Қазақстан • 13 Наурыз, 2020

Қазақстан-Ресей шекарасынан ішкі құжатпен өтуге уақытша шектеу қойылды

555 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

COVID-2019 коронавирусының таралуына байланысты қазақстан-ресей, қазақстан-қырғыз мемлекеттік шекарасын ішкі құжатпен өтуге уақытша шектеу қойылды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан-Ресей шекарасынан ішкі құжатпен өтуге уақытша шектеу қойылды

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) жаңа COVID-2019 вирусын пандемия деп жариялады. Ол – жаңа аурудың дүниежүзілік ауқымда таралуын білдіреді. 

COVID-2019 коронавирусының Қазақстан территориясына өтуін барынша азайту, ұлттық қауіпсіздік пен халықтың денсаулығын сақтау үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі қазақстан-ресей, қазақстан-қырғыз  мемлекеттік шекарасын өту кезінде Қазақстан Республикасының азаматтары үшін (жеке куәлік, туу туралы куәлік), Ресей Федерациясы азаматтары үшін (РФ азаматының паспорты), Қырғыз Республикасы азаматтары үшін (ID карта) ішкі құжаттардың қолданылуын уақытша шектеу туралы шешім қабылдады.

Сонымен қатар бүгінгі күні Ресей Федерациясы территориясындағы Қазақстан Республикасының азаматтары мен Қазақстан Республикасы территориясындағы ресейлік азаматтар, сондай-ақ Қырғыз Республикасы территориясындағы Қазақстан Республикасының азаматтары мен Қазақстан Республикасы территориясындағы Қырғыз Республикасының азаматтар елге келген кезде қолданған құжаттарымен еш шектеусіз өз елдеріне қайта алады.

COVID-2019 коронавирусы таралуының бәсеңдеуіне қарай қазақстан-ресей, қазақстан-қырғыз мемлекеттік шекараларын өту тәртібі өз қалпына келеді.

Қазақстан-ресей, қазақстан-қырғыз мемлекеттік шекараларын өту кезінде ішкі құжаттардың қолданылуын уақытша шектеуге бағытталған шараларға түсіністікпен қарауға шақырамыз. Қазақстан-ресей,  қазақстан-қырғыз мемлекеттік шекарасын өту тәртібі Қазақстан Республикасы азаматтарында шетел төлқұжаты, Ресей Федерациясының және Қырғызстан Республикасы азаматтарында шетел төлқұжаты бар болған жағдайда ашық болып қала бермек.