Аймақтар • 13 Наурыз, 2020

Түркістан: 2375 өнім зерттеліп, 200-інде сәйкессіздік анықталған

301 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті өнімдердің қауіпсіздігіне мониторинг жүргізуді бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіп келеді. Өткен жылы департамент тарапынан 2375 өнім түрінің сынамалары зертханалық тексеруден өткізіліп, нәтижесінде оның 200-інің талапқа сай келмейтіні анықталды. Бұл туралы Түркістан облысы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Түркістан: 2375 өнім зерттеліп, 200-інде сәйкессіздік анықталған

Бұл жөнінде бүгін Түркістан облысы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінде «Кәсіпкерлік субъектілеріне барумен профилактикалық қадағалау және бақылауды жүргізу және ұйымдастыру, тағам және тағам емес өнімдердің техникалық регламенттер талаптарына сәйкестігі бойынша сынамалар алу» тақырыбында өткен семинар барысында айтылды.

Департамент басшысының орынбасары Д.Тагибаев тексеру барысында назар аударылуы тиіс негізгі міндеттерге тоқталып, семинарға қатысушылардың зерттеу барысында туындайтын мәселелерге қатысты пікірлерін тыңдады.

Техникалық регламенттерді бақылау бөлімінің басшысы Ж.Күздікбаева зертханалық зерттеуге алынған 1537 тағам өнімдері сынамаларының 6,2 пайызы, 838 тұтыну бұйымдары сынамаларының 12,4 пайызы техникалық регламент талаптарына сәйкес еместігі анықталғанын атап өтті.

Анықталған кемшіліктерді жою үшін өткен жылы 76 санитариялық ұйғарым беріліп, 23 әкімшілік құқық-бұзушылық іс қозғалған. Жалпы салынған 4 835 375 теңге айыппұлдың 934250 теңгесі соттың қаулысымен өндірілген. Сауда орындарынан техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтін, жалпы құны 383799 теңгені құрайтын өнімдер жеткізіп берушілерге кері қайтарылған.

«Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК Түркістан облысы бойынша филиалының Шымкент қалалық бөлімшесі бастығының орынбасары Б.Абуова, санитариялық-гигиеналық зертхана меңгерушісі А.Абдиева, бактериологиялық зертхана меңгерушісі Б.Искакова сынамаларды алу және санитариялық-эпидемиологиялық сараптау бойынша сұрақтарға жауап беріп, тәртібін түсіндірді.

Техникалық регламенттер талаптарының сақталуын бақылау бөлімінің бас маманы Н.Бекмұратов өнімдердің қауіпсіздігін мониторингілеу шеңберінде жоспардың орындалу барысы жөнінде баяндады.

Жиын соңында қала және аудан департамент басшылары жұмысты жүйелеу мен жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын ортаға салып, мамандармен кеңесті.