Қазақстан • 15 Наурыз, 2020

Елордада ауылшаруашылық техникаларының көрмесі өтті

597 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада кезекті халықаралық мамандандырылған Agritek-Farmtek ауылшаруашылық техникаларының көрмесі өтті. Дәстүрлі шара осымен он бесінші мәрте ұйымдастырылылғанын айта кетейік.

Елордада ауылшаруашылық техникаларының көрмесі өтті

Елімізде ауылшаруашылық өндірісіндегі еңбек өнімділігін кемінде 2 жарым есеге арттыру міндеті межеленгені мәлім. Оған қол жеткізудің негізгі жолдарының бірі – ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерді заманауи техникамен қайта жарақтандыру.

Көрмеге 18 елден 200-ге жуық кәсіпорын қатысты. Шетелдік компаниялардың Қазақстандағы өкілдері, сырттан келетін тракторлардың бағасы 10 млн теңгеден басталатынын айтты. Шетелдік компаниялардың сатылым жөніндегі менеджері Бауыржан Шолпан бұл техникалардың ерекшеліктері мен артықшылықтары жайында:

– Бастапқыда шетелдік техникалардың бағасы қазақстандық фермерлер үшін тым қымбатқа түсетін. Қазір біздің алқаптарға бейімделген шағын ауылшаруашылық техникалары келіп жатыр, оларға шағын шаруашылықтар тарапынан сұраныс бар. Елімізде агросекторды цифрландыруға аса мән берілуде. Сондықтан алқаптарды GPS арқылы бақылау, нақты қанша гектар барын білу, егілген өнім көлемін анықтау сынды мәліметтер тракторларда автоматты түрде берілетін болады. Сонымен қатар, ауаның ылғалы мен температурасын анықтайтын және топырақтың ылғал мөлшерін дөп көрсететін мәліметтер базасы фермер үшін қолжетімді, − дейді ол.

Жалпы, пайдалану мен жөндеудің техникалық шарттары бойынша тракторлар, комбайндар мен басқа да техникалар 15 жылдан кейін есептен шығарылуы тиіс. Өкінішке қарай, Қазақстанда қолданылған техниканың 60 %-ға жуығының қолданыс мерзімі өтсе де, әлі жұмыс істейді. Оның үстіне ескірген техниканың қуаты 40 аттың күшін құрайды. Салыстыру үшін айтар болсақ, АҚШ-та – 300 ат, Германияда 500 ат күші бар техникалар жұмыс істейді. Мамандардың айтуынша, еліміздегі тозығы жеткен техниканың салдарынан өндіріс шығындары көлемі 20%-ға жетіп отыр.

Бұған дейін де ауыл шаруашылығы саласында машиналар мен жабдықтар паркін уақытында жаңарту үшін агросекторға арналған машиналарды шығару ісін жандандыру қажеттігі туралы мәселе сан мәрте көтерілген болатын. Алайда, агроөнеркәсіп кешенінде заманауи техникалардың үлесі ауыз толтырып айтарлықтай деңгейде емес. Agritek-Farmtek осы олқылықтардың орнын толтыруға бағытталған маңызды шаралардың бірі саналады.

 Үш күнге жоспарланған көрмеде ауылшаруашылығы техникаларын шығаруды жолға қойған елдердің озық өнімдері ұсынылды. Олардың қатарында тыңайту және сұрыптау технологиясы, тыңайтқыш түрлері, мал мен құс шаруашылығына арналған техникалар болды. Көрмеге келуші шаруа қожалықтар иелері, ауылшаруашылық саласының мамандары кәсіпкерлермен келісімшартқа отыруға мүмкіндік алды.

Осыдан 7 жыл бұрын халықаралық мамандандырылған ауыл шаруашылығы көрмесі «UFI Approved Event» статусын алған болатын. Бұл белгі шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, бизнестің дамуына және саланың қалыптасуына оң әсер еткенін көрсетеді.