Қазіргі уақытта коронавирустың таралуы әсіресе Италия, Иран, Франция, Польшада жоғары, ал эпидемия бастау алған және жұқтырғандардың саны көп тіркелген Қытайда, инфекция бақылау аясында. Коронавирустық инфекциядан әлемдік экономикаға келтірілген залал қазірдің өзінде жүздеген миллиард долларға бағаланып отыр. Қысқа мерзімде COVID-19-дің Қытайдағы лаңы жергілікті деңгейден шығып кең ауқымды індетке айналды және қолданылып жатқан іс-шаралар мен төтенше жағдайларға қарамастан, бүкіл адамзатқа қауіп төндіретін жаһандық пандемияға айналды десек те болады.
Жаңа коронавирус дегеніміз не, ол қайдан пайда болды, ол қаншалықты қауіпті және оның таралуынан не күтуге болады?
Коронавирустар – бұл адамдарға, жануарларға және құстарға жұғатын вирустардың үлкен тұқымдастығы. Адамдарда кейбір коронавирустар тыныс алу жолдарының жіті респираторлық вирустық инфекциялары (ЖРВИ) қоздырғыштарының қатарына жатады және тұмау тәрізді негізінен жеңіл және орташа ауырлық дәрежесінде өтетін респираторлық инфекциялар туғызады. Сонымен қатар, бұрын коронавирустар тудырған екі зардабы мол жұқпалы ауру тіркелген: 2002-2003 жылдары өлім-жітім деңгейі 9,6% болатын «ауыр жіті респираторлық инфекция» немесе «SARS CoV» ауруы және 2012 жылы – өлім деңгейі 34,4% болатын «Таяу Шығыс респираторлық синдромы» (MERS CoV) ауруы. Бірінші жағдайда 8096 адам ауру жұқтырып, 774-і қайтыс болды, екіншісінде – 2494 адам ауырып, оның 858-і қайтыс болды.
COVID-19 деген атауға ие болған коронавирустың бұл жаңа түрі алғаш рет 2019 жылы желтоқсан айында орталық Қытайдағы Ухань қаласында тіркелді. Алдыңғы екі ауру түрімен салыстырғанда қатты екпінмен жылдам таралуда, бірақ өлім-жітім деңгейі төмен, шамамен 3,4%-ды құрайды (салыстыру үшін маусымдық тұмаудан өлім 0,3-1,3% аралығында). Адамдарда COVID-19 симптомы мардымсыз немесе тіпті мүлдем жоқ болуы мүмкін, алайда кейбіреулері қатты ауырып, қайтыс та болады, жасына қарай өлім-жітім де жоғарылайды. Нақты инкубациялық кезеңі әзір белгісіз; шамамен 7-ден 24 күнге жуық.
Осылайша жаңа COVID-19 коронавирусының өлім деңгейі де, таралу қарқыны да әдеттегі тұмауға қарағанда жоғары. Онымен қоса, жаңа коронавирустық инфекцияға тән бірқатар ерекшеліктер алаңдаушылық тудырады: 1) COVID-19 вирусы мутацияға қабілетті, ал бұл дегеніміз, вакцина жасауда қиындықтар тудыруы мүмкін;
2) вирустың жұқпалылығы маусымдық тұмауға қарағанда шамамен 2,5 есе жоғары.
3) COVID-19 тудырған инфекция жаңа болғандықтан – ұжымдық иммунитеттің болмауы вирустың адамдар арасында іркіліссіз таралуына жол ашады; 4) COVID-19 вирусын қайта жұқтыру туралы деректер – кейбір адамдарда осы инфекцияға қарсы иммунитетінің енжар екеніне дәлел бола алады; 5) симптомдары көрінбей тасымалдануы инфекцияның бақылаусыз таралу қаупін едәуір арттырады.
Негізгі мәселелердің бірі – COVID-19 шығу тегі. Жоғарыда айтылғандай, коронавирустар табиғатта өте кең таралған және көптеген жануарлар мен құстарға жұғуы мүмкін. Мысықтар мен иттердегі коронавирустар жіті гастроэнтеритті, ал құстарда жіті жұқпалы бронхитті тудырады. Қытайдағы жарғанаттардан алынған коронавирустың молекулалық талдауы COVID-19 қоздырғышымен толық сәйкес келетіндігін көрсетеді. Дәл осы жарғанаттар инфекцияның бастапқы резервуары болуы мүмкін, ал адамға вирус аралық иесі арқылы өтуі де ықтимал. Сонымен Ухань қаласындағы азыққа қолданылатын жабайы жануарлар базары – инфекцияның негізгі көзі болған деген болжам шындыққа өте жақын.
Тарих көрсеткендей, көбінесе ауыр респираторлы вирустық инфекциялардың көзі бастапқыда жануарлар немесе құстар арасында таралған вирустар болды. Айтар болсақ, 2002-2003 жылдардағы Қытайдағы SARS вирусының негізгі резервуары да жарғанаттар болған. Сауд Арабиясында алғаш рет анықталған «Таяу Шығыс респираторлық синдромының» басталуына себеп болған жоғары патогендік вирус адамдарға ауру белгілері жоқ түйелерден берілген. Ал 80 миллионға жуық адамның өліміне әкелген 1918 жылғы әйгілі «испан тұмауына» адам, доңыз және құс тұмауы вирустарының үйлесімінен шыққан қоздырғыш себеп болған. Осылайша жануарлар мен құстардың вирустары түраралық кедергіні жеңіп, адамдар үшін қауіпті жаңа жұқпалы ауру қоздырғышына айнала алады.
COVID-19 пандемиясының болашағына кесімді болжам жоқ. Қазіргі уақытта COVID-19 таралған негізгі географиялық аймақтар – Оңтүстік-Шығыс Азия және Еуропа, соның ішінде Еуропада инфекция жұқтырған аурулар санының тез өсуі байқалады. Қытаймен саны жағынан деңгейлес, халқы өте тығыз қоныстанған Үндістанда, сондай-ақ денсаулық сақтау деңгейі әмісе жоғары емес Африка елдерінде де коронавирустық инфекцияның пайда болуы туралы хабарламалар алаңдатады. Қазірдің өзінде, COVID-19 жұқтырғандар жер шарының бүкілінен дерлік табылып үлгерді.
Қазіргі қоғамдағы жаһандану мен әлем бойынша адамдардың жылдам қозғалысы инфекцияның тез таралуы үшін қолайлы жағдай туғызып отыр. Сондықтан көп нәрсе ұлттық санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жұмысының тиімділігіне және әр елдің тұрғындарды жеке қорғаныс құралдары, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шамасына байланысты болады. Жаһандық індет жағдайында, өндіруші елдер экспорттан бас тартып дәрі-дәрмекпен алдымен өз халқын қамтыған кезде, бұл тіпті қиындай түскендіктен, өз фармацевтикалық өндірісін дамыту қажеттілігін тағы да қадап көрсетеді.
Өкінішке қарай, COVID-19-ге қарсы вакцинаның тез пайда болуына сенудің қажеті жоқ, өйткені оны жасау тым ұзақ, күрделі және қымбат процесс. Жаңа вакцинаны жасап шығару және сынақтан өткізу, әдетте, кем дегенде 2-3 жыл және жүздеген млн долларды қажет етеді. Коронавирустық инфекцияны емдеуге арналған арнайы отандық препараттар жоқ, дегенмен Қытайда, АҚШ-та және Еуропада жаңа вирусқа қарсы препараттарды белсенді іздестіру жүріп жатыр.
АҚШ-та коронавируспен күреске қосымша 8,3 млрд доллар, Еуропалық одақ 25 млрд еуро бөлді.
Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының вирусолог ғалымдары бірнеше жыл бойы адамның, жануарлар мен құс тұмау вирусын, ал коронавирусты 2014 жылдан бастап адам үшін зардабы ауыр тосын инфекциялар көзі ретінде зерттеп келеді. Мұндай жұмысты орындаудың бірқатар маңызды себебі бар. Біріншіден, Қазақстанның Қытаймен шекарасының ауқымы өте кең, екі ел арасында және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен арадағы айтарлықтай сауда айналымы және мамандармен, студенттермен, туристермен белсенді алмасу тағы бар. Әсіресе Қытай мен Оңтүстік Азиядан вирустық инфекциялардың қауіпті жаңа түрлері жиі шығады. Екіншіден, Қазақстанда қауіпті вирустық инфекциялардың тасымалдаушылары – жануарлар мен құстардың алуан түрі мен табиғи жасырын жолдары бар. Үшіншіден, географиялық тұрғыдан алғанда, жыл құстарының көші-қоны Қазақстан арқылы өтеді, олар өз кезегінде тұмау вирусы мен коронавирус, соның ішінде адам үшін қауіпті штамдарды ала жүреді. Мұндай вирустарды зерттеу және оның адамдарға берілуінің алдын алу шараларын жасау – мемлекеттік маңызы бар мәселе.
Қазіргі уақытта Микробиология және вирусологияның ғылыми-өндірістік орталығы – 3 академик, 6 ғылым докторы, 16 ғылым кандидаты, PhD докторлары мен докторанттар жұмыс істейтін, тұмау вирусы мен коронавирусты зерттеу бойынша халықаралық деңгейдегі танымал білікті маман вирусологтар шоғырланған Қазақстандағы бірден-бір орталық. Орталық вирусологиялық және молекулалық биологиялық зерттеулер жүргізуге арналған заманауи қондырғылармен жабдықталған, вирустық инфекциялардың диагностикасы, алдын алу мен емдеу жолдарын жасау мәселелерімен айналысады. 2015 жылы Таяу Шығыста және басқа елдерде MERS-CoV коронавирустық инфекция белең алған кезде, Микробиология және вирусология институты Қазақстан Республикасында алғаш рет жетекші шетелдік вирусологтардың қатысуымен коронавирус диагнозы бойынша далалық және зертханалық семинарлар өткізіп бастама көтерді. Алғаш рет 2019 жылдың сәуірінде Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығында дәріге төзімді микробты және вирустық инфекциялармен күрес жөніндегі халықаралық ғылыми семинар ұйымдастырылды, оған әлемнің 14 елінің жетекші микробиологтары, вирусологтары және жұқпалы аурулар жөніндегі ғалымдары қатысты, оның ішінде АҚШ Ұлттық денсаулық сақтау институтының 20-дан астам танымал ғалымдары бар. Вирустық инфекцияны зерттеу саласындағы бірлескен халықаралық жобалар Америка құрама штаттарының (Мемфис қаласындағы ғылыми ауруханасындағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тұмау орталығы, Теннесси) және Ұлыбритания (Лидс университеті, Лидс, Ұлыбритания) ғалымдарымен жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасында жануарлар мен құстардың табиғи популяцияларында таралатын коронавирустың штамдары да қауіпті. Адамдарға осы вирустардың жұғуы Қытайдағыдай індетке ұласуы мүмкін. Дәл осы жағдай жануарлар мен құстардың тұмау вирусына да қатысты. Сондықтан да инфекцияның ықтимал табиғи көздерін дер кезінде анықтау және жаңа қауіпті вирустың жайылуын болдырмау жөніндегі шараларды әзірлеу мақсатында Қазақстан аумағында таралатын тұмау вирустары мен коронавирустарды кешенді ғылыми-зерттеу қажет. Сондай-ақ COVID-19 бен тұмау вирусына қарсы жаңа отандық вирусқа қарсы отандық препараттар жасауға ерекше назар аудару қажет. Ал Микробиология және вирусология ғылыми-зерттеу орталығы бұл салада үлкен
тәжірибеге ие.
Сонымен қатар тұмау вирусына және короновирусқа қарсы тиімді жаңа отандық препараттарды жасау әр елдің ғалымдарының тікелей міндеттері. Бұл вирустық инфекцияларға жедел ден қою үшін ғана емес, сонымен бірге елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан өте маңызды. Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығында микробқа қарсы және вирусқа қарсы жаңа дәрілік препараттарды жасап шығару жүзеге асырылуда. Біздің ғалымдарымыз зеңге қарсы және вирусқа қарсы белсенділікке ие кең спектрлі алғашқы және әзірге жалғыз отандық антибиотик жасап шығарды. Бұл антибиотик клиникаға дейінгі және клиникалық сынақтардың барлық сатыларынан сәтті өтті, Қазақстан Республикасында емдік мақсатында қолдану үшін тіркелген, оның өндірісі біздің орталықтың базасында жолға қойылған. Сонымен қатар тұмау вирусына қарсы бірқатар препараттар әзірленді, қазіргі уақытта оның клиникаға дейінгі зерттеу кезеңі аяқталуда. Сондықтан да тұмауға және коронавирустық инфекцияға қарсы, жаңа вирусқа қарсы препараттар жасау үшін бізде нақты негіздер бар.
Соңғы күндердегі оқиғалар көрсетіп отырғандай, кең ауқымды эпидемия жағдайында фармацевтикалық өндіруші елдер дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныс құралдарын экспорттауды тоқтатып, ең алдымен өз тұрғындарының қажеттіліктерін қанағаттандыруға тырысып жатыр. Нәтижесінде нарықта дәрі-дәрмектердің тапшылығы едәуір байқалып отыр. Қазақстан Республикасында өз фармацевтикалық өндірісін, яғни атап айтқанда, отандық фармацевтикалық препараттардың дамуына байланысты зерттеулерді барынша күшейту қажет. Әр ел өз мәселесін өзі шешуі тиіс. Жоғарыда атап өткендей, осы мәселелерді еліміздің вирусолог мамандары және де біздің ғылыми орталықтың ғалымдарының бірлесіп шешуге толық мүмкіндігі бар.
Кез келген инфекцияның өршуін отпен салыстыруға болады. Өртті сөндіріп, салдарын жойғаннан гөрі оның алдын алу оңай. Осыған байланысты инфекцияның табиғи көздері мен табиғи ошақтарын дер кезінде анықтау, вирустың табиғи қорларынан адам популяциясына өтуіне жол бермеу және вирустардың түраралық кедергіні жеңетін процестерді зерттеу үлкен маңызға ие. Вирустың табиғатта таралуында шектеу болмайды, оның адам баласының нақты ұлтына, жасына, дәрежесіне қарамай, миллиондардың өліміне әкеліп соғатыны анық. Өкінішке қарай, адамзатқа орасан зор зиян келтірген соңғы COVID-19 эпидемиясы мұның нақты дәлелі бола алатыны сөзсіз.
Аманкелді САДАНОВ,
«Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС бас директоры, биология ғылымдарының докторы, профессор