Бұл хатты редакцияға Қазақстан Композиторлар одағы басқармасының төрайымы Балнұр Қыдырбек алып келді. Өмір бойында тек бір газетте – “Социалистік Қазақстанда” жұмыс істеп өткен, кезінде біздің басылымды басқарған көрнекті қаламгер Балғабек Қыдырбекұлының немере ағасы Иса Төлепұлының соңғы жазған хаты бұл. Қыдырбектің ағасы Төлептің ұлы Иса мен Балғабек ағамыздың еншісі бөлінбеген екен. Хат соғыс басталарға екі апта қалғанда ғана жазылған. Брест қамалындағы жауынгердің алаң көңілін “дегенмен көңілімде бір күдік бар” деген сөз де аңғарта алатындай. Хат иесінің сөз саптауы, өлеңін кәдімгі ақындардай “Кәусердей-ақ жұтайын, шөлдеп келдім, Әкелші іртік-іртік шалабыңды” деген түйінмен бітіруі Балғабек ағамыздың айналасы да шығармашылыққа бейім болғанын білдіреді. Осыдан жетпіс жылдай бұрын жазылған хатқа назар салайық.
Ардақты Нұрила, жаным Балға, аяулы Назгүл!
Сәләматсыңдар ма?! Ауыл аман-есен бе? Егін бітімі қалай? Жылқышыбай ұлыңның бауы берік болсын. Әбілқасым ұста жаңа дүкенін ашты ма, Тарланкөкті тағалауды ұмытпаңдар.
Міне, қамал ішіне де жаз келді. Енді аманшылық болса, артымдағы екі жарым жыл сияқты бұл бес ай да тез өте шығар деп отырмын. Неге екенін білмеймін, дегенмен көңілімде бір күдік бар. Сағыныштың белгісі болар, Қарасаз, қырқалар жиі-жиі көзіме елестейтін болып жүр. Бүгін көпке дейін ұйқым келмей, Бейсебай атамның айдауда шығарған өлеңін есіме түсірмек болып, біраз мазасызданып жаттым. Бірақ түспей-ақ қойды. Оның орнына өзім өлең шығардым. “Бұл да ақын болайын деп жүр ме? ” – деп күлмеңдер.
Сағынам, барғым келеді туған елге,
Таппадым ондай жылу ешбір жерде.
Жастанған туған елдің топырағын
Кісіде арман бар ма, түскен көрге.
Әнге қосып сөйлейтін сөздің сөлін,
Өз елім – мол дастархан, шалқар көлім,
Араңда тел тарыдай бұлаң өскен,
Ортаңа қашан жетем, туған елім.
Қайрайтын тау-тасыңа қанжарымды,
Сынайын осы жолы талабымды,
Кәусердей-ақ жұтайын, шөлдеп келдім,
Әкелші іртік-іртік шалабыңды.
Әдеттегідей, келесі жексенбіде тағы хат жазам. Ал аяулы жандарым, қош, аман болыңдар. Туған-туысқандарға, дос-жарандарға, көрші-қолаңға, бәріне менен дұғай сәлем айтыңдар.
Иса Төлепов. 8 июнь 1941 жыл. Брест қамалы.
(1939 жылы түсірілген мына суретте Иса Төлепов оң жақта тұр).