22 Тамыз, 2013

Жалаулы жарыстар

319 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Хоккей. Еліміздің екі қаласында шайбалы хоккейден Қазақстан кубогы жарысы басталды. Биыл ел кубогының топтық ойындары Көкшетау мен Теміртауда өтеді.

Хоккей. Еліміздің екі қаласында шайбалы хоккейден Қазақстан кубогы жарысы басталды. Биыл ел кубогының топтық ойындары Көкшетау мен Теміртауда өтеді.Биылғы Кубок додасына екі топқа бөлінген он команда қа­ты­сады. «А» тобында «Ертіс» (Пав­­лодар), «Арыстан» (Темір­тау), «Горняк» (Рудный), «Ас­та­на» (Астана), «Торпедо» (Өске­мен) ойнаса, «В» тобында «Бей­ба­­рыс» (Атырау), «Арлан» (Көк­ше­­тау), «Алматы» (Алматы), «Но­­мад» (Астана), «Бүркіт» (Қа­­ра­­ғанды) командалары күш сынасады.

Финалдық ойындар 27 тамызда Көкшетауда өтеді.

Күрес. Болгарияның астанасы Софияда күрес түрлерінен жастар арасында өткен әлем чемпионатында грек-рим күресінен Ақан Баймағанбетов, еркін күресте Ернұр Қабатаев жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілді.

Әлем чемпионатында жалпы­командалық есепте медальдар және ұпай саны бойынша Ресей құрамасы көш бастады. Ал Қа­зақстан командасы күрестің үш түрін қосқанда медаль саны бойынша 17-18-орыннан болса, ұпай санынан 12-орыннан көрінді.

Жүзу. Канаданың Монреаль қаласында суға жүзуден мүгедек спортшылар арасында өткен әлем чемпионатында 50 метрге еркін жүзуден әйелдер арасында S3 тобында жарысқа қатысқан Қазақстан Паралимпиадалық құрамасының мүшесі, халық­аралық дәрежедегі спорт шебері Зүлфия Ғабидуллина 0:47.40 секундтық нәтижемен әлем рекордына түзету енгізді.

Ол осыдан кейін де тоқтаған жоқ. Келесі күні Зүлфия 0:47.79 секунд көрсеткішпен әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Бұдан кейін ол қола жүлдені жеңіп алды. Бұл жолы ол 50 метрге шалқалап жүзуден үшінші орын алды. Дарынды спортшы мұнымен де тоқталмай, 100 метрге еркін жүзуден тағы бір қола жүлдені иеленіп, әлем чемпионатының үшінші жүл­десіне ие болды.

Регби. 22-24 тамыз аралы­ғын­да Астанада ерлер коман­­­да­­лары арасында регби 7-ден Қа­зақстанның ашық чем­пиона­тының IV туры өтеді.

Қазақстан чемпионатына «Ди­намо-СКР Алматы», ПРК «Олимп» (Талдықорған), «Ди­на­мо» (Шымкент), ВКС – №1 ОРБЖСМ (Алматы), «Каспий» (Ақтау), №2 БЖСМОР (Алматы), Қостанай облысының ІІД, «Қа­расай Еуразия Спорт» (Қаскелең), «Барыс» (Жамбыл облысы), «Университет» (Павлодар) және елордалық «Астана» командасы қатысады.

Регби-7 Қазақстан чемпио­­на­ты 17-20 мамыр күндері Ал­ма­­­­тыда басталды. Қазір тур­нир кестесінде «Динамо-СКР Ал­маты» (Алматы) 63 ұпай­мен алда келеді. Одан ке­йін Тал­ды­қор­ғанның ПРК «Олимп» команда­сы 57 ұпаймен тұр­са, «Астана» клубы 49 ұпаймен үшінші орында тұр.

Футбол. Жақында Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі «АстанаАрена» стадионында Спорт күніне байланысты шағын футболдан турнир өткізді.

Оған агенттіктің, рес­пуб­ли­калық «Сарыарқа» вело­тре­­гінің, Ұлттық штаттағы ко­ман­далар және спорт резерві дирек­ция­сының, Қажымұқан Мұ­ңайтпасұлы атындағы спортта дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интер­наттың құрама командалары мен «Егемен Қазақстан» газетінің командасы мен астаналық жур­налистердің «Қаламгер» командасы қатысты.

Жарыста бас жүлдені «Са­рыарқа» велотрегінің коман­дасы жеңіп алды. Журна­лис­тердің «Қаламгер» коман­дасы екінші, Қажымұқан Мұнайт­пасұлы атындағы спортта дарынды балаларға арналған рес­публикалық мектеп-интер­нат­тың құрама командасы үшінші орынды иеленді.

«Егемен-ақпарат».