«Көрмені ашып берген Отырар аудан әкімі Жүнісов Әбдіғали Айтжанұлы: «Абайдың мерейтойы – Қазақстан мәдениеті мен әдебиетінің, қазақтың сөз өнерінің мерекесі. Оның өнегелі өмірі мен ғажайып туындылары халқымыздың игілігіне мәңгі қызмет ете береді. Баршаңызды қазақтың бас ақыны, ағартушы, философ, жазба әдебиетінің негізін салушы Абай Құнанбаевтың құрметіне арналған көрменің салтанатты ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!» - деп, аталған көрмені ұйымдастырған Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің ұжымына ризашылығын білдіре отырып, алғыс хатын табыс етті.
Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған көрменің ашылуына құттықтау сөз алған халық ақыны Әселхан Қалыбекова мен Нұртаза Алдабергенов Абай мұрасы - қазақтың ең қасиетті, теңдесі жоқ, алтын қазынасы екендігін жеткізіп, осындай игі іс-шаралар арқылы халқымыз ғұлама Абайдың рухани дүниесіне терең бойлап, оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түсетіндігін айтты.
Көрменің ашылу салтанатында Ұлы ақынның өлеңдері мен әндері шырқалып, жас ақын Гаухар Жүсіпәлиева Абай Құнанбаевқа арнаған жырын оқыды.
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің жетекші ғылыми қызметкері Нұрсұлу Өмірбекова көрменің мақсаты мен мазмұнына тоқталып, Отырар өңіріне Абай мұраларын насихаттауға қолдау білдірген Отырар қорық-музейі ұжымына алғыс білдірді.
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің қорындағы Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты тарихи құжаттар мен архивтік деректер, құнды қолжазбаларымен жабдықталған көрмені Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің жетекші ғылыми қызметкері Нұржан Ерланұлы таныстырды. Сондай-ақ көрмеде Абайдың өмір сүрген кезеңі және оның айналасына қатысты тарихи тұлғалар туралы, Абайдың ақындық өнер айналасы және Семей қаласындағы 80 жылдық тарихы бар қасиетті қара шаңырақ Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің тарихы мен абайтану ғылымының дамуы хақында мол мағлұматтар алуға болады.
Ұлы ақынның мұралары Отырар ауданының түрғындары мен қонақтарына бір ай көлемінде насихатталады.