Спорт • 11 Наурыз, 2020

Олимпиада-2020: Жолдамалар саны 42-ге жетті

173 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ең соңғы мәліметтерге жүгінсек, Қазақстанның спортшылары осы күнге дейін үстіміздегі жылы Токиода алауы тұтанатын Олимпия ойындарының 42 жолдамасына иелік етіп отыр.

Олимпиада-2020: Жолдамалар саны 42-ге жетті

Ең көп лицензияны балуандар мен боксшылар иеленді. Олардың әрқайсысының еншісінде сегіз жолдамадан бар. Былтыр Нұр-Сұлтанда өткен әлем чемпионатында грек-рим күресінен Мейрамбек Айнағұлов (60 кило), Асхат Ділмұхамедов (77 кило), еркін күрестен Нұрислам Санаев (57 кило), Дәулет Ниязбеков (65 кило), Данияр Қайсанов (74 кило), Әлішер Ерғали (97 кило) және әйелдер күресінен Валентина Исламованың (50 кило) бағы жанды.

Бүгін Амманда аяқталуға тиіс іріктеу турнирінде Надежда Рябец (75 кило), Серік Теміржанов (57 кило), Зәкір Сафиуллин (63 кило), Абылайхан Жүсіпов (69 кило), Әбілхан Аманқұл (75 кило), Бекзад Нұрдәулетов (81 кило), Василий Левит (91 кило) және Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кило) сынды боксшылардың айдарынан жел есті.

Велошабандоздар жеті жолдаманы қоржынға салды. Токио төріндегі жеңіл атлеттердің сайысында Георгий Шейко, Айман Ратова және Ольга Рыпакова өнер көрсетеді. Жүзушілер жарысында Дмитрий Баландин екі және Виталий Худяков бір қашықтықта шеберлік байқасады. Синхронды жүзуден Александра мен Екатерина Немичке сенім артамыз.

Садақ атудан Санжар Мұсаев, Денис Ганькин және Ильфат Абдуллин сайысқа түседі. Мергендердің жарысында Сәрсенгүл Рысбекова мен Юрий Юрков бой көрсетеді. Бессайысшылар бәсекесінде Павел Ильяшенко мен Елена Потапенко өз мүмкіндіктерін байқап көреді. Спорттық гимнастикадан Милад Каримидің айы оңынан туды.

Сондай-ақ, Олимпиада бағдарламасына жаңадан ғана енген спорт түрлері бойынша құзға өрмелеуші Ришат Хайбуллин мен каратэші Дархан Асәділов күш сынасады.