Әу бастағы болжам осыдан бес жыл бұрынғыдай, мұнай өндіруді қысқарту туралы келісімге келу болатын. Бірақ мұны барлық мемлекеттер нарықтың ыңғайына бағынған қалыпты жағдай деп қабылдамады. Нәтижесінде, мұнай бағасы барреліне 35 доллардан да төмендеп кетті. Қазақстан үшін құтқару жастықшасы міндетін атқарып тұрған фактор Ұлттық қор ғана емес, шикізат қоры да бар. Ұлттық банктің экономикадағы рөлі өсті, валюта мен ақша нарығына қосымша ықпал ету құралдары, резервтері мен Ұлттық қордың активтері айтарлықтай жоғары деңгейде. Мұның бәрі ұзақ уақытқа дейін мұнай бағасының соққысын сездірмеуге мүмкіндік береді. Сарапшылар мұнайлы мемлекеттердің бәрі геосаяси ойындардың тұтқыны екенін, Путин мен ибн Салманның стратегиясының бұрыс-дұрыстығын дәлелдеу уақыттың еншісінде екенін айтып жатыр.
Әлемдегі мұнайдың жартысына жуығы АҚШ-та (күніне 13,1 миллион баррель), Ресейде (күніне 11,3 миллион баррель) және Сауд Арабиясында (тәулігіне 9,7 миллион баррель) өндіріледі. Қазақстанның еншісі – 2 пайыз. Мұнай нарығындағы соңғы дағдарыс, оның бағасы барреліне 40 доллардан төмен болған, 2014-2015 жылдар әлі ұмытылған жоқ. Сарапшыларға сенсек, макроэкономикалық тұрғыдан қарағанда мұнай бағасының қысқа мерзімде төмендегені маңызды емес. Арзандау үдерісі ұзаққа созылса, қауіптің басы деп қабылдауға болады. Қазақстан бюджетінің шектік дәлізі 55-60 долларға есептелген. Демек, есепке алмаған 15-50 доллар теңгенің құнсыздануына себеп болатын фактор.
Әлем мұнай төңірегіндегі дүрбелеңнің тынышталғанын күтіп отыр. Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев Қазақстан ОПЕК+те консенсусқа шақыруға дайын екенін айтты.
Энергетика министрлігі басшысының айтуынша, осы жолғы келісім болашақты анықтауға мүмкіндік береді. Әлемдік ақпарат көздері сәрсенбі, 11 наурыздан бастап мұнай бағасы көтерілгенін хабарлап жатыр. Ақ үй мен Конгресс осы аптаның сейсенбісінде АҚШ экономикасын қолдау және азаматтарға салық жүктемесін азайту туралы шұғыл кеңес өткізді. Лондонның ICE Futures биржасында сәрсенбіде Мәскеу уақытымен 7. 30-да Brent маркалы мұнай фьючерстерінің бағасы барреліне 38,5 долларға қымбаттады. Бұл алдыңғы сессиядан 3,5%-ға жоғары баға. Ұлттық банктің 10 наурыздан бастап базалық мөлшерлемені 9,25 пайыздан 12 пайызға дейін жоғарылатқаны соншалықты әсер ете қоймағаны байқалды. Ұлттық банк пен Үкімет бұл қадамға сырттан төнген тәуекелдерге байланысты баға тұрақтылығын сақтап қалу үшін барғанын ашық айтып отыр.
Қолданбалы экономикалық зерттеу орталығының (AERC) басқарушы директоры Олжас Төлеуов базалық мөлшерлеменің бірден 2,75 пайызға өсуі теңге құралдарының тартымдылығын (пайдалылығын) арттыруға оң әсер етеді деп санайды. Соның ішінде депозиттердің, Ұлттық банктің қысқа мерзімді ноталарының, Қаржы министрлігінің облигацияларының бағасы өсуі мүмкін. Сондай-ақ бұл фактор теңгенің тұрақтылығы мен Қазақстандағы инфляцияны қолдауға мүмкіндік береді. Ал кері әсері, экономиканың нақты секторындағы инвестициялық белсенділікті әлсіретуі мүмкін. «Үкімет өнеркәсіп, құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған кешенді шаралар қабылдауы қажет» дейді О.Төлеуов.
«Бізді бұл тығырықтан интервенция құтқарады»
Бұл болжамды сарапшылардың 90 пайызы айтқан. Бірақ Ұлттық банк осы екі нұсқаның арасынан барынша тиімді жолды таңдап, сарапшылардың болжамына тәуелді емес екендерін танытты. Енді пайыздық немесе базалық мөлшерлеме 9,25 пайыздан 12,5 пайызға өсті. Сарапшы Ерлан Ибрагим Ұлттық банк осыған дейін төлем қабілеті төмендеу азаматтарға несие беруді шектеу туралы шешім шығарғанын еске түсірді. Демек, Үкімет пен Ұлттық банктің мұнай мен АҚШ долларының қымбаттауын «Б» жоспары деп қарастырып қойғаны, бұл нұсқаны қажетті кезінде шығарғаны белгілі болды.
Қоғам 9 наурыздан бері «базалық мөлшерлеменің өсуі қазақстандықтарға қалай әсер етеді?» деген сауалдың жауабын күтуде. Ұлттық банк осыған дейін пайыздық мөлшерлемені бірден 2,75 пайызға көтерген емес. Оған Үкімет те жол бермеген. Екі тарап та нарықтың қас-қабағына, сосын өзінің қалтасына қарап базалық мөлшерлемені 0,5 немесе 1 пайызға дейін көтеріп немесе төмендетіп, қазанның құлағында ойнап келген. Банк несиесіне бауыр басып қалған қоғам теңгелей салымдарының пайызы өскеніне қуанса да несие пайызының көтерілгенін көңілі жабырқап қарсы алды: Себебі осыған дейін пайыздық мөлшерлеме 9,25 пайыз болып тұрған кезде бас-аяғы 25-30 пайыздан асып кететін несие пайызы ендігі жерде, 12,5 пайыздық кілтпен 40 пайызға барып тоқтауы мүмкін деген күмән бар көпшілік көңілінде.
«Екінші деңгейлі банктер келісімшартында «сыйақы мөлшері инфляция деңгейіне қарай өзгеруі мүмкін» деген қосымша ескерту бар. Онымен келісуге де, келіспеуге де болады. Бірақ несиеге қолы жеткен азаматтардың басым көпшілігі мән бермеуі де мүмкін. Егер, осыған дейін осы ескертуді елемеген азаматтардың несиелік пайызы өзгеріп кетсе, оған таңғалуға болмайды. Бұл мәселе Ұлттық банк пен Үкімет тарапынан пысықталады деп ойлаймын. Үкімет пен Ұлттық банк бұл жолы, 2015 жылғыдан айырмашылығы, нақты іс-қимыл жоспарына ие» дейді Е.Ибрагим.
Қаржыгер Андрей Чеботарев те пайыздық мөлшерлемені 9,25 пайыздан 12,5 пайызға дейін көтеру туралы шешімді дұрыс деп санайды. «Ұлттық банктің алдын ала ескертусіз базалық мөлшерлемені көтеру туралы шешімі – бұрын-соңды болмаған оқиға. Бұл фактор Ұлттық банктың қаржы саясатында қателіктерге жол берсе де кейбір форс-мажорлық сипаттағы болжамдарды қаперге алып жүретінін көрсетті» дейді А.Чеботарев.
«Фермерге картоп өсіру немесе мал басын көбейту үшін несие қажет. Базалық мөлшерлеме өскен соң несие пайызы қымбаттайды. Фермер өзі өсірген өнімді қымбатқа сату арқылы шығынын жауып, пайда табуға тырысады» дейді экономистер.
Сарапшы Е.Ибрагим ұлттық валютаның одан әрі құнсыздану мүмкіндігі туралы пікірін де айта кетті. «Айырбастау бағамына шектеу жоқ. Қазақ теңгесі құнсызданады. Мұның бәрі макроэкономикалық саясатқа байланысты. Әлемдік тәжірибеде ІЖӨ-ге өсім беретін индикатор шағын және орта бизнес. Шағын және орта бизнесінің әлеуеті мықты болса, ұлттық валютасы да тұғырлы болады. Пайыздық кілттің өсуі банк несиесіне әсер ететінін жоғарыда айтып өттік. Бұл ШОБ үшін жағымды фактор емес. Бірақ менің қателесуім де мүмкін. Себебі үкімет ШОБ-ты қаржыландырудың қосымша тетіктерін іске қосады деген болжам бар» деп толықтырды сарапшы. Сондай-ақ Е.Ибрагим «базалық мөлшерлемені көтерумен мәселені шешіп тастаймыз, девальвация болмайды» деп үміттеніп қалуға болмайтынын ескертіп өтті. «Егер, мұнай бағасы ұзақ уақытқа дейін қалыпқа келмесе, теңге құнсызданады. Ұлттық банк бұл жолы девальвацияның барынша жұмсақ түрін қолданады. Бұл бұрын сыннан өткен тәжірибе. 2017 жылы наурыз-мамыр айында 340 теңге болған доллар бағасы қазір 396 теңге. Мұнай және түрлі-түсті металл экспортерлері арзан бағадан банкротқа ұшырамау үшін оларға субсидия беру керек. Субсидия ғана теңгенің құнсыздануын сақтап қалады. Бірақ шикізат экспортерлерін қолдан демеу арқылы теңгені тұрақтандыру ақылға сыймайтын шешім. Мұнай экспортының жаңа бағасына біз де үйренуіміз керек. Мұнайлы мемлекет ретінде біздің ел де борт сыртында қала алмайды, жағдайға қарап көшімізді түзейміз. Қазіргі жағдайды дағдарыс немесе экономикаға салмақ емес, жаңа кезеңнің бастауы деп қабылдаған елдер ұтады. Бұл фактор етек-жеңін жиюды қазірден бастап кеткен Үкіметтің, Мемлекет басшысының біліктілігі мен дағдарысқа төзімділігіне сын болмақ. Қазақстан енді көрпесіне қарап көсілетін болады. Бұл фактор мұнай елесінен айығып, жағдайға қарап бейімделуге әсер етеді деп үміттенемін» дейді Е.Ибрагим.
Ол Ұлттық қордағы бүгінге дейін жиған қор алдағы бірер жылға дейін жететінін, содан кейінгі жағдайды бүгін ойлауымыз керегін де қаперге салып өтті. Қазір синтетикалық мұнайдың бәсі басым тұр. «2025-2035 жылға қарай әлемдегі мұнайға деген сұранысты синтетикалық мұнай қанағаттандыра алады» деген болжам бар.
Теңгенің айырбас бағамына келер болсақ, мемлекет алдағы айларда сыртқы факторлардың әсерімен түсіндіретін түзетулерге жол беруі ықтимал. «Бірақ теңге бағамына болжам жасаудың тәуекелі жоғары. Біздің жағдайымызда бұл мемлекеттік органдардың қалауына байланысты. Жоғарыдан тапсырма түссе АҚШ доллары мен теңге дәлізі 350 теңгеге дейін түсіп кетуі мүмкін. Бірақ мұның бәрі уақытша құбылыс. Қазіргі жағдай мұнай елесінен арылуға берілген мүмкіндік екенін сарапшылардың бәрі айтып жатыр. Үкімет пен Ұлттық банк мұны тиімді пайдаланады деп ойлаймын» деп сөзін түйіндеді Е.Ибрагим.
Біз осыған дейін 2018 жылдың сәуірінен бастап базалық мөлшерлеме 9-дан 9,25 пайызға дейін болғанын жазғанбыз. Ең жоғарғы көрсеткіші – 17 пайыз 2016 жылдың ақпан-наурыз аралығында болды. Ұлттық банк соңғы рет 12 пайызды 2017 жылдың қаңтарында орнатқан.
Содан бері пайыздық мөлшерлеме 9-9,25 көрсеткіш арасында тербеліп тұрды.
АЛМАТЫ