Аймақтар • 16 Наурыз, 2020

Тараз: Қант пен картоп бағасының қымбаттағаны анықталды

1092 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы «Корзинка», «Firkan» және «Март Магнат» секілді ірі сауда желілерінің дүкендерінде болып, мұндағы әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағаларын тексерді.

Тараз: Қант пен картоп бағасының қымбаттағаны анықталды

Әкім тұтынушылармен де кездесіп, олардың ой-пікірлерін білді. Сонымен қатар азық-түліктің жеткілікті деңгейде қамтылу барысына, ұсынылып отырған тауарлардың түрлеріне, оның ішінде жергілікті өндірістің үлесіне айрықша көңіл бөлді. Жамбыл облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына азық-түлік тауарларының қала базарларына үздіксіз жеткізіліп отыруын бақылауда ұстауды тапсырды.

Кездесу барысында Тараздағы аталған сауда орындарының әкімшіліктері бүгінгі күні сөрелер азық-түлікке толы екендігін, дүрлігу мен ұзын-сонар кезектің байқалмайтынын атап өтті. Мониторинг тобының мәліметтеріне сүйенсек, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы тұрақты. Дегенмен қант пен картоп бағасының шамалы қымбаттағаны анықталған.

Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев облыстың тұрақтандыру қорының азық-түлік тауарлары сақталатын «Атығаева» жеке кәсіпкерлігінің қоймаларына барды. «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Нүркен Шәрбиевтің айтуынша, Жамбыл облысының тұрақтандыру қорында бүгінде 2 974 тонна бірінші сұрыпты ұн, 63 тонна күріш, 54 тонна қарақұмық, 18 тонна өсімдік майы, 537 тонна картоп, 563 тонна пияз, 193 тонна сәбіз, 2 644 тонна қант сақтаулы екен. Аталған қордың өнімдері 11 сауда нүктелерінде және қаланың 8 әлеуметтік павильондарында төмендетілген бағамен сатылады екен. Бірақ, Нүркен Шәрбиевтің баяндамасына қанағаттанбаған Бердібек Сапарбаев шынайы жағдайдың басқаша екендігін, кейбір әлеуметтік маңызға ие азық-түлік бағасының өсуіне қатысты фактілердің расында бар екенін айтты. Сонымен қатар, әкім «Тараз» ӘКК басшысына тұрақтандыру қорының азық-түлігі сатылатын барлық әлеуметтік дүкендердің жұмысына арнайы барып, бақылау жүргізуді тапсырды.

1

Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев қаланың бірнеше дәріханасында да болды. Дәріханаларда дезинфекциялау құралдары мен медициналық маскалар бар болғанымен де, олардың да құны негізсіз жоғарылағаны белгілі болды. Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысының аумағында медициналық бұйымдар шығаратын кәсіпорынның жұмыс істейтінін, оның мүмкіндігі өңірді медициналық маскаларымен толық қамтамасыз етуге жететінін атап өтті. Осы орайда облыс басшылығы бағаның алыпсатарлық негізде өсуіне жол бермеу бойынша қатаң шаралар қабылданатынын жеткізді.

 

Жамбыл облысы