Аталмыш саланың белді маманы Назгүл Олжабайқызының алдына бүгін де бірнеше адам келіп отыр. Оны жерге орналастырушы маман ғана емес, ұжым медиаторы десе де болғандай. Себебі, жер пайдаланушылардың жер қатынастарында туындай қалған кейбірмәселелерін сотқа жеткізбей шешу үшін де тәжірибелі де білімді маманның кеңесі қажет. Міне, сондай кеңесті алу үшін әріптестері мен жер пайдаланушылар Назгүл Олжабайқызына жүгінеді.
«Іс тетігі білікті маман қолында» екені бесенеден белгілі. Өз кəсібінің қыр-сырын жетік меңгерген Назгүл Томпақова білімді де білікті маман ретінде таныла біліп, лауазым биігіне сатылай көтерілді. Салаға осыдан 17 жыл бұрын келіп, Жұмысын инспекторлықтан бастаған ол, бүгінде басқарма басшысының орынбасарына дейінгі сатылардан өтті.
Әрине, қызмет жоғарылаған сайын қойылар талап, жүктелер міндет, атқарар шаруа да ауқымды болары заңдылық. Еңбек, тек адал еңбек қана абыройға жеткізетінін жас кезінен-ақ көңіліне тоқып, көкейіне түйіп өскен Назгүл, өзіне сеніп тапсырылған осынау міндетті үлкен жауапкершілікпен еңсеріп келеді. Жерді пайдалану мен қорғауды ұйымдастыруға бағытталған іс-шаралар, жер пайдаланушылардың ақпараттарын базаға енгізу, жер учаскесіне меншік құқығына және жер пайдалану құқығына құжаттар дайындау, олардың дер кезінде орындалуын жіті бақылауда ұстау үлкен жауапкершілік пен біліктілікті талап етеді.
Жұмыс желісі нақты цифрларға негізделгендіктен, қырандай қырағы, сауысқандай сақ болудың маңызы зор. Оған қоса заман талабына сай жаңа бағдарламаларды игеріп, жұмыс тиімділігі мен сапасын арттыру міндетін де басты назарда ұстайды.
«Осындай жауапты қызметтің ауыр жүгін арқалай жүріп, Назгүл Олжабайқызы бойына біткен адамгершілік асыл қасиеттерден еш айнымай, жас мамандарға білгенін үйретіп, тәлімді тәлімгер ретінде қамқорлық танытып отырады. Дана халқымыз «Алмас қанжарды жұмсақ қайраққа қайрайды», «түсі жылыдан түңілме» деп тегін айтпаған. Табиғатынан кішіпейіл, жүзінен шуақ шашып күлімсіреп жүретін Назгүл Олжабайқызы байыпты да байсалды мінезі мен жұмыстағы табандылығының арқасында өз ортасына сыйлы, ұжымында зор құрметке ие. Ұлағатты жанның ел игілігі жолындағы атқарған еңбегі де елеусіз емес. 2007 жылы Жер қатынастары басқармасының, 2019 жылы «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕАҚ Құрмет грамоталарына ие болуы еселі еңбектің жемісі», дейді ұжым қызметкерлері.
«Назгүл біздің мақтанышымыз. Ұжымдағы әріптестердің бәрі де Назгүлге құрметпен қарап, тәжірибесінен, ісінен үлгі алады. Қызмет алушылардың алғыстары мен ақ батасы қаншама!», – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» МК Алматы қалалық филилы Жер кадастры басқармасы басшысының орынбасары Алтай Нұрқанұлы.
«Ана – үйдің берекесі, бала – үйдің мерекесі» деген ғибратты сөз бар. Сол айтпақшы, Назгүл Олжабайқызы білікті маман ғана емес, ең бастысы үйдің де, түздің де шаруасын бір кісідей дөңгелетіп жүрген аяулы ана. Енді тәй-тәй басып жүрген сәбиі – Рахымжан, жұмыстағы шаршағанын басатын көз қуанышы, өмірінің жалғасы. «Оның әрбір қадамы мен былдырлаған тілі – менің дәруменім» дейді жүрегі мейірімге толған Назгүл ана.
АЛМАТЫ