Аймақтар • 10 Наурыз, 2020

Көпбалалы отбасыларға көрсетілген көмек

593 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінде мемлекеттің көпбалалы отбасыларға көрсетіп отырған көмегі көп. Осы мақсатта Тараз қаласында жыл сайын тұрғындарға пәтерлер беріліп келеді.

Көпбалалы отбасыларға көрсетілген көмек

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында да Тараз қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған 80 пәтерлі жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді. Көптің игілігіне берілген тұрғын үй 15-шағын ауданда орналасқан. Мұнда тұрғын үймен көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, жетім балалар және басқа да әлеуметтік осал топтағы азаматтар қамтылды. Жаңа үйде үш бөлмелі 15 пәтер, екі бөлмелі 55 пәтер және бір бөлмелі 10 пәтер бар.

Көп жыл бойы кезекте тұрған тұрғындарға берілген пәтер кілттерін тапсыру салтанатына Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы қатысты.

«Тұрғындардың тұрғын үй мәселесін шешу үшін мемлекет түрлі бағдарламалар қабылдады. Өткен жылы Таразда екі мыңға жуық пәтер берілсе, бүгін де сол игі дәстүр өз жалғасын табуда. Бұл Халықаралық әйелдер күні қарсаңында біздің әйелдер мен көпбалалы аналар үшін ерекше сыйлық болып отыр. Баршаңызды жаңа қоныстарыңызбен құттықтаймын, мықты денсаулық, ұзақ өмір тілеймін», деді әкім.

Бұл – көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған үлкен қолдау. Көктемнің алғашқы күндерінде қоныс тойын тойлаған көпбалалы аналар көрсетіліп отырған көмек үшін алғыс айтты. «Біз 10 жыл бойы пәтер жалдап, ары-бері көшумен болдық. Енді көптен күткен екі бөлмелі пәтерге қол жеткізіп отырмыз. Қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бұл үшін мемлекетке алғыс айтамын», дейді Жансая Әбдірайымова. Сондай-ақ, қоныс тойын тойлап отырған алты баланың анасы Ғалия Шегеева да өзінің алғысын білдірді.

Әулиеата өңірінде бұл жарқын жоба ары қарай жалғаса береді. Тараз қаласы әкімдігінің мәліметінше, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында биыл 29 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Тағы 2025 жылға дейін жаңа тұрғын үй алқабында барлығы 181 көппәтерлі және 255 жеке тұрғын үй салу жоспарлануда. Ал, «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында өткен жылы облыс бойынша 323 пәтер берілген болатын. Сонымен қатар, «Қарасу» шағынауданында көпбалалы отбасыларға арналған 4 көпқабатты әлеуметтік жатақхана салынды. Енді «Арай» шағынауданында тағы сондай 4 жатақхананың құрылысы жүргізілуде. Қазіргі уақытта тұрғын үй кезегінде шамамен 19 мың адам тұрған болса, оның 2 мыңға жуығы көпбалалы отбасы. Алдағы уақыттарда кезекте тұрған тұрғындар да баспанамен қамтылатын болады.

 

Жамбыл облысы