Қалай дегенмен де адамзат технологияны дамытып, белгілі бір жетістіктерге де жетті. Енді осы технология коронавирусқа қарсы тұруда адамға қандай көмек көрсете алып жатыр?
Қытай банктері қағаз ақшаларды арнайы өңдеуден өткізіп, дезинфекция жасау технологиясын ауқымды пайдалануда. Сонымен қатар электронды ақша айналымы жөнінен басқа елдерден әлдеқайда алға кеткен көршіміз тек интернет арқылы ғана қаржы операцияларын іске асыруға көшкен. Осындай әдісті Вьетнам елі қолға алып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вирустың қағаз ақшалардан жұғу ықтималдығы аз дегенмен де, осындай сақтық шаралары дұрыс жүзеге асырылуда.
Коронавирус ошағы болып отырған Қытай блокчейн-технологияны аурудың алдын алу мақсатында сәтті пайдаланып, дәрігерлік онлайн кеңес пен скринингті осылай жүргізуде.
Alipay төлем жүйесі болса, қайырымдылық қорын бақылайтын арнайы платформасы бар мобильді қолданбаны іске қосқан. Бұл платформа мемлекеттік органдармен қоян-қолтық эпидемия профилактикасын жүргізіп, қай жерде қандай қажеттіліктер бар екенін анықтайды, сондай-ақ, материалдық және қаржылай қамтамасыз етеді.
Блокчейн негізінде жұмыс істейтін қытайлық Сян Ху Бао онлайн-платформасы сақтандыру принципінде көмек көрсете алады. Бұл жүйеге тіркелген 100 млн адамның әрқайсысы тек 0,01 юань ғана жарна төлесе, ауруға шалдыққан адамға 100 мың юань (14 300 АҚШ доллары) мөлшерінде бір жолғы қаржылай көмек көрсетіледі. Бұл жерде блокчейн технологиясы алаяқтыққа жол бермеу үшін қолданылады.
Дәл осы блокчейн дәрігерлік құжатты қағаздан электронды форматқа көшіріп, құжат алмасуды бір жеңілдетсе, екінші жағынан қағаз арқылы аурудың жұғуын болдырмайды. Эпидемия кезінде Blue Cross Insurance мобильді қолданбасын пайдаланып жатқан қытайлық дәрігерлер көп жұмыстың жеңілдегенін айтады.
Технология заманында адам жұмысын жеңілдететін құрылғының бірі дронды да қытайлық мамандар ауруға қарсы күресте қолдануда. Термокамера орнатылған дрон көмегі арқылы адамдар көп жиналған жерде вирусты анықтайтын жақсы тәсіл де өз нәтижесін беруде. Ал енді төтенше жағдай енгізілген елді мекендерде дрон азық-түлік немесе дәрі-дәрмек жеткізу үшін таптырмас құралға айналған.
Көрші елдегі сауда немесе ойын-сауық жағына келсек, ол эпидемия тараған аймақтарда толығымен онлайн форматқа өткен деуге болады. Білім беру саласы бойынша да осындай жағдайды көреміз. Twitter сияқты алпауыт компаниялар коронавирус тараған елдерде тек үйде отырып қана жұмыс істеуге шақырды.
Сонымен қатар жақында ғана қытайлық ғалымдар коронавирусты басқа әдістерден 10 есе тиімді анықтайтын технологияға қол жеткізгендерін айтып, үміт отын жақты. Қытайдың Hai Kang Life Corporation компаниясы бұл технологияны барлық медицина мекемелеріне тегін тарататынын да мәлімдеді.
Айналып келгенде, "жаман айтпай жақсы жоқ" демекші, адамзат үшін кез келген қиын жағдай одан шығудың жолын тауып, жаңа технологиялардың дамуына жол ашады деуге әбден негіз бар.