Ұстаз болу міндетті түрде шәкіртті оқыту емес. Талантты тап басып тану, қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да қамқорлық көрсету де ұстаздықтың белгісі болса керек. Асылхан Шүңіреков дегенде, көз алдымызға сырбаз, салиқалы, домбыраны жанына серік еткен сал-серінің кейпі елестейді. Өзі туралы көп айта бермейтін, жарнамаға жоқ азаматтың талантты тұңғыш таныған тұлға екені шын. Мұны бәрі айтып та жүр. Шын талант өзі-ақ жарып шығады, бірақ жанашырлықтың, ағалық ілтипаттың, әрі-беріден соң бала болса да оның талантына деген құрметтің өзі адамдық пен адалдықтың көрінісі.
Әрине, Мейрамбектің атын қалыптастыруда, халыққа танытуда Алтынбек Қоразбаевтың еңбегі ерекше. Бірақ одан бұрын Асылхан Шүңірековтің де ағалық қамқорлығын айтпай кетуге болмайды. «1978 жылы ауылдан келіп, Жамбыл қаласындағы кәсіптік-техникалық училищеге оқуға түстім. 1979 жылы бір азаматтар арқылы Мейрамбектің әкесі Әбіләшім ағамызбен танысып, араласа бастадым. Әлі есімде, Жамбыл қаласындағы Ыбырайым Сүлейменов көшесіндегі 144-үйде тұратын. Әкесі Әбіләшім де, анасы Жібек те өнерге жақын жандар екен. Мейрамбек ол кезде кішкентай бала. Сол кезде ылғи өнерге жақын жандар осы үйде бас қосып, отырыс жасайтынбыз. 28 ақпан менің, ал 1 наурыз Әбіләшім ағаның туған күні. Бұл да біз үшін мереке. Кейіннен Мейрамбек домбыра үйреніп жүрді. Бала күнінен Аяз Бетбаевтың термелерін, Бәкір Тәжібаевтың «Туған жер» әнін айтқанын көрдім. Бір күні Жамбыл қаласында үлкен айтыс ұйымдастырылды. Қазылар құрамында ақын Жақсылық Сәтібеков бастаған ылғи мықтылар екен. Осы кезде таланты енді ашылып келе жатқан Мейрамбекті сахнаға шығарып, халыққа таныстыру керек болды. Есебін тауып, сахнаға шығардық. Сонда Аяз ақынның термелерін қара домбырамен нақышына келтіре шырқаған Мейрамбекке деген көптің ықыласы ерекше болды. Халық қол шапалақтап тұрып алды. Осы кезде айтыскер ақын Серік Қалиев бала Мейрамбекті сахнадан көтеріп алып кетті», дейді Асылхан Шүңіреков.
Адам естелікпен тірлік кешеді. Өткен күннің бәрі естелік. Бүгінде қазақ ән өнерінің бір бәйтерегіне айналған Мейрамбек Беспаевты алғаш сахнаға шығарып, маңдайынан сипаған азаматтардың қамқорлығы елдің есінде, халықтың көз алдында. Ешкім өзінің талантын өзгеге бөліп бере алмайды, бірақ жақсылыққа септесу де саналы адамның ісі болса керек. Асылхан Шүңірековтің бала Мейрамбекті Мәскеуге ертіп барғанын, келген соң екеуі ауыл-ауылды аралап жүріп концерт қойғанын көп ел айтады. «Бір күні Жамбыл облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Пернебек Оспанов хабарласып, Мәскеуде қазақ өнерінің онкүндігі өтетіндігін айтты. Сол 1987 жылы Манарбек Ержановтың стилінде ән салатын ғажап әнші Алтынбек Оразбеков, мен, дәстүрлі әнші Қарлығаш Қожағазина және Мейрамбек Беспаев төртеуміз делегация болып Мәскеуге аттандық. Мейрамбек мектеп оқушысы болғандықтан анасы Жібек те ілесті. Мәскеу сахнасында Мейрамбек домбырамен «Туған жер» әнін айтқанда, көрермен таң қалды. Енді төртінші сыныпта оқитын бала ғой. Тіпті «Московская правда» газетіне Мейрамбек туралы «Қазақтың Робертино Лореттиі» деген сыңайдағы мақала да шықты. Бұл жерде біз Бибігүл Төлегенова, Әлібек Дінішев сияқты атақты өнер саңлақтарымен қатар жүрдік. Концерт біткен соң, кейіннен «А студио» тобын құрған танымал өнерпаз Байғали Серкебаев бәріміз елге бірге қайттық. Бала емес пе, Мейрамбек жолда Мәскеуден алған төсбелгісін жоғалтып алып, жылағанда Байғали оған өзінің төсбелгісін беріп, жұбатқан еді», дейді Асылхан Шүңіреков.
Мәскеуден келген бойда бәрі Мойынқұм ауданына барып, концерт қояды. Совхоздарды түгел аралап, халыққа өнер көрсетеді. Ал концерттен түскен қаражатты олар бүкілодақтық қайырымдылық қорына аударады. «Талант талантты таниды», деген бар. Ата-анасымен аралас-құралас болып жүріп, бала Мейрамбектің бойында жылт еткен ұшқынның барын байқаған Асылхан Шүңіреков оның алғаш сахнаға шығып, аз да болса халыққа танылуына жол ашыпты. Кейіннен Әулиеата жерінде еңбек етіп жүрген Алтынбек Қоразбаев Алматыға ауысып, бала Мейрамбекті біржола өзінің тәрбиесіне алады. Ән өнеріндегі қанатқақты орындауы Аяз Бетбаевтың, Бәкір Тәжібаевтың әндерінен басталған ол Алтынбек Қоразбаевтың «Бозторғай» әнін айтып, бірте-бірте халыққа танылды. Ән өнерінің Мейрамбегі, Мейрамбек Беспаев болып қалыптасты.
Жамбыл облысы