Б.Сұлтанов азық-түлік қауіпсіздігін қамту мақсатында Қазақстан аумағындағы барлық сауда нысандары жұмысын тәртіпке сәйкес жалғастыратынын жеткізді. Атап айтқанда, азық-түлік дүкендері, дәріханалар, сауда орталықтары, гипермаркеттер мен базарлар күнделікті қызметтерін көрсетеді. Дегенмен олар бірқатар талапты сақтауы міндетті.
– Денсаулық сақтау министрлігі және еліміздің бас санитарымен бірлесіп, қосымша қауіпсіздік жұмыстарын пысықтадық. Біріншіден, бұл зарарсыздандыру жұмысы режімін күшейтуге байланысты. Ең бастысы, ұзын-сонар кезекті болдырмаған абзал. Егер мұндай жағдай орын алса, адамдар арасындағы қашықтық бір метрден кем болмауы тиіс. Ірі сауда нысандары келесі талаптарды сақтауға міндетті. Атап айтсақ, бетпердесіз келушілерді нысанның аумағына кіргізуге шектеу қойылады немесе оларды бетпердемен қамту қажет. Міндетті түрде коронавирустың алдын алу туралы парақша таратылуы тиіс. Барлық кіреберістерде дене қызуын анықтайтын қондырғы орнатылуы қажет. Ірі сауда орындары мен базарлардың жұмыс уақыты өзгереді. Азық-түлік базарлары сағат 10:00-18:00 аралығында жұмыс істесе, киім-кешек саудалайтын орындар сағат 11:00-17:00 аралығында ашық болады. Бірақ сауда нысандарында барлық санитарлық және зарарсыздандыру шараларына жан-жақты көңіл бөлінуі тиіс. Сауда-ойын орталықтарына тоқталсақ, олардың ойын-сауық бөлімдері жұмыстарын тоқтатуға міндетті. Дегенмен соның ішінде орналасқан азық-түлік нысандарының қызметіне шектеу қойылмайды. Сол секілді ірі сауда орталықтарында орналасқан дәріханалар да жұмысын жалғастырады. Қоғамдық тамақтану орындары жұмыс уақытын қысқартуы керек. Дәлірек айтқанда, сағат 22:00-ге дейін ашық болады. Келушілердің саны 50-ден аспауы тиіс. Терезелер барынша ашық болғаны дұрыс. Қызмет көрсету саласындағы барлық нысандарда, соның ішінде сән салондары мен ательелерде сағат сайын зарарсыздандыру жұмысына ден қоюға кеңес береміз. Бөлмені жиі желдетіп отырған дұрыс. Гигиеналық мақсатта санитайзерлер орнатқан артық етпейді, – деді Б.Сұлтанов.
Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан елімізде әлеуметтік азық-түлік тауарларының жеткілікті мөлшерде болуын қадағалау күнделікті жүргізіліп жатыр деді тиісті ведомство басшысы. Бұл бағыттағы жұмыстары облыс әкімдіктері және жауапты органдардың ұдайы бақылауында деп сендірді спикер.
– Ветеринарлық және фитосанитарлық қызмет барлық сауда орындарында штаттық режімде жұмыс істеуде. Қосымша коронавирусқа қарсы агроөнеркәсіптік өнімдер транзитіне шектеу қойылмайды. Еуразиялық одақ және үшінші елдерден көліктердің барлық түрімен өнімдерді тасымалдауға рұқсат берілген. Бірақ Еуразиялық одақ және үшінші елдердің шекарасында ветеринарлық және фитосанитарлық бекеттерінде бақылау күшейтілді. Бүгінде еліміздің шекарасында 119 бекет бар. Оның 64-і Ресей шекарасында, 55-і Қырғызстанмен, 50-і Қытаймен шекарада орналасқан. Сондай-ақ Өзбекстан мен Түркіменстан шекарасында бақылау бекеттері күшейтілген режімде жұмыс істеуде. Келіп жатқан тауарлар химиялық өңдеуден өткізіліп жатыр. Барлық қажетті ілеспе және рұқсат қағаздар, мысалы транзитке, импортқа, экспортқа берілетін құжаттар күнделікті тәртіпке сай беріледі, – деді С.Омаров.