Үкімет • 16 Наурыз, 2020

Бас қала сақадай сай

210 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты пандемия деп жариялағаннан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке сақтық шараларын күшейтуді тапсырған болатын. Әлемді жайлаған індеттің алдын алу үшін ел астанасы да күшейтілген сақтыққа кірісті.

Бас қала сақадай сай

 

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Макеннің төрағалық етуімен штаб құрылды. Қолға алынған алдын алу шаралары туралы қалалық әкімдіктің баспасөз орталығында қалалық Қо­ғамдық денсаулық сақтау басқар­масының басшысы Сәуле Қисықова, Тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылау де­партаментінің басшысы Зекен Исақов және Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту бас­қар­масының басшысы Ерлан Бек­мұрзаевтың қатысуымен өткен брифингте айтылды.

С.Қисықова қаланың барлық медициналық ұйымдары сақадай сай екенін, яғни дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдармен және жеке қорғаныс құралдары­мен толық қамтамасыз етілге­нін, сондай-ақ медицина қыз­мет­кер­лері арнайы семинарлар мен жат­тығулардан өткенін атап өт­ті. «Медициналық персо­­­нал эпи­­демияға қарсы режім мен са­нитарлық-эпидемиология­лық та­лаптарға сәйкес оқытыл­ды. Қауіп­ті елдерден келген аза­мат­­тар 14 күнге карантинге алынып, карантиннен кейін үйде 10 күн бақылауда болады. Эпидемиологиялық қаупі бар елдерден келген адамдардың санатына байланысты жұқпалы, уақытша және карантиндік ауру­ханалар дайындалғанын атап өткен жөн. Бұл уақытша аурухана барлық қажетті санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай, яғни әр бөлмесінде теріс қы­сыммен жабдықтау және желдету жүйесі бар, бұл жүйелер ауру­ханадағылардың арасында ин­фекцияның таралуын болдырмайды. Сондай-ақ олар қауіпті елдерден келген адамдарды үйде тексеруден өткізеді. Бұған қоса қауіпті елдерден келгендерді оқ­шаулауға арналған қосымша төсектер орналастырылды. Қазіргі уақытта бұл уақытша ауруханада Қазақстан азаматтарымен қоса елімізге келген басқа елдің азаматтары да бар», деді ол.

Басқарма басшысы егер адамда температураның жоғарылауы, жөтел сияқты белгілер болған жағдайда медициналық мекемелерге бармай үйде болу керек­тігін және Call-орталыққа (1406 нөміріне) қоңырау шалып кеңес алып немесе жедел жәрдем ша­қыруы қажет екенін айтты.

Елордадағы балабақшалар жұмысын жалғастыра беретінін айтқан Сәуле Қисықова: «Дүй­сен­біден бастап мектеп оқушы­ларының сабағы тоқтайды. Ал балабақшалар жұмыс істей бе­реді. Бірақ біз ата-аналарға кеңес ретінде қалдыра алатын жер бол­са балабақшаға апармағаны абзал екенін айтудамыз. Бірақ бұл шектеу емес, тек кеңес. Мек­теп­ке дейінгі мекемелер мен ба­ла­бақшалар да дезинфекциялау жұ­мысы, сол сияқты медициналық бақылау күшейтілген режімде жүргізіліп жатыр», деді.

Ал Ерлан Бекмұрзаев азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, оларды тікелей жеткізу мәселесі өңірлермен пысықталғанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін жеткізуде үзілістер жоқ. Қаланың сауда желілері мен қоймаларындағы қорлар жеткілікті мөлшерде сақталған. «Аптаның басында әкімдікте оперативті түрде жиын өткіздік. Онда әлеуметтік маңызы бар тауарлармен толық қамтамасыз ету мәселесін қарастырдық. Қазір қалада азық-түліктің азайып қалуы туралы проблема жоқ. Бүкіл сауда желілері мен қоймалар азық-түлікке толы. Magnum, «Астық­жан», КеңMart, Small және де қала базарларының бәрінде азық-түлік қоры жеткілікті. Қосымша тағы әкімдіктен 1 млрд теңге қайтарымды ақша айналмалы механизм ретінде берілді. Бұдан бөлек өзге де шаруашылықтармен тікелей келісімшарт бар. Қала­мыздағы барлық қоймалар, сау­да орындары қажетті азық-тү­лік­термен қамтамасыз етілген. Қажет болса қоймаларды көрсете ала­мыз. Әдетте жұрт арасында дүрбелең бастапқы үш-төрт күнде ғана болады. Одан кейін бәрі өз қалпына келеді. Ал азық-түлік бағасы мен қоры бізде бақылауда тұр. Бағасы айналмалы механизм арқылы бекітілді. Алайда әлеуметтік маңызды өнімдер баға­сының өсуін біз болжай алмаймыз», деді Е.Бекмұрзаев.

Зекен Исақов медициналық маскалардың бағасы туралы түсіндірді. Оның айтуынша, жақында Шымкентте өндірілген 100 мың дана маска жеткізіледі. «За­уытта 49 теңгемен берілетін болады, ал жекелеген сауда үшін біз 56 теңгеден ұсынып отырмыз. Бағаны бақылауға тыры­сып жатырмыз. Дегенмен, меди­циналық бетперде аурудан толық қор­ғай алмайтынын ескерген жөн. Оны тек жөтеліп, түшкіріп жүр­гендерге ғана тағу керек. Ма­ңыздысы, жұртшылық көп жи­налатын тұстардан алшақ болу керек. Сондай-ақ масканы қолданудың да мәдениетін сақ­тауымыз керек. Адамдар пай­даланылған маскаларды қоқысқа тастап жатқанын көреміз. Сауда орталықтарында да жағдай осындай. Ол ашықтан ашық жатқан күйі ауру таратқыш болуы мүмкін. Біз оны қалай тақтық, солай тиісті жеріне қол тигізбей шешуіміз тиіс. Осы ауруда бар деректерді жә­не қоздырғыштың берілу ерек­шеліктерін ескере отырып, же­ке гигиенаның қарапайым ер­е­жесін сақтау қажет», деді З.Исақов.