Отандық өнімге қолдау мақсатында өңірдегі құрылыс компаниялары қала атауын иемденген цементті пайдалануда. «Бағасы қолжетімді, сапасы жақсы», дейді тұтынушылар.
Жаңғырту процесінен өткен бір ғана осы мекеме емес, Шымкент мұнай өңдеу зауыты да осы жолда К4 және К5 экологиялық кластағы жоғары октанды бензинд шығаруды бастады.
Алдағы уақытта шаһардағы тағы бірнеше кәсіпорын түлеу мен түрленудің жаңа кезеңін бастап кетпек.
Ал біз бағасы халыққа қолжетімді «Шымкентцемент» АҚ зауытының жұмысына қайта оралайық.
Аталған кәсіпорын – бүгінде ішкі нарықты отандық цемент өнімімен қамтамасыз етіп отырған бірден-бір өндіріс орны. Зауытта цемент бұрындары ескі әдіспен шығарылғандықтан, экологияға зияны көп болып, өндіріс аймағына жақын орналасқан тұрғындардың наразылығы күшейе түскен. Осыны ескерген зауыт әкімшілігі шетелдік озық өңдеу технологиясын енгізіп, құрғақ әдіспен цемент ала бастаған. «Ә» дегеннен жаңа жоба кәдеге жарап, қоршаған ортаға тасталатын зиянды заттардың да көлемі азайған. Есесіне, цементтің сапасы жоғарылап, қаладағы ірі құрылыс заттары дүкендері бұл тауарды сатылымға шығара бастаған.
Зауыт басшысы Шишка Збигневтің кәсіпорынның өндірістегі жаңа технологиясы туралы өзіндік айтары бар.
«Күйдіру пешінің ылғал əдіс технологиясы, негізінен, оның энергияны көп қажет ететін жəне сүзгілердің белсенді ортада жұмыс істеуіне тура келетінінен шығарындыларды тазартуда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін озық үлгідегі технология (ОҮТ) ретінде қарастырылмайды. Сөйтіп, ОҮТ бағытындағы ілгерілеу цементті ылғалды əдіспен өндіруден құрғақ əдіспен өндіруге өтуінен басталады, бұл өз кезегінде экологиялық өнімділікті қамтамасыз етеді. «Шымкентцемент» зауыты цемент өндірудің қолданыстағы ылғал əдісі пешінің жанынан бір күнде 3200 тонна өнім беретін жылу алмастырғыш күйдіру пешін салу арқылы жаңа, заманауи жобаның бастамашысы болды», дейді Шишка Збигнев.