22 Тамыз, 2013

Әділдік үшін араша түсу

291 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың бас ғимаратында «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Дархан Қалетаев пен қор жанындағы Әлеуметтік әріптестік орталығының бас директоры Нұрлан Ерімбетовтің басшылығымен баспасөз конференциясы болды.

Кеше «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың бас ғимаратында «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Дархан Қалетаев пен қор жанындағы Әлеуметтік әріптестік орталығының бас директоры Нұрлан Ерімбетовтің басшылығымен баспасөз конференциясы болды.

Шараның тақырыбы «Са­мұ­рық-Қазына» АҚ тобы ком­­панияларының әлеуметтік тұ­рақ­тылық рейтингі» деп аталды. Бі­рінші сөз алып, тақырыптың мән-ма­ңызына тоқталған Д.Қалетаев қор­ тобындағы компаниялардың әлеу­меттік қызметін таратты. Сөй­тіп, қор жанында құрыл­ған Әлеу­меттік әріптестік орта­лы­ғы­ның бас директорына сөз кезегін берді. Н.Ерімбетов орталықтың осы уақытқа дейін атқарған жұ­мыс­тарымен БАҚ өкілдерін жан-жақты таныстырды.

Бас директордың дәйекті мәліметтеріне көз салсақ, орталық айтарлықтай іс тындырған. Қысқа уақыттың ішінде әр компанияларда әлеуметтік сауалнамалар жүргізіп, жұмысшылардың хал-жағдайы мен көңіл-күйін, сондай-ақ, жұмысқа деген ынталарының рейтингін анықтап, сол бойынша арнайы әлеуметтік карта да жасап жатыр екен. Нәтижесінде, көптеген әлеуметтік мәселелердің түйіні табылып, туындаған салдары анықталған. Оған қоса, ендігі салдардың әкелер зардабы мен залалы да картада айқын көрсетілген.

Картадағы рейтингтерді қор тобындағы екі ұлттық компания басшылығына көрсеткенімізде олар таң-тамаша қалып, өз қателік, кемшіліктерін әрең мойындады. Олай етпеске амалдары да жоқ еді. Өйткені, бұл жұмыстардың бәрі ғылыми тұрғыда зерттеліп, зерделенген дүниелер, деді орталықтың бас директоры Н.Ерімбетов ҰӘҚ жанынан орталықтың құрылуына 2011 жылы желтоқсанда Жаңаөзенде орын алған оқиға себеп болғанын ашық айтты. Сөйтіп, бұдан былай қор тобындағы компанияларда әлеуметтік жағдайларды бақылап, еңбек даулары мен түрлі түсініспеушіліктердің алдын алып отыру басты мақсаттың біріне айналғанын негіздеді. Орталық жүргізіп отырған осы ғылыми іс-шаралар негізінде қор тобындағы компаниялардың әлеуметтік картасы түзіліп, әр компанияның әлеуметтік саясатын жетілдіруге ұсыныстар да дайындап жатқан көрінеді. Атқарылып жатқан осы зерттеу жұмыстары алдағы уақытта болуы ықтимал еңбекке байланысты қақтығыстардың алдын алуға, оларды тез арада анықтап, шешімін жедел табуға көмек береді.

Конференцияда орталықтың жұмысшы-қызметкерлерге көмекші құрал ретінде дайындаған «Менің сауалым бар...» атты анықтамалық кітабы да таныстырылды. Кітаптың аты айтып тұрғандай, кез келген жұмысшы іздеген қандай да құқықтық сауалына анықтамалықтан қысқа да нұсқа әрі ұғынықты жауабын ала алады.

Шара соңы сауал-жауапқа ұласты. Тілшілер тарапынан қойылған бірқатар сұрақтарға жауап берген бас директор ұлттық мәселелер мен мемлекеттік тілге де айрықша тоқталып өтті. Баспасөз конференциясын қорытындылаған Д.Қалетаев бүгінгі таңда «Самұрық-Қазына» АҚ мемлекеттік тілді өндіріске толық енгізу бойынша арнайы бағдарлама дайындап жатқанын айтты.

Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,

«Егемен Қазақстан».