Өз сөзінде Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев адамдар көп жиналатын жерлерде, қоғамдық тамақтану орындарында, сауда орталықтары мен мемлекеттік мекемелерде дезинфекция деңгейін күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ өңірде санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуын бақылауды үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ардагерлер мен волонтерлер тартылған мобильді жұмыс тобы жүргізетін болады.
Бұдан басқа, шекара маңындағы пункттерде бақылауды күшейту, ал мемлекеттік органдарда өткізілетін кеңестердің саны мен олардың қатысушыларының санын азайту қажеттігі айтылды. Ал, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге назар аударған Бердібек Сапарбаев өңірде кейбір әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуі байқалатынын атап өтті.
«Өткен кеңесте жауапты басшыларға әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасына күнделікті мониторинг жүргізу, олардың негізсіз өсуіне жол бермеу туралы тапсырма берілген болатын. Бүгінгі таңда олардың бағасының өсуіне ешқандай негіз жоқ. Алайда қолда бар ақпарат бойынша кейбір сауда нысандарында күріш, қант және әлеуметтік нан бағасы қымбаттаған. Бұл осы бағыттағы жұмыстың тиісті деңгейде жүргізілмегендігін көрсетеді», деді әкім.
Осы мәселеге байланысты Бердібек Сапарбаев өзінің орынбасарлары Мұратхан Шүкеев пен Нұржан Календеровке сауда нүктелерінің, базарлар мен көкөніс қоймаларының жұмысын арнайы тексеруді, әлеуметтік маңызы бар өнімдердің қымбаттауы мен тапшылығына жол бермеуді тапсырды.
Жамбыл облысы