Экономика • 16 Наурыз, 2020

Озық техникаларды таныстырды

341 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада кезекті халықаралық мамандандырылған Agritek-Farm­tek ауылшаруашылық техникаларының көрмесі өтті. Дәстүрлі іс-шара осымен он бесінші рет ұйымдас­тырылғанын айта кетейік.

Озық техникаларды таныстырды

Елімізде ауылшаруашылық өндірісіндегі еңбек өнімділі­гін кемінде 2 жарым есеге арт­тыру міндеті межеленгені мәлім. Оған қол жеткізудің негізгі жолы – ауыл­­ша­руа­шылық тауарларын өн­діруші­лерді заманауи техникамен қайта жарақтандыру.

Көрмеге 18 елден 200-ге жуық кәсіпорын қатысты. Шетелдік ком­паниялардың Қазақстан­дағы өкілдері, сырттан келетін трак­торл­ардың бағасы 10 млн теңге­ден басталатынын айтты. Шетел­дік компаниялардың сатылым жөніндегі менеджері Бауы­ржан Шолпан бұл техника­лардың ерекшеліктері мен артықшылықтары жайында:

– Бастапқыда шетелдік техни­ка­лардың бағасы қазақстандық фермерлер үшін тым қымбат­қа түсетін. Қазір біздің алқап­тарға бейімделген шағын ауыл­шаруа­шылық техникалары келіп жатыр, оларға шағын шаруа­шы­лықтар тарапынан сұраныс бар. Елімізде агросекторды цифр­ландыруға аса мән берілуде. Сон­дықтан алқаптарды GPS арқылы бақылау, нақты қанша гектар барын білу, егілген өнім көлемін анықтау сынды мәлі­меттер трак­тор­ларда автоматты түрде берілетін болады. Соны­мен қатар ауаның ылға­лы мен тем­пе­ра­­турасын анық­тай­тын және топы­рақтың ылғал мөл­шерін дөп көрсететін мәліметтер базасы фермер үшін қолжетімді, − дейді ол.

Жалпы, пайдалану мен жөндеудің техникалық шарттары бойынша тракторлар, комбайндар мен басқа да техникалар 15 жылдан кейін есептен шығарылуы тиіс. Өкінішке қарай, Қазақстанда қолданылған техни­каның 60%-ға жуығының қол­даныс мерзімі өтсе де, әлі жұмыс істейді. Оның үстіне ескірген техни­каның қуаты 40 аттың күшін құрайды. Салыстыру үшін айтар болсақ, АҚШ-та – 300 ат, Германияда 500 ат күші бар техникалар жұмыс істей­ді. Мамандардың айтуынша, елі­міздегі тозығы жеткен техника­ның салдарынан өндіріс шығын­дары көлемі 20%-ға жетіп отыр.

Бұған дейін де ауыл шаруа­шылығы саласында машиналар мен жабдықтар паркін уақы­тында жаңарту үшін агросек­торға арналған машиналарды шы­ғару ісін жандандыру қажет­тігі туралы мәселе сан мәрте көтерілген болатын. Алайда агро­өнер­кәсіп кешенінде зама­науи техникалардың үлесі ауыз толтырып айтарлықтай деңгейде емес. Agritek-Farmtek осы олқылықтардың орнын тол­тыруға бағытталған маңызды шаралардың бірі саналады.

Үш күнге жоспарланған көр­меде ауылшаруашылық техникаларын шығаруды жолға қойған елдердің озық өнімдері ұсынылды. Олардың қатарында тыңайту және сұрыптау технологиясы, тыңайтқыш түрлері, мал мен құс шаруашылығына арнал­ған техникалар болды. Көрмеге келуші шаруа қожалықтары ие­лері, ауылшаруашылық сала­сы­­ның мамандары кәсіпкер­лер­мен келісімшартқа отыруға мүмкіндік алды.

Осыдан 7 жыл бұрын халық­ара­­лық мамандандырылған ауыл шаруашылығы көрмесі UFI Approved Event статусын алған болатын. Бұл белгі шара­ның жоғары деңгейде ұйы­мдас­тырылғанын, бизнестің дамуына және саланың қалыптасуына оң әсер еткенін көрсетеді.