Руханият • 11 Наурыз, 2020

Құстардың досы

580 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағында «Құстар – біздің досымыз» атты жастардың іс-шарасына қатысып, құстарға арналған ұя орнатты.

Құстардың досы

Бір қызығы, бұл бастаманың авторы  Орал қаласында тұратын Нұрай Темірғали есімді студент қыз екен. Екі жыл бұрын 17 жасқа толған туған күнін достарымен бірге тойлаудан бас тартып, оның орнына қалалық саябаққа 17 жемсауыт орнатқан оның ерекше қадамы туралы «Egemen Qazaqstan» газеті «Туған күні – торғайға сый» атты мақаламен хабарлаған болатын.

Биылғы еріктілер жылы Нұрай өзі айналысып жүрген сауапты іс жайлы сайтына жазып, пікірлестерін көктемгі жыл құстарына ұяшық жасауға шақырған екен. Оны қолдаушылардың қатарына өңір басшысы да қосылған.

– Құстар – табиғат санитары, біздің қанатты досымыз ғой. Бұлардың көп болуы ең алдымен тіршілікке тиімді. Орнитологтердің зерттеуінше, қыстап қалатын құстардың 80%-ы жем таба алмай қырылып қалатын көрінеді. Әсіресе біздің Оралда қыста құсқа азық тапшы болады. Ал ниеті болса, құстарға көмекті әр адам да бере алады. Бұл бастамаға облыс әкімінің өзі назар аударғанына қуаныштымын. Менің кішкентай ғана идеяма қолдау біл­діріп, арнайы келген Ғали Есқалиевқа және жастарға алғысымды жеткізгім келеді, – дейді Нұрай.

Осы игі іспен айналысып жүргеніне үш жылға таяған Нұрай құстар мен оның пайдасы туралы көп мәліметке қаныққан. Тіпті 1958 жылы Қытайда құстарды «ауыл шаруашылығының қас жауы» ретінде жойып жібергенде, 30 млн халықтың аш­тан қырылғаны сияқты түрлі деректі әлеу­меттік желіде жиі жарияланып тұрады. Айта кетейік, оралдық бойжеткеннің осы бастамасы 2019 жылдың соңында Алма­тыдан шыққан «Экософия немесе киелі табиғат» кітабына да енген болатын.

 

Батыс Қазақстан облысы