Аймақтар • 16 Наурыз, 2020

Жамбыл өңіріндегі нысандарға мониторинг жүргізілді

148 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінде әлем халықтарының алаңдаушылығын тудырып отырған коронавирус ауруының алдын-алу мақсатында елімізде де кешенді шаралар қабылдануда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирусқа байланысты елімізде төтенше жағдай жариялады.

Жамбыл өңіріндегі нысандарға мониторинг жүргізілді

Сақтық шаралары Әулиеата өңірінде де басталып кетті. Бұл ретте Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен құрылған мобильдік топтың іс-қимыл алгоритміне сай, облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев бастаған аталған топ мүшелері өңірдегі бірқатар нысандардың коронавирусқа қарсы дайындығына мониторинг жүргізді.

Мобильдік топтың мүшелері әуежай мен теміржол бекеттеріне, Халыққа қызмет көрсету орталығы мен ірі сауда орындарына арнайы барды. Олар мемлекеттік бас санитарлық дәрігердің қаулысына сай, көпшілік іс-шаралардың өткізілмеуін қадағалау, қоғамдық көліктер мен аялдамалардың, халық көп шоғырланатын жерлердің дезинфекциялануы, қол жуатын сусабын және тағы да басқа жеке гигиеналық заттардың болуы, қоғамдық жерлерде ақпараттық-анықтамалық материалдардың орналасуы секілді жұмыстарды тексерді. Нысандарды аралау барысында халық көп шоғырланатын «Март» сауда кешеніндегі кинотеатр, коньки алаңы мен балалар ойын алаңының жұмысы уақытша тоқтатылды. Ал, әлі күнге дейін жұмыс істеп тұрған  «Астана парк» кинотеатрының әкімшілігіне жұмысын тоқтату туралы ескерту берілді. Сондай-ақ кәсіпкерлік нысандары, атап айтқанда тойханалар мен мейрамханалардың иелеріне түрлі жиындар мен басқосуларды өткізбеу тапсырылды. Жолаушылар тасымалымен айналысатын мекемелер де қоғамдық көліктерге де жиі дезинфекциялық тазалау жұмыстарын бастады.

Бүгінгі таңда Тараз қаласында 10 мекеме 670 бірлік автобуспен жолаушылар тасымалдаумен айналысады десек, оларға 2000 дана жаднамалар таратылып, жұмыскерлер арасында түсіндірме жүргізілді. Автосалондарға бюллетеньдер ілінді.

 

Жамбыл облысы