Қоғам • 13 Наурыз, 2020

Әліпбиді жетілдіру жұмыстары жалғасады

448 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық жұмыс тобының кеңейтілген отырысы өтті.

Әліпбиді жетілдіру жұмыстары жалғасады

Отырыс барысында ғалымдар Тіл саясаты комитетінің әліпбиді жетілдіруге қатысты еліміздің барлық өңірінде, жоғары оқу орындарында, мектептерде өткізген әліпбиді жетілдіруге байланысты сынама және  талқылау, сауалнама нәтижелерімен танысты.

Кеңесте ғалымдар әліпби құрамына с, w, х таңбаларын енгізу қажет пе, ц, ч дыбыстарына таңба арнаудың өзектілігі қандай, и, і және ң дыбыстарының таңбасын жеке-жеке қайтадан қарастыру дұрыс па деген мәселелерді талқылады.

Ғалымдар ң дыбысын оқуға, жазуға ыңғайлы n таңбасының үстіне тильда беріп, классикалық үлгіде пайдалану дұрыс деп шешті.  Дегенмен әліпбиге C қарпін енгізу, С (си) дыбысымен Ц әріпін таңбалау немесе оны әліпбиге мүлде енгізбеу туралы мәселеде  ғалымдар  пікірі екіге жарылды. Бұл мәселе әлі де талқыланатын болады.

Сондай-ақ W,X,C дыбыстарын әліпбиге кірме сөздерді пайдалану үшін қосымша дыбыстар ретінде алуды және пернетақтада орналастыруды дұрыс деп шешті. Әліпбидегі басқа дыбыстар, таңбалар Ұлттық комиссия жанындағы төрт жұмыс тобы ғалымдары мақұлдаған қалыпта қалдырылды.

Әліпбиді жетілдіру жұмыстары жалғасады. Кейбір пікір қайшылығын тудырған дыбыстарға байланысты сараптаулар жасалынады.

Жетілдірілген әліпби жобасы толық талапқа сай болғанда Үкіметтегі Ұлттық комиссяның қарауына ұсынылатын болады.