Аймақтар • 16 Наурыз, 2020

Бердібек Сапарбаев: Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары әлсіз

127 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жедел әрекет ету штабының кезекті отырысын өткізді. Күн тәртібінде коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша алдын алу жұмыстарын жүргізу мәселелері қаралды.

Бердібек Сапарбаев: Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары әлсіз

«Мемлекет басшысы ел аумағында коронавирусты таратуға жол бермеу жөнінде нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, бұқаралық, мәдени және спорттық іс-шаралар, конференциялар мен көрмелер өткізуге уақытша тыйым салынады. Сауда орталықтарын, базарларды, қоғамдық тамақтану нысандарын, вокзалдар мен әуежайларды қоса алғанда, адамдар көп жиналатын барлық жерлерде санитарлық режим күшейтілді. Біздің міндетіміз – Президент тапсырмаларының орындалуын қамтамасыз ету, халық арасында дүрлігуге жол бермеу», деді Бердібек Сапарбаев.

Басқосуда облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Берік Жарқынбеков жүргізілген алдын алу жұмыстары туралы баяндады. Алайда, облыс әкімі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының әлсіздігін атап өтті. «Сіз жергілікті жерлерде, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуіңіз керек. Телеарналарда және адамдар көп жиналатын жерлерде бейнероликтер көрсетіліп, баспасөз бетінде тиісті материалдарды жариялау керек. Медициналық маскалардың тапшылығына шағымдар бар. Облыстың бұл бағытта өз зауыты болғанымен, өңірді қарапайым медициналық бұйымдармен қамтамасыз ете алмауда. Департамент тарапынан бақылау жұмыстары нашар жүргізілуде», деді Бердібек Сапарбаев.

 

Жамбыл облысы