Саясат • 11 Наурыз, 2020

Коронавирус: Еуропа елдерінен қауіп көп

158 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстанның Бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин коронавирус Еуропа елдерінде тез тарап жатқанын айтып, сақтық шараларының күшейе түсетінін жеткізді.

Коронавирус: Еуропа елдерінен қауіп көп

Бұған дейін Қытай, Иран, Оңтүстік  Корея коронавирус бойынша қауіпті елдердің 1 «А» санатында болса, енді олардың қатарына Италия қосылды. Сондықтан да бұл елмен қарым-қатынас 8 наурыздан бастап шектелген. «Қытайда жағдай тұрақтанып келеді. Бұл елде аурудың таралуы 0,02 пайызға дейін төмендеді. Бірақ бізді Еуропа елдері қатты алаңдатып отыр. Мысалы, Италияда аурудың күнделікті өсуі 20 пайыздан асып, өлім-жітім бойынша бірінші орынға шықты. Сондықтан бұл елді біз ең қауіпті елдердің 1-санатының «Б» тобынан шығарып, «А» тобына кіргіздік. Бұдан бөлек Франция, Гер­мания, Испания елдерінде де ауру өр­шіп барады. Олар 1 «Б» тобына еніп отыр. Біздің Еуропамен қарым-қаты­на­сымыз тығыз. Сондықтан отандастары­мыз бұл елдерге сапарлауды әзірше жоспарламағаны жөн  және сонда тұ­ратын дос-жаран, таныстарын шақы­рудың қажеті жоқ», деді бас санитар.  

Ж.Бекшин 1-санат – «А» тобындағы елдерден келгендер екі апта ауруханада оқшаулауда, ал 1-санат – «Б» тобындағы мемлекеттен келгендер 14 күн үй карантинінде болатынын ескертті. Сондай-ақ ол 2-санаттағы елдердің қатарына Швейцария, Ұлыбритания, Нидерланд, ал 3-санатқа Бельгия, Швеция, Норвегия, Үндістан, Ирак, Филиппин, АҚШ кіретінін атап өтті. «1 «Б» және 2-санаттағы мемлекеттерден келгендер үй карантинінде болуы тиіс. Әрбір адам өзінің және маңайындағы туыс-туған, дос-жарандарының денсаулығын ойлауы керек. Кәсіпорын, ұйымдардың басшылары бүкіл ұжымды қорғау үшін 1-2 санаттағы елдерден келген қызметкерлерін жұмысқа жолатпауы керек. Бас санитарлық дәрігердің қаулысын қазақстандықтар ғана емес, елге келген өзге елдің азаматтары орындауы міндетті» деген Ж.Бекшин әрбір адам жеке гигиена ережелерін қатаң сақтауы тиіс екенін тағы бір рет ескертті.

Бас санитар қазіргі кезде 703 адамның ауруханада, 167 адамның үй карантинінде жатқанын, ал 2-санат бо­йынша медициналық бақылауда 3019 адамның бар екенін жеткізді. «Жағдай әр 2-3 күн сайын өзгеруде. Денсаулық сақтау министрлігі 6 қаңтардан бастап тәулік бойғы жұмыс тәртібіне көшті. Бұл бізге күн сайынғы жағдайға мониторинг жасап, бақылауды күшейту бойынша жедел шара қабылдау үшін керек», деген Ж.Бекшин елімізде  коронавирус тіркелген жағдайда бірден арнайы шаралар қолға алынатынын айтты.

«Барлық тиісті шараны іске асырып жатырмыз. «Шеңбер» аясы тарылып бара жатыр. Басында Қытай елі ғана еді. Қазір Иран, Оңтүстік Кореяға жетіп, артынша Еуропа елдерін шарпыды. Инфекция тіркелген елдердің ортасында қалдық. Әлбетте бізге вирус кірмейді деп кепілдік бере алмаймыз. Вирус – қамап тастайтын «мал» емес. Адам мен жануар арқылы жұға береді. Күн сәулесі оны жеңе ме, жоқ па деген де сұрақ қойылып жатыр. Күн жарқырап тұрған Иранды қараңыз. Біздің міндет – жұмыла кірісіп, сақтық шараларын күшейте беру», деді ол.