«ҚТЖ» ұлттық компаниясының инновациялар мен білімді басқару саласындағы саясаты идея генерациясын ынталандыру және қолайлы инновациялық орта қалыптастыру бойынша жүйелі шараларды жасауға бағытталып отыр. С.Мыңбаев атап өткендей, қызметкерлер өндіріске инновацияны енгізуде компанияның негізгі қозғаушы күші саналады. Он жыл ішінде экономикалық тиімділігі 1,3 млрд теңгеден асатын 12 мыңнан астам ұтымды ұсыныс тіркелген. Ал 2019 жылы экономикалық тиімділігі 61 млн теңгені құрайтын 986 ұсыныс өндіріске енгізіліпті. Осы ретте, компанияның жас қызметкерлерін инновациялық процеске тартуға «Менеджмент жобасы» байқауы зор мүмкіндік бергені айтылды. Сала қызметкерлерінің өнертапқыштық қызметін одан әрі дамыту және қолдау алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
– Бүгінде бізде 570 тальго вагоны бар. Барлығы толық жұмыс істейді. Жергілікті қызмет көрсету де ұлғайтылды. Біз қызмет көрсету келісімшартының бағасын барынша арзандаттық. Биыл компания тарифтік жүк айналымының көлемін 226,4 млрд текше неттодан төмен емес, яғни өткен жылғы көлемнен 1% артық орындау міндетін алға қойып отыр. Бұл тапсырманы жүк тиеу көлемін арттыру есебінен орындау межеленуде. Сандық көрсеткіштермен қатар сапалық көрсеткішті жақсарту, яғни тартымдық жылжымалы құрамды тиімді пайдалану жұмыстарын жалғастыру көзделіп отыр, – деді С.Мыңбаев.
Оның айтуынша, еңбек өнімділігін арттыру және компанияның даму мен оңтайландыру саясатын жүзеге асыру мақсатында «Цифрлы трансформация» бағдарламасының жоспарларын іске асыру жалғасады. Темір жол инфрақұрылымын дамыту бағытында биыл 495 шақырым жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуге тиіс. Оның ішінде, жылдық жоспардың 68 пайызы транзиттік пойыздар жүретін жолдардың техникалық жағдайын жақсартуға бағытталып отыр.
Сонымен қатар ол 3-ші, 4-ші дәрежелі ақаулы жолдардың кем-кетігін уақытылы түземеу немесе түзесе де сапасы сын көтермеуі «жолдағы дүмпу» оқиғаларына әкеліп отырғанын тілге тиек етті. Әйтсе де қозғалыс қауіпсіздігі ревизорлары жүргізген тексерулер тиімді әрі нәтижелі болған. Тексерістің нәтижесінде техникалық құралдардың істен шығуы кеміп, пойыздардың кешігуі азая түскені осыған дәлел.
Өткен жылы ревизорлық аппарат тарапынан 7 мыңнан астам тексеріс жүргізіліп, 90 мыңға жуық сәйкессіздік анықталған. Сондай-ақ 500 қызметкер аттестациялаудан өте алмаған.
Жиын соңында Сауат Мыңбаев коронавирусқа қарамастан Қазақстан Қытаймен арадағы жүк тасымалын тоқтатпайтының айтты. Десе де ақпан айында транзит көлемі 39 пайызға азайған. «Бұл қомақты көрсеткіш, ҚТЖ-ның қаржылық ахуалына әсер ететіні сөзсіз, себебі контейнерлік транзит біз үшін пайдалы», деді ол. Компания басшысы алдағы уақытта жүк айналымын ұлғайтуға күш салатынын жеткізді.
Мұхтар КҮМІСБЕК,
«Egemen Qazaqstan»