Қоғам • 13 Наурыз, 2020

«Алматының жыл мұғалімі» конкурсында бас жүлдеге пәтер беріледі

1886 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасына орай қалалық Білім басқармасы «Алматының жыл мұғалімі» атағын беру бойынша орта білім беру ұйымдарының мұғалімдері арасында конкурсын бастады.

«Алматының жыл мұғалімі» конкурсында бас жүлдеге пәтер беріледі

Конкурс жеңімпаздары жыл сайынғы «Мұғалімдер күні» мерекесінің салтанатында марапатталады. Конкурстың Бас жүлдесіне «Алматының жыл мұғалімі» атағы беріліп, жүлделі орындарға ие болған конкурс қатысушыларына диплом, құнды сыйлық беріледі (Бас жүлде - бір бөлмелі пәтер, І орын - автокөлік) және бір жолғы ақшалай сыйақы беріледі (II орын - 2,5 млн теңге, III орын - 1 млн теңге).

Қазіргі кезде ұстаздар қауымы мектепішілік сайыстардан өтіп, қазіргі кезде 400-ге жуық жеңімпаз ауданаралық кезеңнен өтуде.

Алматы қаласы Білім басқармасының «Білім берудегі жаңа технологиялардың қалалық ғылыми-әдістемелік орталығы» ҚКМ директоры Андрей Дупик журналистермен баспасөз брифингі барысында конкурс шартымен таныстырып өтті. А.Дупиктің айтуынша, «Алматының жыл мұғалімі» конкурсына Алматы қаласының орта білім беру ұйымдарының кемінде бес жыл үзіліссіз педагогикалық өтілі бар барлық пән мұғалімдері қатыса алады. Сонымен бірге міндетті шарт – конкурсқа қатысушы мұғалім ұсынған мектепте кемінде 3 жыл жұмыс өтілі болуы қажет. Конкурс үш кезеңде өткізіледі: I кезең – мектепішілік, ағымдағы жылдың ақпан айында өткізілді. Бірінші кезеңнің қорытындысымен әр мектеп екіден артық емес жеңімпаздарды Конкурстың екінші кезеңіне ұсынды. II кезең – аудандық, ағымдағы жылдың наурыз айында өткізілуде. ІІ кезең қорытындысы бойынша әрбір ауданнан ең жоғары балл жинаған бес жеңімпаз конкурстың ІІІ кезеңіне ұсынылады.  III кезең – қалалық, ағымдағы жылдың сәуір-қыркүйек айларында өткізіледі.

Брифинг барысында «Білім берудегі жаңа технологиялардың қалалық ғылыми-әдістемелік орталығы» ҚКМ бөлім басшысы Әкімжан Сайлыбаев «Алматының жыл мұғалімі» атағын беру қоғамда педагог мәртебесін көтеруге, кәсіби және әлеуметтік келбетін қалыптастыруға, талантты мұғалімдерді анықтау, оларға қолдау көрсету мен марапаттауға, педагогикалық шығармашылыққа ынталандыруға бағытталғандығын атап өтті. Конкурстың мақсаты –  мұғалімдердің  шығармашылық мүмкіндіктерін аша отырып, педагогтік шеберлігін таныту, тәрбиелік әлеуеті жоғары педагогикалық тәжірибені зерделеу,  бәсекеге қабілетті тұлғаны  қалыптастыратын инновациялық тәжірибені анықтау сияқты оқушы бойында сындарлы ойды, функционалдық сауаттылықты қалыптастыратын озық тәжірибелерге негізделген басымдықтарды қамтиды.

Конкурстың қалалық кезеңі 5 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең (іріктеу) – пән бойынша олимпиада, мұғалімнің портфолиосын зерделеу. Бұл турда қатысушының оқытатын пәніне байланысты теориялық дайындығы мен мұғалімнің кәсіби жетістіктері бағаланады. Екінші кезең – (іріктеу) «Менің инновациялық педагогтік тәжірибем» айдарымен мұғалімнің кәсіби шығармашылығының тұжырымдамалық негіздерінің, әдістемелік және технологиялық құрылымының таныстырылымы. Бұл кезеңде мұғалімнің кәсіби шығармашылығының тұжырымдамалық, әдістемелік және технологиялық негіздерінің өзектілігі, нақтылығы, инновациялығы және оның баяндау шеберлігі, жаңашылдығы, сындарлы ойлауы, жобаның тәжірибелік бағыты бағаланады. Үшінші кезең – «Сабағым – мұғалімнің кәсіби тұжырымымның айнасы» айдары мұғалімнің таныстырылымында баяндаған тұжырымдама негізінде өткізілетін сабағы. Конкурсқа қатысушы сабақты басқа мектептің оқушыларымен өткізеді. Бұл турда мұғалімнің кәсіби шығармашылығының тұжырымдамалық негіздемелері, әдістемелік және технологиялық құрылымы сабақта қаншалықты жүзеге асқандығы, оқушының функционалдық сауаттылығын қалыптастыратын сындарлы ойлауын, қарым-қатынас жасау қабілеті және командада жұмыс істеу дағдысын дамытуды іске асыру деңгейі бағаланады. Төртінші кезең – «Мен елімнің патриотымын» тақырыбында басқа мектептің оқушыларымен тәрбие сағатын өткізу. Бұл турда оқушы бойында оның Кіші Отанына деген сүйіспеншіліктен, Қазақстанда тұратын халықтардың рухани-адамгершілік құндылықтары призмасы арқылы ұлттық бірегейлікті сақтаудан басталатын қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы мұғалімнің шығармашылық әлеуеті мен тәжірибесі бағаланады. Бесінші кезең – «Менің Қазақстанның дамуына қосқан үлесім» тақырыбындағы мұғалімнің телевизиялық таныстырылымы. Телевизиялық таныстырылым «Алматы» телеарнасында өтеді. Көрермендер конкурстың нақты бір қатысушысына дауыс береді. Таныстырылым ұзақтығы – 7 минутқа дейін. Бұл кезеңде мұғалімнің ұстанымы, өз-өзіне сенімі, сындарлы ойы бағаланады.

Конкурстық комиссия педагогикалық, психологиялық және әдістемелік сала ғалымдарынан, республикалық «Үздік педагог» конкурстарының жеңімпаздарынан, ардагер-ұстаздарынан, жаңашыл-педагогтар, әдіскерлерден және қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен құрылатын болады.

 

 

АЛМАТЫ