Саясат • 16 Наурыз, 2020

Әлеуметтік міндеттемелер уақтылы орындалады

565 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындау жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған үкіметтік делегация еліміздің батыс облыстарына жұмыс сапарымен барды.

Әлеуметтік міндеттемелер уақтылы орындалады

 

Маңызды мәселелер Президенттің тұрақты бақылауында

Делегация құрамында Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, Президент көмекшісі Қанат Бозымбаев, «Қаз­Мұ­найГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев, сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Индустрия және инфрақұрылымды дамыту вице-министрлері бар.

Делегация Маңғыстау, Атырау және Ақтөбе облыстарында болды. Содан кейін Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарына барады.

Жұмыс сапары барысында Е.Тоғ­жанов батыстағы үш аймақта облыс әкім­дері мен мұнай-газ секторы өкілде­рінің қатысуымен мұнай және мұнай саласындағы қызмет көрсету компа­нияларының проблемалық мәселе­лері бойынша бірқатар кездесу өткізді. Кездесулерде әлемдік қаржы-эконо­ми­калық дағдарыстың ел экономикасына әсері, сондай-ақ әлеуметтік-еңбек күн тәртібінің өзекті мәселелері талқыланды. «Әлемдегі экономикалық жағдайды қиындататын ең үлкен мәселе – мұнай бағасының төмендеуі. Сонымен қатар коронавирустық індет экономикаға кері әсерін тигізді. ОПЕК + мүшелерінің келіспеушілігі мұнай бағасының 30% төмендеуіне әкелді. Болашақта бір баррель үшін 20-40 доллар деңгейінде экономикалық дамудың сценарийі және бюджеттік параметрлердің есебі бар», – деді Е.Тоғжанов. Вице-премьер жиналысқа қатысушыларды әлеуметтік тұрақтылық пен ұлт денсаулығы мәсе­лелері ел Президентінің тұрақты бақы­лауында және Үкімет қазірдің өзінде қа­жетті шараларды қабылдауда деп сен­дірді. «Біріншіден, барлық әлеуметтік мін­деттемелер уақтылы орындалады. Екіншіден, еңбек нары­ғын­дағы тұрақтылықты қамтамасыз ету және жұмыссыздықтың күрт өсуіне жол бермеу үшін елді мекендерді жөн­деу және абаттандыру бойынша инфра­құрылымдық жобаларды іске асыру үшін арнайы жол картасы жасалуда. Бұл ретте жұмыстан босатылатын жұ­мысшылар мен жұмыссыздарды жұмысқа орналастыруға ерекше көңіл бөлінеді», деді ол. Азаматтардың әл-ауқатын сақтаудың маңызын атап өткен Е.Тоғжанов жергілікті билік органдары мен жұмыс берушілерді әр аймақта әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету шараларын күшейтуге шақырды. «Өздеріңіз білесіздер, мұнай-газ саласы – ел экономикасының негізгі қозғаушы күші. Халықтың әл-ауқаты үшін ең бас­тысы – жұмыспен қамту. Сондықтан бүгінгі таңда жұмыс орындарын сақтау және қызметкерлерге еңбекақыны уақ­тылы төлеу өте маңызды», деді Е.Тоғ­жанов. Кездесулер барысында облыс әкімдері Үкімет мүшелеріне өз аймақ­тарындағы әлеуметтік-еңбек жағ­дайы туралы толық ақпарат берді. Маң­ғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымовтың айтуынша, 9 банкроттық кәсіпорында 127 қызметкерге 75,9 миллион теңге көлемінде жалақы қарыздары бар. Олардың қайтарымы банкроттық рәсімдер аясында жүзеге асырылады. Жалпы облыста 2 мыңға жуық жа­ңа жұмыс орны құрылды, ал 293 726 теңге көлеміндегі жалақы республи­ка бо­йынша орташа көрсеткіштен жоға­ры. Маңғыстау облысында атаулы әлеу­меттік көмекті 2,5 мың отбасы алады. Аты­рау облысының әкімі Махамбет Досмұ­хамбетовтің айтуынша, аймақ­тағы жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды құрайды. Атаулы әлеуметтік көмек 1200 отбасына көрсетіледі. Жалпы облыста әлеуметтік тұрақтылықты сақтау үшін барлық шаралар қабылдануда. Атырау облысында жалақы 334 583 теңгені құрайды. Бұл да республикадағы орташа айлық көрсеткіштен асады. Бүгінгі таңда барлық республикалық мұнайдың 52%-ы Атырау облысында өндіріледі. Ірі өндіруші компаниялар – «Те­ңізшевройл» ЖШС, «НКОК», «Қаз­МұнайГаз» АҚ. Қазіргі уақытта мұнай өнді­рісі саласында 15 мыңға жуық жұ­мысшы, ал 80 мыңға жуық адам мұнай сервистік компанияларда жұмыс істейді.

Президент көмекшісі Қанат Бозым­баевтың айтуынша, мемлекет мұ­най бағасының құлдырауы және панде­мия­мен байланысты дағдарыстық жағдай­лар­дың алдын алу бойынша жоспар әзірлеуде.

Кездесуге қатысқан ТШО-ның бас директоры Имер Боннер «Теңізшевройл» компаниясының мұнай өндіру мен оны қайта өңдеу жұмыстары қалыпты жағ­дайда жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Мұнай бағасының төмендеуі экономикалық қиындық тудырмайды

«ТШО мұнай бағасының төмендеуіне байланысты күрделі экономикалық жағдайдан шыға алады. Себебі компания тарихында осындай кезең болған. Сонымен қатар жұмысшылардың қыс­қаруы болмайды. Біз өзіміздің биз­нес-шешімдерімізді қарап жатырмыз және барлық міндеттемелерді орындаймыз», деді ТШО бас директоры.

Сондай-ақ үкіметтік делегация Ақтөбе облысына келді. Өңірдің белсенділерімен және аймақтағы ең ірі мұнай-сервистік компаниялар басшы­ларымен кездесу барысында Ақтөбе об­лысының әлеуметтік-еңбек саласындағы ағымдағы жағдайы егжей-тегжейлі сөз болды. Мұнай-газ саласы өңірдің өнер­кәсіп құрылымында ең үлкен үлеске ие. Яғни 35%-дан асады.

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің айтуынша, мұнай-газ саласы кәсіпорындарында 15 мыңнан ас­там қызметкер жұмыс істейді. Жұмыс орындарын сақтау аясында барлық ком­паниялармен ұжымдық шарттар мен меморандумдарға қол қойылды. Мем­лекет басшысының тапсырмасына сәйкес жылдың басынан бері мұнай-газ саласында жалақының өсуі орта есеппен 15% немесе 11 мыңға жуық қыз­меткерді құрады, ал басқа кәсіпорындарда жалақыны көтеру мәсе­лесі құрылтайшылардың қарауында. Тұтастай алғанда, аз қамтылған аза­маттарға әлеуметтік қолдау көрсету және кәсіпорындарда ағымдағы және мерзімі өткен жалақы бойынша берешектің жоқтығын ескере отырып, өңірлерде тұрақты әлеуметтік жағдай байқалды.

Кездесуден кейін Премьер-Минис­тр­дің орынбасары Е.Тоғжа­нов Энергетика министрлігіне және об­лыс әкімдіктеріне бірқатар түйткілді мәселелерді шешуде мұнай-газ сала­сының өкілдерімен ынтымақтастықты нығайтуды тапсырды. Біріншіден, өндіріс жос­парларын қайта қарау және мұнай баға­сының өзгеруіне байланысты дағ­дарысқа қарсы жол карталарын жасау тапсырылды.  Еңбек міндетте­мелерін орындау аясында Е.Тоғжанов еңбек дауларын болдырмау, жұмыс орындарын сақтау және кәсіпорын­дардың жұмысшыларына уақтылы жалақы төлеу жөнінде нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Оның орындалу барысын бақылау Энергетика ми­нистрлігіне жүктелді.

Батыс өңірлерде коронавирус тіркелген жоқ

Үкімет делегациясының Маңғыстау, Атырау және Ақтөбе облыстарына сапары барысында Премьер-Министрдің орынбасары Е.Тоғжанов, облыс әкімдеріне жергілікті жерлерде корона­вирустық инфекцияның таралуы бойынша эпидемиологиялық жағдайға тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды.

«Елімізде коронавирустың таралуын болдырмау үшін шұғыл шаралар қабылданғанын білесіздер. Өкінішке қарай, елде коронавирус қаупі туралы ақпарат расталды. Біздің алдымызда коронавирустық пневмонияға қарсы тұру маңызды міндет болып тұр», деді Е.Тоғжанов.

Сапар барысында Е.Тоғжанов коро­на­вирустық инфекциясы бар науқастарға медициналық көмек көрсету үшін медициналық ұйымдардың дайындық деңгейімен және облыстық туберкулезге қарсы диспансерлерінде және жұқпалы аурулар ауруханаларында болды.

Аурудың алдын алу үшін оқшаулауға арналған ауруханалар белгіленген. Маңғыстау облысында: 60 төсектік Маңғыстау облыстық ауруханасының инфекциялық бөлімі, 280 төсектік облыс­тық туберкулезге қарсы диспан­сері (фармацевтикалық аурухана), 70 тө­сектік Жаңаөзен қаласындағы көпса­ла­лы аурухананың инфекциялық бөлімі. Об­лыста 7 санитарлық карантин пункті бар.

Атырау облысында барлық меди­ци­налық нысандар іске қосылды, шека­ралық карантин бекеттері орнатылды, медицина қызметкерлері оқытылып, жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар аймақта желде­тудің 12 механикалық құрылғысы және 100 орындық оқшауланған ғимарат бар.

Ақтөбе облысында коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу шаралары аясында да қажетті шаралар қабылдануда. 130 төсектік орынға арналған, модернизацияланған мате­риалдық-техникалық базасы бар инфекциялық аурухана, 200 орындық фарма­цевтикалық аурухана, 500 орындық обсер­вация жасалды. Мекемелер қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген. Меди­цина қызметкерлері оқытылды.

Вице-премьер қажетті дәрі-дәрмек­тердің қорын сақтау және медици­налық ұйымдарды қажетті медици­налық жабдықтармен және жеке қорға­ныс құралдарымен қамтамасыз етудің маңызын атап өтті. Сондай-ақ инфек­циялық ауруханалардың пациенттерді қабылдауға ертерек дайындығы мен қажет болған жағдайда қосымша орын­дармен жедел қамтамасыз ету қажет­тілігіне ерекше назар аударылады.

Үкімет делегациясының жұмыс сапары Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында жалғасады.

Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Пре­мьер-Министрдің басшылығымен елдегі экономикалық жағдайдың дағдарысқа қарсы жоспарын әзірлеу үшін жедел әрекет ету штабы құрылды.

Мемлекет басшысы Үкіметке халық алдындағы барлық міндеттемелерді толы­ғымен орындауды, жұмыспен қам­ту­ды және әлеуметтік тұрақтылықты қам­та­масыз ету жөніндегі шараларды күшейтуді тапсырды.