Түркия президенті мен ЕО басшыларының кездесуіне наурыздың басында Түркия мен Грекия арасындағы шекарада туған жанжал себеп болып отыр. Р.Ердоған Идлибке шабуыл жасалғаннан кейін Сириядан келген босқындарды игерудің қиындығын айтып, олардың Еуропаға өтуіне кедергі келтірмейтінін мәлімдеген-ді. Осылайша, жайлы өмір аңсаған жұрт шекараға қарай ағылған. Алайда гректер тарапы босқындарға жылы қабақ танытқан жоқ. Полиция қызметкерлері мен босқындар арасында қақтығыс болды.
Жалпы, Урсула вон дер Лейен бастаған «қарт құрлықтың» әккі саясаткерлерін айтқанға көндіру оңай шаруа емес екені белгілі. Бұл тұрғыдан алғанда Р.Ердоған тиімді әдіс қолданды десек қателеспейміз. Кезінде Сирияда соғыс өрті тұтанып, Таяу Шығысқа «араб көктемі» келгенде босқан халық Еуропаны жағалаған. Мұндайды күтпеген «қарт құрлық» әбден абдырап, иммиграциялық дағдарысқа ұшырағаны есімізде. Содан бері Еуропа саясаткерлері үшін босқындар мәселесі «Ахилестің өкшесі» тәрізді әлсіз тұсқа айналды.
Мұны Анадолы ұтымды пайдаланып кетті. Түркия әскері Идлибте соғысқанын жоғарыда айттық. НАТО тарапы да, Еуропа елдері де Р.Ердоғанның бұл шешімін аса құптай қойған жоқ. Әрекетін қолдамағанды келіссөзге тарту қиын екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан Түркия тарапы қолда бар ықпалды «күшін» – босқындарды пайдалануды жөн көргені анық байқалады.
Мигранттардың Еуропаға өтуіне жағдай жасау арқылы ЕО басшыларының мысын басты. Енді ше, Р.Ердоған шекараны босқындарға ашатынын мәлімдеген соң, бір аптаның ішінде 35 мыңға жуық мигрант «қарт құрлыққа» бет алған. Бұл – бір жағы популистік партиялардың күшеюі, екінші жағынан коронавируспен алысып отырған Еуропаға оңай тимейтіні айдан анық мәселе. Мұны Анадолы да, Еуропалық одақ та жақсы түсінеді.
Осындай қадамдардан кейін Түркия президенті Режеп Ердоған Еуропалық комиссияның президенті Урсула вон дер Лейенмен және Еуропалық кеңестің президенті Чарльз Майклмен келіссөз өткізді. Түркия басшысының айтуынша, ресми Брюссель тарапы Түркияға жеткілікті қаражат бөліп отырған жоқ. «Босқындар дағдарысынан» кейін ЕО мен Түркия 2016 жылы келісімге келіп, Брюссель мигранттардың ағынын реттеп отыру үшін түріктерге жыл сайын 6 миллиард еуро қаражат беріп отыруға уағдаласқан-тұғын.
Р.Ердоғанның сөзіне қарағанда, бұл сома жеткіліксіз. Қазіргі таңда Шам елінен келген босқындарды паналату үшін Түркия 40 миллиард еуро жұмсаған көрінеді. Сондай-ақ өткен айда Түркияның Сирияда жасаған әскери іс-қимылын қолдамағанына наразы.
ЕО басшылары Түркияның бірқатар ұсынысына келіссе де, Р.Ердоғанның шекара мәселесін саясатқа айналдырғанын айыптады. «Грекия мен Түркия шекарасындағы оқиға Еуропалық одаққа саяси қысым жасау екенін анық аңғартады. Мұның шешімін табу басқаша әрекетті қажет ететін еді», деді У.Лейен.
Әйтсе де, Түркияның босқындарды саяси құрал ретінде пайдалануына наразылық танытса да, ЕО жеңілдік жасауға келісті. Нәтижесінде, Еуропалық одақтың сыртқы істер бойынша бас өкілі Джозеф Боррелл түркиялық әріптестерімен бірлесіп мәселені шешуге кіріспек.
Сонымен қатар 2016 жылы жасалған келісім де қайта қаралмақ. Урсула вон дер Лейеннің сөзіне сүйенсек, сарапшылар кемшін тұстарды түзеуге тырысады. Өз кезегінде Р.Ердоған түріктердің Шенген аймағына емін-еркін кіруіне мүмкіндік беруді сұрады. Вон дер Лейен бұл мәселені де қарастыруға келісті.
Бұдан бөлек, Еуропалық комиссияның президенті Брюссельдегі кездесу босқындар мәселесін шешуге бағытталған жан-жақты қадамның бастамасы ғана екенін жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, ЕО Түркияға қаржылай көмек қана көрсетіп қоймайды, сонымен қатар соғыстан зардап шеккен аймақтан босқан халықты паналатудың басқа да тетіктерін қарастырмақ.