігі және өтімді кепіл­дер­дің болмауы. Субсидияландыру жүйесінің тиім­ділігі мәселесі де жетілдіруді қажет етеді. Бұл ретте ауыл шаруашылығы тауар­­­ларын өндірушілерін барынша қол­­дай отырып, негізінен субсидиялаудан арзан және ұзақ мерзімді кредиттеуге біртіндеп көшу мәселесін, келесі қа­был­да­на­тын мемлекеттік бағдарламада терең қарастырудың қажеттігі туындауда. Бұл елеулі өзгерістерге әкелу мүмкін­дігі қа­уым­дастықтар мен одақтар өкіл­дері тараптарымен кездесулерде де ұсы­нылды.

Саланың инфрақұрылымын қар­жы­­­­­ландыру деңгейінің төмендігі; ауыл шаруа­шылығы мен өнеркәсіп өнім­де­рі­нің, қызметтердің, шикізат пен азық-түлік бағаларының теңсіздігі; ауыл тұрғын­да­ры­ның өз кәсібін ұйымдастыруы үшін қара­жат пен білімнің жеткіліксіздігі де сала­ның қарқынды дамуына бөгет болып отыр.

Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың маңызды тетігі – қаржыландыру мәселе­сін­де ҚазАгроның өзіндік орны бар. Мәселен, өткен жылы холдингтің саланы қаржыландыру көлемі 19 пайыздық өсім­­мен 477 млрд теңгені құраған. Ал банктердің үлесі 3,7 пайыз ғана. Өкі­нішке қарай, холдингтің қыруар қарыз жүктемесі бар, сондықтан бұл мәсе­ле, мамандардың айтуынша, несие мөлшер­лемелерін төмендетуге мүмкіндік бер­меуде. ҚазАгроның қарыздарын қар­жы­лық сауықтыру үшін Үкімет тарапынан жан-жақты негізделген жұмыс қажет деп есептейміз. Сонымен қатар дамы­ған елдер тәжірибесін және фермерлер ұсыныстарын ескере отырып, банктердің ауыл шаруашылығын бел­сен­ді қаржыландыру жайына назар ауда­ру керек. Қаржы институттарын­да уа­қы­тында кепілдікке қойылған қан­шама ауыл шаруашылығы жерлері тұр. Оның айна­лымнан шығып, игерусіз жат­қан­да­ры қаншама?

Жер – ауыл шаруашылығының базисі ғана емес, негізгі өндіріс құралы. Сон­дық­тан оның құқықтық статусын (мәртебесін) анықтаудың мәні зор. Менің ойымша, ауылшаруашылық жерлерін мемлекет меншігінде қалдыра отырып, ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығын енгізу оң шешім болар еді. Бұл жер пай­далану құқығының кепілдік мәні мен кепілдік бағасын көтеріп, өнім өнді­рушілер мен қаржы институттары ара­сын­дағы қаржылық қатынастардың тиім­ді­лігін арттырар еді.

Сенатта өткен кездесулерде көтерілген басты мәселенің бірі – пайдаланылмай жатқан жерлер туралы ақпараттардың қолжетімсіздігі. Осы орайда, қазіргі заманауи технологияларды, мәселен, жерді қашықтықтан зондтау, ғарыш түсірілімін қолдану жерді пайдалануды бақылаудың тиімділігін арттыратыны сөзсіз.

Бүгінгі қолданыстағы заңнамалық базаның олқылығы – тұрақсыздығында деп білеміз. Мысалы, Жер кодексіне 99 заң­намалық өзгерістер енгізіліп, 260-тан аса заң түрлі толықтыруға ұшы­ра­­ған. Талдау көрсеткендей, әлі де өзек­ті­лігі тұрғысынан ескірген нормалар  баршылық. Бұл инвестициялық ахуал­ға теріс ықпалын тигізуде. Аталған мәсе­ле­де Ұлттық экономика және Әділет минис­трл­ік­тері тарапынан нақты бақылау мен үйлестіруді күшейту қажет. Нақты заңнамалық регламенттеудің болмауы қаржыландыру құралдарының жет­кіліксіздігі мен қолжетімділігінің тө­мендігіне әкеп соғуда. Бір мысал, шал­ғай ауылдар қаржы институттарының бөлім­шелерімен қамтылмаған, фермерлерге кепілді қамтамасыз ету өте қиын. Сон­дық­тан да, болашақ өнімді кепілге қоюға мүмкіндік беретін жаңа қаржы құралы – аграрлық қолхатты енгізу мақсатында жеке заңның қабылдануы өте маңызды.

Бүгінде жеке қосалқы шаруа­шы­лық­тардың мәртебесіне арналған нор­ма­тивтік-құқықтық база құру, коопера­тив­терге жағдай жасау ауадай қажет. Бұл ең алдымен, өнімдерді делдалсыз өткізуге жол ашады. Қазіргі уақытта өнді­рілген өнімді дайындау, бастапқы өңдеу, өңдеуші кәсіпорындарға жеткі­зу­дің жүйесі жоқ. Сонымен қатар сер­вис­тік қызметтер – агрохимия, ветеринария, фитосанитария, мелиорация және басқаларының деңгейлерінің тым төмендігі – саланың өсуін тежеуші фак­тор­лардың бірі. Бұл проблемалардың оң шешім табуы – табыс деңгейіне, азық-түлік бағасын тұрақтандыруға ықпал ете­рі сөзсіз.

Әрине, жеке және мал шаруа­шылық­та­ры туралы айта отырып, ветеринария саласы туралы айтпау мүмкін емес. Мал шаруа­шылығындағы мақ­сат­ты инди­ка­торларға қол жеткізу ветери­нар­лық ахуалға тікелей байланысты. Саладағы біраз мәселе агроөнеркәсіп кешенін реттеу жө­ніндегі заңда қаралды. Дегенмен шаруашылықтарда мамандар жетіспеуде, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен кейінгі 3 жылда тек 254 мал дәрігері жұмысқа орналасты, жыл сайын 3,5 мың маман дайындалса, оның 20 пайызы ғана ер балалар.

Аса қауіпті ауруларға қарсы препараттар тек соңғы 3 жылда 12 млрд теңгеге шет елдерден сатып алынған. Бұл мәселені шешу үшін мемлекеттік биокомбинаттың болуының стратегиялық маңызы зор. Эпизоотиялық ахуал, мемлекеттік сатып алу, азық-түлік және биологиялық қауіпсіздікті реттеу бойынша ұсыныстар Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан назарға алынып, қарастырылуы тиіс.

Су ресурстарын тиімді пайдалану, заңнаманы одан әрі жетілдіру мәселелері соңғы уақытта екі рет Парламенттік тың­дауда қаралды. Бұл салада басқару, есепке алу, бақылау, жоспарлау мен үйлестіру мәселелері әлі де өзекті. Гидро­тех­никалық құрылыс объектілері туралы нақты ақпарат жоқ. Сондықтан су қоры мен су шаруашылық жүйелерінің әлсіздігін және мамандардың пікірлерін ескер­сек, қолданыстағы тарифтік саясат­тың тиімсіздігі; апаттық нысандарды жөндеу, аса маңызды стратегиялық нысандарды инженерлік-техникалық ны­ғай­туды қаржыландырудың нашарлығы; объектілерді басқару мен пайдалануда заманауи жүйелерді, автоматтандыруды енгізу; білікті кадрлардың тапшылығы – ше­шімін табуды талап ететін проблемалар. Сондай-ақ трансшекаралық өзендерді пайдалану шеңберінде тиімді іс-қимыл жүргізудің маңызы зор.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында біз үлкен өндірістік және экспорттық резервтерге иеміз. 2019 жылы экспорт 3,3 млрд долларға жетіп, (2018 жылмен салыстырғанда 5,9%-ға артқан), импорт көлемі 3,9 млрд долларды құраған (өсім 7%). Дегенмен, Қазақстан әлі де импортқа тәуелді, экспортымыз ши­кі­затқа бағынышты. Бүгінде ішкі тұтынудағы импорттың үлесі құс еті бо­йын­ша 49 пайызға, алма 31, ірімшік пен сүзбе 46, шұжық 39, қант 57, балық 72 пайызды құрады. Өңделген өнім экспорты аса өзекті мәселе.

Ет өңдеу кәсіпорындары шикізат және айналым қаражатына байланысты 45 пайыз қуатында жұмыс істеп келеді. Оны шешу туралы көптеген ұсыныс айтылғанмен, былтыр шетелге тірідей сатылған 156 мың бас ірі қара, 246 мың бас қой жүйелі жұмыстың жоқтығына дәлел.

Ұн өндірісінің күрт төмендеуі мен экспортының 32 пайызға азаюы, дәстүрлі импорттаушы елдерде қайта өңдеудің дамуы, терең өңдеу өнімдерін (глютен, крахмал, биоэтанол, т.б.) дамыту мен жаңа нарық іздеуге көңіл бөлуді қажет етеді. Бұл проблемалар шешілуі үшін жауапты министрліктердің үйлестірілген іс-қимылы қажет.

Қыруар қаржылай қолдауға қара­мас­тан, сүттің шикізат секторы өңдеу қажет­тілігін қамти алмауда. Деректерге сүйен­сек, соңғы 7 жылда 70 тауарлы сүт фермасы іске қосылған, алайда жыл сайын 52 мың тоннадан аса сүт қышқылды өнімдер мен өңделген сүт, 49 мың тонна ірімшік, сүзбе және құрғақ сүт импорт­тал­ады. Сонымен қатар ұлттық тағамдық азықтар, бақша дақылдары, жеміс, көкө­ніс­тер өңдеудің озық технологиялары керек.

Жалпы, бүкіл өңдеу саласының өткір мәселесі – өңдеуші кәсіпорындарды сапалы шикізатпен қамтуға басты назар аударылуы қажет.

Ауылдық елді мекендерді дамытудың түйінді мәселелерінің бірі – ақпараттық қамтамасыз етуді жаңа деңгейге шығару. Ауыл еңбеккерлері озық технологиялар, мемлекеттік қолдау шаралары, заңнамалық базадағы өзгерістер, нарық маркетингі туралы хабардар етілуі тиіс. Сондықтан аграрлық ғылым мен озық тәжірибені, еңбек адамының бейнесін наси­­хаттайтын көрсетілімдердің ма­ңы­з­ы өте зор. Осы орайда, арнайы ма­ман­­­дандырылған «Аграрлық телеарна» ашу қажет деп санаймыз. Бұл телеарна еліміздің агроөнеркәсіп саласын да­мы­ту­ға, ауыл шаруашылығын ел эко­но­мика­сы­ның драйверіне айнал­ды­ру­ға ықпал етер еді.

Сенатта өткен парламенттік тыңдау ба­ры­сында Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева ауыл шаруа­шы­­лығы туралы өз ойларын ортаға сала келіп, еліміздің агроөнеркәсіп кешені ұлттық экономиканың драйвері болу үшін барлық алғышарт бар екенін атап өтті. Ол сондай-ақ: «Қазақстанда климаттық аймақтардың әртүрлілігі алуан түрлі дақылдарды өсіруге мүмкіндік береді. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болу 200 млн адамдық нарыққа шығуға және егістік, әсіресе жайылымдық жерлердің әлеуетіне қолжетімділікті ұсы­на­ды, бұл біздің елімізде 188 млн гектарды құрайды – әлем бойынша 5-орын аламыз, бұл ауылшаруашылық өндірісінің өсуіне ерекше мүмкіндіктер ашады», деді.

Дариға Назарбаева Қазақстанның аграр­­­лық саясатының басты міндеті, ел тұр­­­ғындарының 80-90 пайызын азық-түлікпен қамтамасыз ету екенін атап өтті. Бұл ішкі нарықты қорғауды, шығын­дар­ды азай­туды және саланың табысын арттыруды, жаңа технологияларға көшу­ді, барлық заманауи талаптар мен стан­дарт­тарға сәйкес келетін сапалы өнімдер шы­ғаруды білдіреді.

Сенатта өткен парламенттік тыңдау­лар­дың барысында мүдделі пікірталас өріс­теді, аграрлық саланың жай-күйі жан-жақты сараланып, талқыға салынды. Кем­ші­ліктер атап көрсетіліп, оны жою жол­дары нақтыланды. Алдағы жұмыс көлемі мен бағыт-бағдар нақты белгіленді. Бұл өз кезегінде отандық ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және осы саланы заңнамалық тұрғыдан тиянақты қамтамасыз етуге септігін тигізеді деп ойлаймыз.

 

Дүйсенғазы МУСИН,

Парламент Сенатының депутаты

 

Соңғы жаңалықтар

iPhone 12 Pro рендері шықты

Технология • Кеше

Ұқсас жаңалықтар