22 Тамыз, 2013

Тарихына қанық жастар ғана серпінді дамудың кепілі бола алады

289 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше «Нұр Отан» ХДП ғимаратында жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуде ұлттық тарихтың рөлі тақырыбында өткен дөңгелек үстелде еліміздің белгілі сарапшылары, тарихшылар мен қоғам қайраткерлері аталған мәселе бойынша өз пайымдарын ортаға салды.

Кеше «Нұр Отан» ХДП ғимаратында жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуде ұлттық тарихтың рөлі тақырыбында өткен дөңгелек үстелде еліміздің белгілі сарапшылары, тарихшылар мен қоғам қайраткерлері аталған мәселе бойынша өз пайымдарын ортаға салды.

Аталған шара «НұрОтан» ХДП Қоғамдық саясат институтымен Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті және Мемлекет тарихы институтымен бірлесе ұйымдастырылған. Отырыста сөз алған «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жастарды патриоттық рухта тәрбиелеудің маңызына кеңінен тоқталды.

Елбасы, «Нұр Отан» ХДП Төрағасы Н.Ә.Назарбаев өт­кен жылдың соңында «Қазақ­стан–2050» Стратегиясында ел дамуы­ның негізгі бағыттарын жа­риялаған болатын. Осыған байланысты партия Төрағасының бірінші орынбасары: «Бұл тарихи құжат – Қазақстанның за­манға сай саяси ұстанымын, келешек келбетін, ұзақ мерзімге бағамдаған ұлттық даму жоспары. Сондықтан болашақ бағдарымыз, алға қойған мақсат-мұратымыз бәріміз үшін айқын», – деді.

Оның айтуынша, партияның негізгі құжаты – Саяси доктрина жобасында зиялы қауымның рөлі ерекше көрсетілген. Жастардың рухын оятып, тарихи тәрбиенің маңызын насихаттауда зиялы қауымның рөлі ерекше зор. Сол үшін ел тарихын зерттеудің мәні барынша маңызды. Сондықтан зиялы қауымның, тарихшылардың рөлін күшейту керек. Бұл бағытта партия тарапынан барынша қолдау көрсетілетін болады.

Бауыржан Байбек осы тұр­ғыдан партия бірне­ше ұсыныстар ұсынып отырған­ды­ғын атап өтті. Бірінші – жастар мәселесі. Өскелең ұрпақтың бойында отаншылдық сезімді нығайтуға аса мән беру керек, дей келіп партия Төрағасының бірінші орынбасары «Қазақстан-2050» Стратегиясын межесіне жет­кізетін, еліміздің тәуелсіздігін ны­ғайтып, халқымыздың бо­лашағын баянды ететін де осы жастар екендігіне назар аударт­ты. Сондықтан ұрпақтар сабақтастығы сақталуы тиіс. Екінші – білім мен тәрбие беру. Қазақ «тәрбие – тал бесіктен» деген. Демек, балабақшадан бастап, мектеп, жоғары оқу орны қабырғасында әр топтың ерекшелігіне қатысты өз аудиториясына түсінікті оқулықтар, оқу-бағдарламалық жоспарлар, әдістемелік нұсқаулықтар даярлау қажет. «Елімізде ұлт тарихын оқытудың мемлекеттік стандартын енгізуге қырағы болуымыз орынды. Мұнда ұстаздардың атқарар рөлі артады. Өйткені, балаларымызға дұрыс тәрбие берер, тарихты түсіндірер, ауыл-аймаққа зерделеген тарихты жеткізер мұғалімдер болып табылады. Сондай-ақ, лайықты әдебиет арқылы ел тарихын өз деңгейінде жеткізе аламыз. Жастарға патриоттық тәрбие беруде тарихи кітаптардың мәні зор. Оқушының өз тілінде жазылған дүниелерін көбейтуіміз керек», – деді Б.Байбек осы мәселе жөнінде.

Үшінші мәселе ретінде ол қоғамдық пікірді қалыптастырып, жастардың тарихи танымын арттыруда бұқаралық ақпарат құралдарының тиімділігін кү­шейту қажеттігін атады. «Мұнда журнал, радио, теледидардың атқарар қызметі орасан. Еліміз­дің тарихын баяндайтын дерек­ті фильмдер қатарын және ақ­параттық-танымдық хабарлар санын ұлғайту қажет. Балалар мен жасөспірімдерге арналған тарихи көркем фильм­дер, мульт­фильмдер патриоттық сезімді оятудың тиімді құралы», – деді Бауыржан Байбек.

Осы ретте «Мың бала» фильмі­не қызығушылық көпшіліктің тарихқа деген қажеттіліктің барын анық көрсеткендігін ортаға салды. «Басқа елдердің тарихи сериалдары өздерінің ұлт рухын көтереді әрі өзге елге өзін таныстырады. Бізге де осы жұмыстарды жүйелі жүргізу керек», – деп атап өтті осы жөнінде. Қазіргі таңда елімізде жастардың басым бөлігі интернетті пайдаланады. Сондықтан тарихи жобаларды, бейне-роликтерді жастардың назарын аударатындай етіп жасап, интернетке орналастырған жөн. Жастардың заман үдерісінен қалмауын ескеріп, ұлт тарихы туралы мәліметтер мен деректердің қысқаша анықтамаларын ең танымал ресурстар арқылы таратуды ескеру қажет.

«Тарихымызды зерделей отырып, жастарымыздың бойында елге деген құрметті арттыра аламыз және отансүйгіштік сезімін нығайтамыз. Тек білімді, ой-санасы терең, ақыл-ойы дамыған, ең бастысы, өз елін сүйетін, тарихына қанық жастар ғана серпінді дамудың кепілі болып, еліміздің баянды болашағын қамтамасыз ете алады. Сондықтан да, билік партиясы осы бағыттар бойынша жұмыста халықты бір іктіруге күш салуда», деді Төраға орынбасары.

Бұқаралық ақпарат құралдары­на берген сұхбатында Б.Байбек Мемлекеттік хатшы М.Тәжиннің тарихқа қатысты өткізген жиналысына тоқтала келіп, ұлттық тарихты дамыту жолында пар­тияның негізгі мақсаты жастарды біріктіріп, Қазақстанның тәуелсіздік алғалы бергі қол жеткізген жетістіктеріне жұ­мыл­дыру қажеттігін атады. «Патриоттық сезімді қалып­тас­тыру жолында біз үлкен жұ­мыстарды атқаратын боламыз. Осы жылдың басынан бастап партия Төрағасының тапсырмасы бойынша өңірлерде мәслихаттар мен Мәжіліс депутаттарының бірлесуімен құрылған жұмыс тобында партия доктринасының жобасы әзірленді. Жоба партияның ата заңы деп айтуға болады», – деді ол.

Доктрина жобасында партия­ның негізгі құндылықтары ай­қындалыпты. Сонымен қатар, партия Төрағасының бірінші орынбасары Елбасы партия съезі үстіміздегі жылдың 18 қазанында өтетіндігі туралы қаулыға қол қойғандығын және келесі аптада партия доктринасының жобасы партиялық сайттар мен басылымдарда жарияланатынын хабарлады.

Б.Байбектің айтуынша, содан кейін жоспар бойынша Доктрина жобасы көпшілік арасында талқыланып, съезд қарауына ұсынылатын болады. «Жиырма жыл тарихи тұрғыдан қарағанда өте аз кезең. Бірақ, осы жылдар ішінде Қазақстанның беделі өсіп, экономикасы дамып, ұлттық сана-сезім қалыптасты. Сондықтан ұлттық тарихты зерттеу, зерделеу мәселесі өте маңызды», деді Бауыржан Қыдырғалиұлы.

Оның атап өткеніндей, партия­ның негізгі мақсаты – тек қана партия мүшелеріне ғана емес, барлық жастарға қолұшын беру. «Жас Отан» жастар қанаты тек қана партияның бір пікір алысу ала­ңы ғана емес, жастардың да сөзін жеткізетін алаң болып табылады.

Басқосуда Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған, «Қазақфильм» АҚ төрағасы Ермек Аманшаев, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Ханкелді Әбжанов, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп және саясаттанушы Айдос Сарым өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».