Аймақтар • 11 Наурыз, 2020

Меркіде ілбіс бар

1911 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда Жамбыл облысының Меркі ауданындағы ерекше қорғалатын таулы аймақта «Қызыл кітапқа» енген, бүгінде қар барысы аталып жүрген ілбістің бейнетаспаға түсіп қалғаны туралы ақпарат көпшілікті таңдандырған болатын.

Меркіде ілбіс бар

Облыстық табиғи ресурс­тар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Меркі ормандар және жануарлар дүниесін қорғау» мекемесінің мәліметінше, Қырғыз Алатауы­ның жергілікті маңызы бар «Мер­кі» қаумалына кіретін жер­лерінде арнайы орнатылған фототұзаққа тұңғыш рет бір қар барысы түс­кен. Таулы аймақта аталған ме­кеме қызметкерлерінің жабайы аңдар мен жануарларды қорып-күзету жұмыстарының барысында фототұзаққа тағы үш бірдей қар барысы түсіпті. Сондай-ақ бүгінде қар барысымен қатар, арнайы құрылған фототұзаққа 23 бас арқардың түсірілгені де анық­талған.

Мекеме директоры Жасұзақ Ибраи­мовтің айтуынша, Бірік­кен ұлттар ұйымының бағдар­ламасы бойынша мекемеге арнайы фототұзақ берілген екен. Бұл құралды пайдаланудың нә­ти­жесінде қар барысының Мер­кі орман қоры жерлерінде бар екеніне көз жеткіздік. «Бұл дегеніміз – қар барысының Жамбыл облы­сының Меркі ауданы таула­рында бар екенін дәлелдейтін нақты дерек. Өңірде қар барысының пайда болуы табиғи орман қоры жер­лерінің жақсы сақталғанын көрсетеді. Сонымен қатар жүргі­зілген жұмыстардың нәтижесі де ол жерде қар барысы қорек­те­нетін жабайы аңдардың жеткі­лік­ті екенін анықтап отыр», дей­ді ол.

Мұндай табиғи байлықты қорғау міндет. Енді Біріккен ұлттар ұйымы бағдарламасының одан арғы жұмыс мақсаты – Меркі аймағында ерекше қорғалатын табиғи парк құру. Бұл ретте об­лыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу бас­қармасы басшысының орынбасары Айбар Әділбақов күн тәртібінде арнайы жоба дайындап, сол маңнан парк ашу мақсаты тұрғанын айтады. Яғни парк аумағында аңшылық жүргізуге және жеке шаруашылықпен ай­налысуға тыйым салынады. Ал­дағы уақытта парк құрылып жатса, бұл да табиғат байлығын сақтап қалуға септігін тигізер еді. Өткен жылдың өзінде заңсыз аң аулауға байланысты 12 хаттама толтырылған.

«Меркі ормандар және жа­нуарлар дүниесін қорғау» меке­месінің мәліметінше, аталған аумақта бүгінде 4 қар барысы, 120 арқар, 8 үнді жайрасы және 12 түр­кістан сілеусіні пайда бол­ған. Дегенмен, аңдардың қа­­уіп­сіздігі үшін бейнетаспаға түс­кен жерлердің нақты аумағы айтылмайды. Ал ақпан айында Алматы қаласынан зоология институтының мамандары өңірге арнайы келіп, қар барысының бейнетаспаға жазылған жерле­ріне зерттеу жұмыстарын жүр­гізген. Бейнетаспаларды қарау кезінде қар барысының және үнді жайрасының бейнелері рас­талған. Атқарылған жұмы­с­тардың нәтижесінде облыс аума­ғында қар барысының және өзге де «Қызыл кітапқа» енген аңдар мен жануарлардың бар екені анық­талып отыр.

 

Жамбыл облысы