Үкімет • 13 Наурыз, 2020

COVID-19: Үкімет нақты шешімдер қабылдады

768 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 жаңа коронавирустық инфекцияны пандемия деп жариялады. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет арнайы алдын алу шараларын қолға алатынын Twitter-дегі парақшасында жазды.

COVID-19: Үкімет нақты шешімдер қабылдады

Президент өз жазбасында: «Қоғамдық іс-шаралар уақытша тоқтатылады. Азаматтар азық-түлікпен және ең қажетті тауарлармен үздіксіз қамтылады. Шағын және орта бизнес зардап шекпеуі тиіс», деді. Үкімет қолға алған алдын алу шараларының бірқатары кеше Президент жанындағы Ор­талық коммуникациялар қыз­метінде Премьер-Министрдің орын­басары Ералы Тоғжанов, Ден­сау­лық сақтау министрі Елжан Біртанов, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиевтің қатысуымен өткен брифингте айтылды.

Вице-премьер комиссияның бірқатар нақты шешімдерімен таныстырды. «Бұл індетті адам­заттың алдында тұрған ортақ мәселе ретінде қарастыруымыз керек. Президент алдын алу шараларына байланысты нақты тапсырмалар берді. Коронавирусқа байланысты құрылған комиссия бірқатар шешімдер қабылдады. Ең алдымен, 13 нау­рыздан бастап елімізде мерекелік, спорттық, мәдени-бұқаралық іс-шараларды, конференциялар, семинарлар мен көрмелерді өткізуге тыйым салынады. Екінші, денсаулық сақтау, білім беру объек­тілерінде және қоғамдық көп­шілік орындарда, Халыққа қыз­мет көрсету орталықтары, ком­муналдық шаруашылық, тамақ өнеркәсібі, базарлар, қоғам­дық тамақтану орындары, вокзал­дар, әуежайлар мен қонақүй­лер күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режімге көшуі тиіс. Сондай-ақ қарттар мен мүм­кіндігі шектеулі адамдарға ар­налған медициналық-әлеуметтік объектілерге, әлеуметтік оңалту орталықтарына, мүгедек балаларға оқу орнына баруға тыйым салу және оларға күшейтілген сани­та­риялық-дезинфекциялық ре­жімді енгізу; каникул кезінде оқушылардың өңірден тыс жерлерге экскурсия жасауына тыйым салу; қоғамдық көлікті жуу, дезинфекциялау; орта білім беру ұйымдарының 16 наурыздан бас­тап 5 сәуір аралығында каникулға шығуын қамтамасыз ету; 16 нау­рыздан бастап колледждер мен жоғары оқу орындарын қашықтықтан оқытуға, оның ішінде, білімді бағалаудың барлық түрлерін қашықтықтан жүргізуге ауыстыру;
1 «А», 1 «Б», 2 және 3-санаттардағы елдермен халықаралық жолаушылар қатынастарын шектеу және осы санаттағы елдерге ха­лықаралық, спорттық, мәдени, ту­ристік іс-шараларға шығуға тыйым салу сияқты уақытша шара­лар қабылданады», деген Е.Тоғ­жанов халықты тек ресми ақпарат көздеріне сенуге, дүрлікпеуге, алдын алу шараларын ұстануға және сақтауға шақырды.

А.Аймағамбетовтің айтуынша, мектеп оқушылары көк­тем­гі каникулға кесте бойынша 21 наурызда шығуы тиіс еді. Бірақ демалыс эпидемиологиялық жағ­дайға байланысты өзгеріп отыр. Ал балабақшалар жұмысын жал­ғас­тыра береді. Жағдай өзгерсе жедел шаралар қабылданады. «Ка­никул аяқталғанға дейін ахуалды қадағалап отырамыз, егер басқадай жағдай орын алса оқушыларды да қашықтықтан оқытуға тура келеді. Бірақ 68 мектепте мүлдем интернет жоқ. Бұл мәселе бойынша тиісті жұмыс жүргізіп жатырмыз», деді Білім және ғылым министрі.

Ол қашықтықтан оқыту фор­матына көшуге барлық универ­си­тет­тің қауқары жеткілікті екенін жеткізді. «Еліміздегі универси­тет­тер үлкен қалаларда орналас­қан, сондықтан барлық жерде техникалық және интернет жылдамдығы жағынан мүмкіндік бар. Қашықтықтан оқыту жаңадан шыққан жүйе емес. Бізде университеттер бірнеше жүйе бойынша жұмыс істейді. Бірақ Білім және ғылым министрлігінің беріп отырған ортақ талаптары бар. Біз 1,5-2 ай бұрын осы жұмысты бастап кеткен болатынбыз. Колледждер мен ЖОО-ларды тес­тілеуден өткізіп, қашықтықтан жұ­мыс істей алатындарын тексер­дік. Тиісті мамандар мен оқу орын­дарының басшыларынан құралған жұмыс тобы алгоритмді анықтады. Сондықтан жұмыс осы тәртіпте жүргізіледі», деді министр.

Спикерлер қоғамдық іс-ша­ралардың уақытша тоқтатылуына жеке-жеке тоқталды. Е.Тоғ­жа­новтың айтуынша, спорттық жарыстар тоқтамайды, бірақ көрер­менсіз өтеді. «Бұл – халықаралық тәжірибе. Барлық Еуропа елінде үлкен құрамалар көрерменсіз алаңға шығады. Бізде де осындай шешім қабылданды», деді ол.

Сондай-ақ сауда орындары жұмыс істейді. Оның ішінде дүкендер ашық болады. Бірақ кинотеатрлар жұмысын тоқтатады. «Фильм аз дегенде бір сағат көрсетілетінін білесіздер. Ғимарат ішінде көптеген адамның бір уақытта ұзақ болуы түрлі мәселені туындатады. Сол себепті осындай шешім қабылдадық», деді вице-премьер.

Е.Тоғжанов Наурыз мейрамына арналған іс-шаралар туралы да толықтырып өтті.  «Наурыз – ежелден келе жатқан халқымыздың дәстүрі мен салтына енген мейрамы. Бірақ адам өмірінің қауіпсіздігі ең маңызды мәселе. Сондықтан Наурыз мейрамында адам көп жиналатын үлкен тойлардың бар­лығына тыйым салынады. Ал аза­маттардың бір-бірімен көрісуін, кездесіп құттықтауын ешкім қа­дағалап тұра алмайды», деген ви­це-премьер туған күн басқосу­лары мен той-томалақты да мүм­кіндігінше кейінге шегеруді айтты.

Ал Абайдың 175 жылдығына арналған іс-шаралардың қалай өтетіні туралы сұраққа жауап берген Ақтоты Райымқұлова: «Мұндай іс-шараларды жаңа форматта өткізу жағын қарастырып жатырмыз. Мысалы, оны теледидар, әлеуметтік желі арқылы өт­кізуді ойластырудамыз. Хакім Абай­дың тұлғасын түсініп, ұлық­тау шаралары да жаңа форматта өткізіледі», деді.

Индустрия және инфра­құ­рылымдық даму вице-министрі Б.Камалиев халықаралық рейс­тердің ай­тар­лықтай қысқаратынын атап өтті. «Еуроодақ елдерімен және Ұлы­британиямен аптасына 29 рейстің 14-ін қысқарттық. Түркияға апта­сына қатынайтын 43 рейстің 15-ін ғана қалдырдық. Біріккен Араб Әмірліктеріне аптасына 32 рейс болатын, оның 12-сін ғана қалдырып отырмыз. Кеше ғана біздің министрлікте барлық шетелдік әуекомпаниялардың өкілдерімен жиналыс өтті. Жо­лау­шылардың талабына сай барлық әуекомпаниялары билеттерді айып­пұлсыз қайтаруы керек. Сапар­ды басқа уақытқа ауысты­ру үшін де айыппұл талап ет­пеуі тиіс. Қандай да бір әуеком­пания­сы мұны орындамаса авиация­лық әкімшіліктің тәулік бойы жұ­мыс істейтін байланыс орталы­ғына қоңырау шалып немесе ми­нистрлікке хабарласып шағым­дарын берсін», деді вице-премьер.

Денсаулық сақтау министрлігі 6 қаңтарда өткізген коронавирусқа байланысты алғашқы баспасөз мәслихатынан бері отандас­тарымызға қауіпті мемлекеттерге бармауды ескертіп келеді. Осыны қайталай айтқан Елжан Біртанов әр азамат бұл іске жауап­кершілікпен қарауы керек екенін жеткізді. Сондай-ақ ол қазір­гі кезде шетелден келіп жатқан барлық жолаушылар сауал­дама толтыруға міндетті екенін атап өтті. «Сауалдама элек­тронды жүйеге енгізіліп, жергі­лікті медициналық мекемелерге тапсырылады. Онда медицина қыз­меткерлері осы азаматтарды бақылауға алады. Алайда кей­бір азаматтар жауапсыздық таны­тып, қай елден келгенін толтырмай жатады. Бұл мәселені ше­шу үшін басқа да техникалық мүм­кіндіктерді қарастырып жатырмыз. Бас санитардың қаулысы бойынша карантиннен бас тартып немесе қашып жүрген кісілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Егер ол ауырып, басқаларға ауру жұқтырса қылмыстық жау­ап­кершілікке тартылатынын баса айтқым келеді», деді ол.

Е.Біртанов эпидемиологиялық жағдайға болжам жасау және ол туралы айту – Денсаулық сақтау министрлігінің міндеті екенін айта келіп: «болжамды математикалық және статистикалық формулалармен арнайы мамандар ғылыми-зерттеу арқылы жасайды. Қазіргі кезде 120 мемлекетте 125 мыңнан астам науқас тіркелді. Осы елдердің көбі біздің елмен әуе, темір жол және басқа да тасымалдау жолдары арқылы тікелей қарым-қатынаста. Жыл басынан бері шетелден 1 млн-нан астам адам елге келді. Әрине олардың инфекцияны тасымалдау мүмкіндігі бар. Мұндай ғылыми болжамдар ең алдымен алдын алу шараларын – дәрі-дәрмек, медициналық жабдықтар сатып алуға, мамандар дайындауға қажет», деді. 

Жиында спикерлер маска мәселесіне де жауап берді. «Мас­­камен қамту мәселесі Пре­мьер-Министрдің тікелей бақы­лауында. Қазір күніне 230 мың маска өндіріледі. Мұны 250 мыңға дейін көтеру қарастырылып жатыр. Еліміз бойынша 1700 дәрі­ха­наны маскамен қамту көзделген. Де­генмен, дәріханадағы маска баға­сын 100 пайыз бақылау мүм­кін емес болып тұр», деді Е.Тоғжанов.

 

Соңғы жаңалықтар