Руханият • 13 Наурыз, 2020

Біздің Шәкең

677 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Ата-анасының азан шақырып қойған аты – Шәмшиддин. Біз Шәмші деген есімімен таныдық, адамдармен қарым-қатынасына, ел алдындағы қызметіне бола айналасындағылар қазір «Шәке», «біздің Шәкең» дейді.

Біздің Шәкең

Иә, осы жұрт біздің Шәкеңді біледі. Сон­дықтан жұрт білген Шәкең ту­ралы жазу – күн астында жарық шаммен бар нәрсені іздегендей немесе жұрттың бәрі оқып қойған кітапты алғаш рет ашқалы отырғандай қылық. Олай болатыны – көпшілік көріп жүрген Шәкеңді сен де көріп жүрсің, бірақ көптің көзі көреген. Олар байқап жүргенді сенің байқамауың мүмкін. Байқамаған, білмеген нәрсеңді тұс­палдап айта салуға ақ қағаздың ал­дындағы, ақ қағазға жазылғанды оқитын оқырманның алдындағы арың жібермейді. Әйтеуір көңіл үшін қы­зыл сөздің қырманын сапырып, сөйлем көбейтіп жаза салғанмен, жұрттың көңілінен шықпаса, оның қажеті шамалы. Қажеті бар нәрсе – өзім білетін шындық.            

Біз бір топта оқыдық. Мектепті жаңа бітіріп келіп оқуға түскендердің көбі басқа топта. Ол топта Алтынбек Сәрсенбайұлы, Дархан Мыңбай, Нұртөре Жүсіп, Еркін Қыдыр, Нұрлан Мәукенұлы, Бейбіт Құсанбек, Бейбіт Сапаралы, Жүсіпбек Қорғасбек, Батыр­бек Садыхан, Жұмағали Арғынбай, Ырымтай Сағынбек, Үмітхан Алтай (жандары жаннатта болғыр Алтынбек Сәрсенбайұлы, Нұрлан Мәукенұлы, Бейбіт Құсан­бектер бұ күнде пейіштің төрінде, ұлт ұрпағының жадында) секілді бүгінде елге аты белгілі ұл­дар мен қыздар оқыды. Бұлар ше­тінен білімпаздар, ізденімпаздар, ұйым­шылдар болып шықты. Ал біздің топта мектепті бұрынырақ бітіріп, бірнеше жыл өмірді көріп, оң-солын танып, аздап ыстық-суығы басылып келгендер. Бұлардың ана топтағы тыз етпе жүйріктер секілді алыпұшпа мінезі жоқ, қоңыртөбел, біртоға, сабырлы. Осылардың ішінен алабөтен алға ұмтылып тұратыны – Шәмші. «Кеттік, жігіттер! Тауға шығамыз!», деп жұртты жұмылдыра биікке ұм­тыл­дыратын да осы Шәмші. Шәм­ші айтқан соң тауға сан мәрте бар­дық. Сондай сәттерде алауды айнала алқақотан отыра қал­ғанда өзге ақындардың өлеңдерін жа­ңыл­май жатқа соғатын осы Шәмші. «Алға, жігіттер, футболға!», деп бар этаж­дағы жігіттерді соңынан ерте алаң­ға алдымен шығатын да, алдына келген ала допты ала торда аунатып тастайтын да осы Шәмші. Әлгі «Ялла» деген эстрада ансамбліндегі ги­тара тартып, құйқылжыта ән салып тұратын өзбек жігітінің шашы секілді дудар-дудар шашы басына сыймай, үнемі топтың алдында шешіле сөйлесе, көсіле ой тастап бара жататын да осы Шәмші. Айтып жатқанын тыңдап отырсаң, мұ­ның бармаған жері, білмейтіні жоқ сықылды. Өзі барып, көзімен көріп келгендей бірде сонау Қиыр Шығыстағы Вьетнам оқиғасын, енді бірде Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея арасындағы саяси жүйе айырмасын айтып кетеді. Енді бірде Американың президентімен бірге кофе ішіп келгендей, АҚШ-тың саясатын сапырады.

Үнемі бір жаққа асығып бара жат­қан секілді қимылы жылдам, қоз­ғалысы тез әрі өзін сергек, ылғи кө­ңілді ұстайтын, әзіл-қалжыңы кімге де болса әзір біздің Шәмші – ойдың адамы. Ойланбай сөйлемейді. Меніңше ол хадистердің бірінде айтылған «бір сағат ойлану – бір жылдық құл­шылықтан қайырлы» дегенді жадына бала күнінен сақтап алған. Қашан көр­сең ой үстінде. Саған үнемі ойлы көзбен қарайды. Кез келген жағдайды ақыл­ға салып, саралап, қорытынды жа­сауға келгенде одан асқан білермен іздеп қажеті жоқ. Университетті мектепте жүргенде-ақ бітіріп тастаған сияқ­ты қолына кітап, дәптер ұстамай-ақ дәрісханаға кіріп-шығып жүре бе­ретіні, кез келген ұстаздың кез кел­­ген сұрағына орнынан тұрып жауап бере беретіні – оның ойлау қабі­летінің, айтылған ойдың қисынын тез табу машығының жаста­йынан дұрыс қалыптасқандығынан. Сөйлеу мен айту бір емес. Ол – сөйлеудің емес, айтудың адамы. Есту мен тың­дау да бір емес. Ол сәби шағынан есті­генінің бәрін есіне сақтауға емес, айтыл­ған ойды тыңдауға дағдыланған. Тың­дағанынан тұжырым шығаруға жас­тайынан машықтанған. Сондықтан да оның ойы озық, ақылы алда.

Мен білетін Шәкеңнің жүре­гін­­дегі адамдарға деген махаббат пен сүйіспеншілік сезімі бір сәтке бәсеңдеген емес. Қашан көрсең кездес­кен жанды қуана құшақ жайып қарсы алып жатқаны. Үлкеніне ізетін, кішісіне ілтипатын көрсетіп, көптен бері көре алмай жүрген ең жақынын көргендей қуанады. Солардың кей­бірінің пендешілігіне бола күйініп, рен­жіген де емес. Тек «Қоя бер!» дейді де тынады. Айналасындағылардың Шәмшіге ренжігенін де білмеймін. Сонда тегі, ешкімді ренжітпесе, еш­кім оған ренжімесе, оның пендеге тән мінезі қайда? Апырау, ол да ет пен сүйектен жаралған емес пе еді? Ыза­­ланып біреуді ұрмаса, ашуланып біреуді балағаттамаса, ренжіп біреу­ді ғайбаттамаса, тым болмаса өкпелеуіне де болатын еді ғой. Жоқ, біздің Шәкеңде ондай мінез болған емес. Болмайтыны – ондай сәтте сонау орта ғасырларда Жәләләддин Ру­ми айтқан: «Егер адам өзгелерден жамандық не зұлымдық көрсе, ол – өз мінез-құлқының сол адамдардан көрі­ніс табуы» деген қағида санасында қай­та жаңғырып, өзгелердің кемшілігі үшін өзін де кінәлі санайтындығынан болса керек.

Білермендердің айтуы бойынша, пәк жүрек­тілердің үш ерекшелігі бола­ды екен. Біреуі ешкімді рен­жіт­пейтіндігі, екіншісі ешкімге рен­­­­жімейтіндігі, үшіншісі жасаған жақ­­сы­лы­ғы үшін ешкімнен алғыс күтпейтіндігі. Менің­ше, біздің Шәмші осы үш қасиетімен де ерекшеленетін пәк жүректі жан. Шындығында ол қаншама адамға қайырымдылық жасады, қаншама адамға жақсылығын көрсетті. Бірде-бірін жария қылып айтқан да немесе бірде-бірінен ал­ғыс күткен де емес. Ұлы Абайдың «адам­заттың бәрін сүй, бауы­рым деп»­­­ деге­нін санасына ұялатып, жү­ре­­гі­не тұндырып алған ол адамдарды ұлтына, ұлысына, жүзіне, жеріне, руына қарап жақсы көрмейді. Кімді болса да «Құдайдың жаратқан бір құлы» деп істеген ісіне, атқарған адал қыз­метіне бола құрметтейді.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Адам­­дардың түсінігіне қарай сөйлең­дер!» депті. Біздің Шәкең еңбектеген сәбидің де, еңкейген кәрінің де, қатар­дағы қарапайым жанның да, шірен­ген шенеуніктің де түсінігіне қарай сөйлеуді жақсы меңгеріп алған. Сон­дықтан да оның ойы өтімді, пікірі ұтымды.

Қазақта «Қазанаттың асылы шап­саң – тұлпар, сатсаң – пұл, азаматтың асылы түзде – мырза, үйде – құл» де­ген мәтел бар. Осы сөз дәл біздің Шә­кеңе қаратып айтылған секілді. Бір қарасаң, мемлекеттік деңгейдегі елдік мәселелерді шешетін елтұтқалардың ортасында жүргені, енді бір қарасаң, білегін түріп тастап, үйінің айналасын тазалап жатқаны.

Оның бойына қарапайымдылық тән. Ол ешқашан ел алдында кеудесін керіп «мені көрдің бе?» дегенді мең­зейтін қылық көрсеткен емес. Қашан көр­сең бетегеден биік, жусаннан аласа. Қаншама жұмысты дабыра-дақ­пыртсыз тындырып жүреді, бірақ ол әлдекімдер секілді түймедейді түйе­дей қылып жария қыл­ған емес. Әлдекімдер секілді өзін өзі жарнамалап тыраштанбайды,­ қай­сыбіреулер секілді өзі туралы өзге­лерге насихаттатпайды да. Бәз біреу­лер мақтау қағаз алса да елден сүйін­ші сұрап, дүрілдетіп той жасап жатады. Біздің Шәкеңнің бір басында атақ та, марапат та жетерлік. Бірақ ол ешқашан ешкімге мен осындай екенмін деген де емес. Біздің Шәкең белді, беделді бұқаралық ақпарат құралдарын бас­қарып келеді. Кей газет, журналды, сайтты, порталды қарасаң, мұқабаның бірінші бетінде бас редактордың өзінің фотосының тұрғанын, болмаса ішінде ол туралы мақтау, дәріптеу сөз­дердің жүргенін көресіз. Бұл – журналистік этикаға, оның ар жағын­да адами құндылыққа жат қылық. Осы жағынан біздің Шәкең таза адам. Ол қызметтік – адами әдепті сақтап, өзінің суреті тұрмақ, жарияланып ба­ра жатқан мақалаларда өзі туралы бір ауыз мақтау сөз жазылса, өз қолы­мен алып тастайтын. Жұрт біздің Шәкең­ді осындай қарапайымдылығы мен парасаттылығы үшін де ерекше қадір­лейді.

Адамзаттың екінші ұстазы – Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз «Доскер­лік – адамгершіліктің биік белгісі» дегенді ай­тыпты. Иә, біздің Шәкең – доскер адам. Яғни достыққа адал азамат. Өмір болған соң адам басынан неше түрлі оқиғалар өтеді. Солардың бі­разын достармен бірге біздің Шәкең де басынан кешірді. Бірақ ол – әу бас­тағы достығына адал күйінде қала білген парасат иесі. Басына түскен аз ғана қиындыққа бола неше жылғы досынан теріс айналып кететіндер де жоқ емес. Ал біздің Шәкең өз ұс­танымына қашанда берік. Қасында жү­ріп, пендешілікпен сатып кеткен досына кешіріммен қарайды. Сол ке­шірімі арқылы әлгі сатқын досты бейшара күйге түсіріп, пұшайман халде қал­дырады да өзі ең­сесін тік ұстаған қалпы алшаң басып алға кетіп бара жатады. Кетіп бара жатқанда оның жады­на үнді халқының ұлы перзенті Махатма Ган­дидің «Кешіру ұмыту емес» дегені оралатын­ да шығар... Оны тек біздің Шәкеңнің өзі ғана бі­леді.

Біздің Шәкең – көп оқитын білім­құмар жан. Жасаған жақсылығын жа­рия қылмайтыны секілді, кітап оқып жатқанын да жұртқа дабыра қылмайды. Бірде үйіне барсам, таса­дағы өз бөлмесінде етпетінен жатып алып бас алмай кітап оқып жатыр екен. Кітапқа берілгені соншалық, ай­на­ласындағы дабырды естімейді де. Та­ғы бірде жұмысындағы кабинетіне рұқ­сатсыз кірсем, алдында жайылып жатқан газет-журналдардан бас ала алмай отыр. Көбі орыс тіліндегі ба­сылымдар. Ондағы жарияланымдар ішінен оқитыны – көбіне соңғы ақ­параттар мен саяси-сараптамалық мақалалар. Өзіне қажетті ойды немесе мәліметті тауып, өзіндік пікірін тұ­жырып алады да өзі басқарып отырған басылымға бағыт береді.

Ол – сауатты редактор. Біз «Өнер» баспасында бірнеше жыл бірге қызмет атқардық. Аз жылдың ішінде қаншама кітапқа редактор болды. Бірде-бірінде редактор Шәмші Паттеев тарапынан қате кеткен емес және қолжазбаны жылдам оқитын. Себебі ол мектепте де, университетте де жақсы оқыған, сауатты жазып үйренген, тез оқып машықтанған. Үнемі кітап оқып дағыдыланған Шәкеңнің қай мәтін болса да жылдам әрі сауатты оқитыны – оның жүре бітті қалыптасқан ма­шығы.

Біздің Шәкең сауатты редактор ғана емес, білімді де білікті менед­жер. Күні кеше ха­лық­аралық «Түркістан» апталығын басқарып жүргенде аптасына бір-ақ рет шығатын басы­лым­ның таралымын күрт көбейтті. Оқырманына оқылатын тың тақырыптар ұсынды. Ең бастысы, ол адамды да, маманды да тани алады. Білікті мамандарды айналасына жинап, газет ісін ұтымды ұйымдастыруға жұмылдырды. Аттары Алашқа белгілі аға буын қаламгерлер Дидахмет Әшімхан, Тынышбек Дайрабаев, Көлбай Адырбаевтардың заман сөзгерлік қабілеттерінің жаңа қырының ашылуына жол ашты. Өз қатарластары Жаңабек Шағатай, Таң­сұлу Алдабергенқызы, Рымтай Сағынбектерге өздерінің оң жамбасына келетін тақырыптарын тауып беріп, емін-еркін жасқанбай жазуына ықпал етті. Бұлардың ізін басар жас кадр­ларды баулуда да ол талғампаздық танытты. Бүгінде халықаралық тақы­рыпта жазуға қалыптасқан журналистер – Есенгүл Кәпқызы, Гүлби­ғаш Омарова, Нәзия Жоямерген, т.б осы «Түркістанда» жүргенде қалам­дарын ұштады. Қазірде руханият тақырыбына қамшы салдырмас жүй­рік журналистер – Гүлзина Бектас, Кам­шат Тасболат, Динара Мыңжасар, т.б осы басылымда жүріп шеберлігін шың­дады. Бұлардың да соңынан еріп келе жатқан жас буынды біздің Шәкең таңдап жүріп жұмысқа алған. Сөйтіп журналистика мамандары арасындағы кәсіби сабақтастықты үнемі жалғап оты­ру дәстүрін қалыптастырды. Қазір «Қазақ газеттері» ЖШС-ның тізгінін ұс­тап отыр. Құрамында бірнеше газет, журнал, сайт, портал бар бұл ұжым­ды бас­қаруда да оның жоғарыда айтыл­ған адами қасиет­терімен бірге кәсіби білігі өз нәтижесін берері сөзсіз.

Алла тағаланың ең жақсы көретін амалы ата-ана­ға жақсылық жасау екен. Біздің Шәкең ата-ана­сының кө­ңі­ліне қаяу түсіріп көрген емес.

Алла тағала өзінің құлдарына туыс­тарымен жақсы қарым-қатынаста болуды тапсырыпты. Біздің Шәкең өзінің туған-туысқандарымен, аға-іні бауырларымен тонның ішкі бауындай бірлікте өмір сүріп келеді.

Мұхаммед Пайғамбар сәбилерді өте жақсы көріпті, балаларын иығына отыр­ғызып алып еркелеткеннен ләззат алыпты. Біздің Шәкең де Алла тағала берген, қасында жүрген сүйікті жары Зәу­рештен көрген төрт ұлының бірін арқа­сына көтеріп, бірін құшағына алып, бірін жетектеп жүріп жетілдірді. Бәрі де қазір ұлтына қызмет етер парасатты ұлдар болып ержетті.

Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз «Мү­мін адам лағнет айтушы кісі болмауы керек» деген ха­дисін қалдырыпты. Осы хадисте айтылғанды жа­дында берік ұстап қалған біздің Шәкеңнің біреу­ге лағнет айтып жатқанын да көрген емеспіз.

«Шын байлық мал-мүліктің көп болуында емес, нағыз байлық – рухани байлық» деген өсиетті де біздің Шәкең бұрыннан білген. Сондықтан да ол рухани азық алуға жас күнінен ұм­тылған. Бірде ол мені Оңтүстік Қа­зақстан облысын аралатуға өз ма­шинасымен алып шықты. Сонда сонау жердің түбі Жетісайға жеткенше біздің Шәкең ән салып барды. Қолына домбыра алып, ел алдында ара-тұра ән салып жүрген, менің білетінім оның жатқа білген әндерінің оннан бірі ғана екен. Халық әндерін, халық композиторларының әндерін, қазіргі композиторлардың ең соңғы хит әндерін де қазақша да, орысша да жаңылмай бірінен соң бірін шырқағанда аң-таң болдым. Өйткені қанша жыл қасында жүріп, оның жадында осынша ән жинақталып жатқанын білмеппін. Қайтарда Шә­кеңнің қасында «әу» деуге арым бармай, тек оны тыңдаумен болдым.

Біздің Шәкең кемел адам, яғни толық адам болуға әу бастан дайын бол­ған. Әу бас­тан дегенім – ананың құрсағында жатқаннан деге­нім. Я ол анасының құрсағында жатқанда-ақ әр атқан таң сайын азанның қираға­тын естіді. Шыр етіп дүниеге келген­де оның үнін әуелі Алла естіген, Сай­рамда жатқан сан­сыз баб, Оты­рарда он­сан баб, Түр­кістанда түмен баб, Баб­тардың бабы – Арыстан баб, солар­дың жал­ғасы Қожа Ахмет Ясауи бабалары құлақ түрген. Атасы оқыған бес уақ намаздың ыр­ғағы­мен бесігінде тербелген. Тұсауы әжелері әуелет­кен Құран кәрім аятта­рымен кесілген. Иман­дылықтың ұрығы сіңген киелі топыраққа кін­дік қаны тамған біздің Шәкеңнің кемел адам болуға негізі әу бастан осылайша қаланған.

 

Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ