«Әр эпидемиологиялық жағдайда болжам жасау – Денсаулық сақтау министрлігінің міндеті. Ол үшін осы іспен айналысатын бізде арнайы ғылыми зерттеу және университеттердегі кафедралар бар. Әрине, ол қалай жасалады деген сұрақ туындауы мүмкін. Эпидемиологиялық жағдайда болжам жасау – түрлі математикалық статистикалық формулалар модельдері арқылы жасалады. Ең біріншіден, ол, әрине, Қазақстанды қоршаған, тікелей қарым-қатынас бар мемлекеттер ішіндегі инфекцияның таралуына байланысты. Қазіргі таңда, бәріңізге мәлім, 120 елде 125 мыңнан астам тіркелген науқас бар» деді Елжан Біртанов.
Министрдің айтуынша, осы жылдың қаңтар айынан бастап 1 млн-нан астам азамат елге келді.
«Коронавирус жұқтырған мемлекеттің көпшілігімен әуежай және басқа да жол бойынша тікелей қарым-қатынас бар. Күнделікті шетелден азаматтар келіп жатыр. Олардың, әрине, осы инфекцияны елге әкелу мүмкіндігі бар. Оны біз бәріміз түсінеміз. Мысалы, біздің қазір бақылауымызда 4800-ден астам азамат үйде немесе карантинде жатыр. Оның бәрі әлі қаралуда. Олар ауру емес, бірақ ауру болуы мүмкін. Сондықтан, әрине, біз осындай жағдайда ғылыми зерттеу жұмысын жасап, осындай болжам жасап отырамыз. Мұндай болжамдар жасау алдын алу шараларын қабылдау үшін қажет» деді Елжан Біртанов.
Оның айтуынша, бұл ғылыми модель күнделікті өзгеріп отырады. Егер басқа мемлекеттерден келіп жатқан азаматтар саны төмендесе, онда формула да өзгеріске ұшырайды.