22 Тамыз, 2013

Жаңа үй, жаңа жұмыс

278 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде қабылданған «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының қамқорлығының арқасында Шәрәпиден мен Лейла Әбелдиновтердің отбасы қазір аудан орталығы Тереңкөл ауылында тұрады. Балалы-шағалы отбасында 4 бала өсіп келеді. Біз бұдан бұрын да жолсапармен жүрген кезде осы отбасының жаңа үй алған қуаныштарына ортақ болғанбыз.

Елімізде қабылданған «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының қамқорлығының арқасында Шәрәпиден мен Лейла Әбелдиновтердің отбасы қазір аудан орталығы Тереңкөл ауылында тұрады. Балалы-шағалы отбасында 4 бала өсіп келеді. Біз бұдан бұрын да жолсапармен жүрген кезде осы отбасының жаңа үй алған қуаныштарына ортақ болғанбыз. Арнайы мақала жазбаса да, аудан туралы жалпылай жазылған мақалада жаңа үй алушылардың қатарында аталғаны бар еді. Енді газеттен тапсырма келгенде Лейла мен Шәрәпиденнің таныс есімдерін көріп, қуанып қалдық. Үлкен ұлдары Әлихан Бұқаев шаруа қожалығында жұмыс жасайды. Әлібек болса 3-топтағы мүгедек, педагогикалық колледжде дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша білім алуда. Ал, қыздары Малика мен Зарема мектеп оқушылары. Қыздарымыз да қуанышты, өйткені, алған үйіміз мектептің дәл жанында. Өткен жылы наурыз айында аудан орталығынан пәтер кілтін алып, қатты қуандық. Бұған дейін шағын ғана ауылда тұрдық. Жұмыс бола ма, болмай ма, ылғи да күмәнді күйде жүрдім. Балалар болса, өсіп келеді. Аудандық әкімдіктен осы бағдарламаға қатысу жөнінде ұсыныс түскенде, іздегенге сұраған деп, әрине, бірден келісім бердім. Қазір, міне, жол жөндеу бригадасында жұмыс жасаймын. Әйелім Лейла болса үй шаруасында. Алған үйіміз тамаша, балалар да, біз де осындай жаңа үйге, жақсы тұрмысқа қол жеткіземіз, аудан орталығының өзінде тұрамыз деп тіпті де ойлаған жоқпыз. Бара-бара бау-бақша, қора-қопсы салып, тіршілігімізді одан әрмен жақсы жағдайға жеткіземіз, дейді Шәрәпиден Әбелдинов бізбен әңгімесінде.

Бұл күндері Әбелдиновтер отбасы Тереңкөл ауылындағы Тәуелсіздік көшесіндегі №54 үйде тұрады. Отбасына бағдарлама аясында тиісті әлеуметтік көмек көрсетілді. Қазір Шәрәпиден тұрған ауылда 63 адам бар. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында екі жылда аудан орталығына бізден басқа 19 отбасы көшірілді. Сондықтан барлық жұмысқа қабілеті бар адамдар жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа тұруға немесе кәсіби оқуға, сол сияқты қайта даярлауға және біліктілігін арттыруға мүмкіншіліктері бар, дейді аудан әкім Нұрлан Күлжан. Ал жалпы, ауданда «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының негізінде өткен жылы 24 пәтерлі үйдің құрылысы аяқталса, жуырда тағы бір 24 пәтерлі үйдің кілті тұрғындар игілігіне тарту етілмек.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан».        

Павлодар облысы,

Қашыр ауданы.