Аймақтар • 11 Наурыз, 2020

Қызылорда: Бюджеттік түсім арқылы ауылдардың мәселесі шешіледі

363 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылордада облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың төрағалығымен cалық салу базасын кеңейтуге арналған мәжіліс өтті. Онда салық базасын кеңейту аясында былтыр атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер талқыланды.

Қызылорда: Бюджеттік түсім арқылы ауылдардың мәселесі шешіледі

Осы тақырыпта мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғалымжан Орынов баяндама жасады. Хабарламашы саладағы мәселенің бірі ретінде мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың салық төлеу кезінде жалдамалы жұмысшылар санын толық көрсетпейтіндігін атап өтті.  

Облыс басшысы салық салу базасын ұлғайту жұмыстары барысындағы кейбір кемшіліктерді сынға алды.

– Мысалы, облыстық полиция департаментінің мәліметі бойынша 2019 жылдың қорытындысымен аудандар аясында заңды және жеке тұлғалардан көлiк құралдарының саны – 136 443. Ал, аудандар ақпаратында ол 117 398 болып тұр, айырмасы жер мен көктей. Көлік құралдарына салық төлеушілердің санының мұндай алшақтығы түсініксіз,- деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы автокөліктердің салығын реттеуге қатысты  қала мен барлық аудан және ауылдық округ әкімдеріне тапсырма берді. Сондай-ақ, мемлекеттік кірістер департаменті мен полиция департаменті бірлесіп, көлік құралдарына түгендеу жүргізіп, жарамсыз және жоқ көліктерді мемлекеттік тіркеуден шығару жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды.

Мәжілісте 4-ші деңгейлі бюджет туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай  баяндама жасады. Бүгінде 4-ші деңгейлі бюджет аясында салықтық түсімдердің 7 түрі, салықтық емес түсімдердің 4 түрі және бюджет шығындарының 19 бағыты ауыл әкімінің иелігіне берілген.  

Аймақ басшысы жыл басында аудандарды аралау кезінде ауылдағы негізгі проблеманың бірі ретінде тұрғындар автомобиль жолдарын жөндеу мәселесін жиі  көтергендігін айтып, Қызылорда қаласы мен барлық аудан, ауылдық округ әкімдері бюджет түсімдерін барынша дұрыс жоспарлап, ауылда жасалуға тиісті әлеуметтік бағыттар шеңберінде халықтың қажеттілігін ескеруді тапсырды.

– Салық жиналса, ауылдағы әлеуметтік мәселелер шешіледі. Барлығы да ауылдың жағдайын жақсартуға бағытталады, қалай, қайда жұмсау қажеттілігін ауылдағы қоғамдық кеңеспен ақылдаса отырып, шешуге мүмкіндік бар. Енді сол шаруаны жоғары деңгейде атқару сіздердің міндеттеріңіз. Сондықтан бұл мәселеде барлығымыз тиянақтылық танытып, аса жауапкершілікпен жұмыс жүргізуіміз қажет. Себебі оның артында халықтың өмір сүру сапасы тұр. Ал, халықтың жағдайы біз үшін қашанда басты орында,- деді аймақ басшысы.