Аймақтар • 12 Наурыз, 2020

«Академик Кеңес Нұрпейіс және қазақ мемлекеттілігінің жаңғыру тарихы» ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті

1122 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҰҒА академигі Кеңес Нұрпейістің туғанына 85 жыл. Осы айтулы датаға орай  Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты қабырғасында Кеңес Нұрпейіс атындағы кабинет ашылып, аталған институт және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен «Нұрпейіс оқулары» аясында «Академик Кеңес Нұрпейіс және қазақ мемлекеттілігінің жаңғыру тарихы» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

«Академик Кеңес Нұрпейіс және қазақ мемлекеттілігінің жаңғыру тарихы» ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті

Көрнекті ғалым, академик, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері Кеңес Нұрпейіс 1946–1952 жылдары Алматы қаласындағы № 18 Жамбыл атындағы ер балалар орта мектебінде, 1952–1957 жылдары С.М. Киров атындағы ҚазМУ-дың тарих факультетінде білім алған. 1958 жылы Ш.Ш. Уәлиханов Тарих, археология және этнография институтына ғылыми қызметке шақырылған білікті маман осы институт қабырғасында өмірінің соңына дейін қызмет етіп, кіші ғылыми қызметкерден белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым академиясының академигіне дейінгі қиындығы мен ғылымның қым-ғуыт тірлігі қатар өрілген жылдардан өтті. Қазақ қыздар педагогикалық институтында ұзақ жылдар бойы оқытушылық қызметпен айналысуы да ғалым өміріндегі тәжірибесі мол жылдардың қатарына енді.

Алқалы жиынға жиналған ғалымдар қауымы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты қабырғасында Кеңес Нұрпейісұлы атындағы кабинеттің ашылу салтанатына қатысып, ғалымның шәкірттеріне ізгі тілектерін білдірді.

«Конференцияға белгілі қоғам қайраткерлері мен жетекші ғалымдардың, жас тарихшылар мен БАҚ өкілдерінің қатысуы – отандық тарих ғылымының өзекті мәселелері бойынша іргелі ғылыми зерттеулер жүргізген және жоғары білікті ғылыми кадрларды дайындауға белсене қатысқан, қазіргі замандағы Қазақстан тарихының күрделі мәселелерін зерттеген танымал зерттеуші, академик Кеңес Нұрпейісұлының ғылыми мұрасына деген үлкен қызығушылықтың бар екенін көрсетеді», дейді ұйымдастырушылар.

Қ.Нұрпейіс  500-ге жуық ғылыми және ғылыми-көпшілік жұмыстардың, соның ішінде жиырмадан аса монографияның авторы. Ғалымның зерттеулері 1916 жылы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының, 1917 жылы екі революцияның және 1918-1920 жылдарда азаматтық қақтығыстар тарихына, ХХ ғасырда ұлттық-мемлекеттік құрылыс тарихының, саяси қуғын-сүргін және Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінің мәселелеріне арналды. Зерттеудің алғашқы нәтижелері ғылыми жұртшылықтың жоғары бағасын алған «Алаш һәм Алашорда» монографиясында баяндалған.

Алқалы жиын аясында модератор, Ш.Ш. Уәлиханов ат. Тарих және этнология институты директорының кеңесшісі, с.ғ.д., профессор С.Борбасов,  ақын, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Н.Оразалин, ҰҒА акдемигі Б.Қалиұлы, әл-Фараби ат. ҚазҰУ Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттерді зерттеу орталығының директоры, т.ғ.д., профессор Т. Омарбеков,  Ресей Федерациясынан профессор Д.Аманжолова, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің доценті Т.Берлібаев, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары, т.ғ.к. Б.Қойшыбай, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің деканы Ж. Ашірбекова, «Ғылым Ордасы» РМК қызметкері, К. Нұрпейісұлының курстасы Ғ.Бибатырова сөз сөйлеп, т.б. баяндамашылар ғалымның  ғылыми мұрасын талдап, тарих ғылымындағы  жолын саралады.  

Конференция барысында арнайы қарар қабылданып, онда жыл сайын Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетімен бірге «Нұрпеисов оқуларын» өткізу, Қазақстан ғылымы тарихының музейіне келушілер үшін академик Кеңес Нұрпейістің мұрасымен толықтыру, конференция материалдарын ЖОО-ның тарих кафедралары мен кітапханаларына жіберу, жаңадан ашылған Кеңес Нұрпейісұлы кабинетін материалдармен толықтырып отыру,  жаңадан ұйымдастырылған білім беру орталықтарының біріне Кеңес Нұрпейіс есімін беру туралы өтініш жасау мен «Отан тарихы» журналында бүгінгі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысына арналған мақала жариялау туралы айтылды.

 

 

АЛМАТЫ