Республикалық және жергілікті БАҚ өкілдері қатысқан шарада университет ректоры Бейбіткүл Кәрімова аймақтағы білім мен ғылымның қарашаңырағы саналатын іргелі оқу орнындағы бастамалар жайлы баяндады.
Білікті маман даярлау қай оқу орнының да алдында тұрған басты міндет. Осы мақсатта алдағы сәуір айында мектеп бітірушілер арасында облыстық пәндік олимпиадалар өткізіледі. Соның қорытындысына сәйкес сұранысқа ие мамандар даярлау үшін университет тарапынан 2020-2021 оқу жылында қабылданатын түлектерге ректор гранты және өндіріс орындары жетекшілері, кәсіпкерлер гранттары бөлінеді.
Қазіргі күні балаға кәсіби бағдар беру жұмыстарын ертерек қолға алуды ескергеніміз дұрыс. Университетте бұл бағытта арнайы Жол картасы қабылданып отыр.
– Біз көбіне мектеп түлектерінің болашақ мамандығына 10-11-сыныптарда ғана мән береміз. Мамандық әрбір жастың өмірлік таңдауы болғандықтан, шәкірттер оны ерте таңдап, соған бейімделуі керек. Бұл – кәсіби маман дайындаудың басты шарты. Міне, осы жұмыстарды жүйелі жүргізіп, оқушыларға көмек көрсету, психологиялық қолдау білдіру мақсатында наурыз айынан бастап университетте «Рекрутинг» орталығы ашылды, – деді ректор.
Кездесуде білімді маман даярлаудағы бастама жайлы қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкір, «Qyzylorda» телеарнасының директоры Жағыппар Қарабала, облыстық «Кызылординские вести» газетінің бас редакторы Қазыбек Ботаев пікір білдіріп, бірқатар ұсыныстар айтты.
Университет басшылығы мен «Сыр медиа» ЖШС, «Qyzylorda» телеарнасы жетекшілері арасында келісімге қол қойылғаннан кейін бірқатар әріптестерімізге Қорқыт Ата атындағы «Алтын медаль», «Үздік түлек» төсбелгілері тағылып, «Құрмет грамотасы» табыс етілді.