Мысалы, Маңғыстауда «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 240 жұмыс орнымен 1 млн 500 мың теңге сомаға 53 жоба жүзеге асса, «Қарапайым заттар экономикасын дамыту» бағдарламасы бойынша 1 млн 526 мың теңгеге 15 жоба мақұлданып, 187 жұмыс орны ашылды. Жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасымен 283 жұмыс орнын құрумен жалпы сомасы 1 млн 082,7 мың теңгеге 211 шағын несие берілді, сондай-ақ «Нұр Капитал» бағдарламасымен 92 млн теңге сомасына 283 жұмыс орнын құрумен 49 жобаға несие берілді.
Маңғыстаудағы кәсіпкерлікке қолдау көрсететін мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы барысына әйел кәсіпкерлердің алар орны зор. Мұнайлы өлкеде экономиканың түрлі саласында 55 мыңға жуық кәсіпорын мен ұйым жұмыс істейтін болса, оның 25 мыңға жуығын әйелдер басқарады. Сондай-ақ әртүрлі салада 146 мың әйел жұмыс істейді, бұл жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санының 48%-ы. Маңғыстау әйелдері экономикада айтарлықтай жоғары белсенділік танытуда. Мәселен, статистика бойынша биыл әйелдер арасындағы экономикалық белсенділік деңгейі 69,5%-ды құрайды.
Өзін өзі жұмыспен қамтыған халықтың құрылымында гендерлік тепе-теңдік байқалады. Бұл ретте жалдамалы қызметкерлер құрылымында соңғы жылдары жұмыспен қамтылған әйелдер саны іс жүзінде теңестіріледі. Жалдамалы қызметкерлердің жалпы санынан бүгінгі таңда 47,8%-ы әйелдерге, тиісінше 52,2%-ы ерлерге келеді.
– Егер жалпы аймақтағы кәсіпкерліктің дамуы туралы айтатын болсақ, негізгі мақсатты индикатор ретінде бір ғана санды келтіруге болады. Бұл – жалпы өңірлік өнім көлеміндегі шағын және орта бизнестің үлесі. Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі негізгі мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру арқылы көрсеткіш 22,9%-ға дейін өсті. Әйелдер кәсіпкерлігін одан әрі табысты дамыту үшін жинақталған тәжірибені ескере отырып, біз үкіметтік емес саламен тығыз ынтымақтасамыз. Бизнесті дамыту бағдарламаларында «Көшбасшылық сабақтары», «Жетістік тарихы» бағдарламасына кіретін әйелдер бизнесін жүргізу бойынша ақпараттық және оқыту семинарларын, яғни өңірдің танымал кәсіпкер әйелдерінің қатысуымен интерактивті сабақтар өткізуге баса назар аударылды, – дейді Маңғыстау облыстық Кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Салихова.
Іскер әйелдер кеңесі былтыр 11 отырыс, Қарақия, Маңғыстау және Мұнайлы аудандарында көшпелі отырыс өткізді. Кеңестің ірі шарасы Маңғыстау ауданының белсенді әйелдерімен келіндер шеруін ұйымдастырумен басталды. «Мен әйелмін, әлемнің анасымын!» тақырыбында өткен шараға 300-ден астам нәзік жанды қатысып, ұлттық өнерді дәріптеді. Ұлттық мереке қарсаңында «Наурыз-думан» фестивалі өтті. 500 адам қатысқан іс-шарада бабалар дәстүрі мен ұлттық құндылықтар насихатталды. Кеңестің жастар қанаты құрылып, 8 адам мүше болды. Маңызды шаралар легін ұйымдастыру мұнымен толастаған жоқ. 52 ауылдың әйел кәсіпкерлерінің қатысуымен тренинг өтті. Жаңаөзенде аналар слёті де жоғары деңгейде өтті.
«Маңғыстау сән құрақ фестивалі» атты іс-шараға өңірдің барлық ауданы мен облыс орталығынан 130 шебер қатысты. Гран-при және 1-3 орын жеңімпаздары анықталып, тағы 10 аталым бойынша жүлде қоры белгіленді. Жеңімпаздарға тігін машиналары, қалғандарына бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Іскер әйелдер кеңесі жанында көп балалы аналарға әртүрлі кеңес беру, психологиялық, әлеуметтік көмек көрсету үшін аналар кабинеті ашылды. Ал Түпқараған ауданында 120 әйел-ана қатысқан «Ұлағатты енеден – инабатты келінге» атты әлеуметтік әйелдер форумына психолог, коуч-тренерлер қатысып, өмірден түйгендерімен бөлісті.
Сәуле Халелқызының айтуынша, «Атамекен» микроқаржы ұйымы кеңеспен бірлесіп 52 ауыл әйелін қаржыландыруға көмектесті. 280 млн теңгеге жуық сомаға 52 жоба, 55 жұмыс орны құрылды. Салалар бойынша ауыл шаруашылығына 161 млн теңге бөлініп, 30 жұмыс орны, өзге де қызмет түрлеріне наубайхана, тігін цехы, сұлулық салоны ашылды.
Маңғыстаудағы Іскер әйелдер кеңесі қайырымдылық шараларына тұрақты атсалысып келеді. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагерлерді құттықтады, соғыс ардагері Ольга Заривнякке тігін машинасын сатып алып беруге мұрындық болды және Шетпе кентінде 4 отбасына арналған «АСАР-үй салу» акциясына қатысып, баспанасыздардың жеке үйлі болуына көмектесті. Ақтау қаласындағы қарттар үйінің жалғыз көлік құралына қосалқы бөлшектер сатып алып беріп, «Мектепке жол» акциясына қатысты, әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балаларына қолдау көрсетті. Аз қамтылған отбасылардың балаларына жаңажылдық сыйлықтар таратуға облыстағы барлық кеңес мүшелері атсалысты.
Қоғамның жүгін ерлермен тең бөлісе арқалап, ошақ қасын ғана емес, жан-жағын қайырымдылықпен қамти жүрген қыз-келіншектердің еңбегі ерен, ісі үлгі.
Маңғыстау облысы