Шағын және орта бизнес өкілдері үшін Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерін екінші деңгейлі банктермен интеграциялау жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта жеке тұлғалар мен кәсіпкерлердің ақшалай аударымдары үшін пайдаланылатын мобильді қосымша онлайн БКМ мен пос-терминалдардың тегін баламасы ретінде жұмыс істемек. Оған қоса жаңа жүйе онлайн тіркеуге тұру, онлайн түрде салықтық есеп тапсыру және салық төлеу сынды функцияларды қамтымақ.
Қазіргі таңда онлайн бақылау-кассалық машинасы салықтық әкімшілендірудің негізгі тетігі болып отыр. Онлайн бақылау-кассалық машинасынан алынған деректер Мемлекеттік кірістер комитетіне тауарлар мен қызметтер үшін төленген қаражатқа сараптама жасауға мүмкіндік беріп отыр. Онлайн түбіртектер ауқымды деректер қорын жинайтындықтан, Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйесін барлық сауда нүктелерімен интеграциялау тиімсіз.
Сондықтан фискалды деректерді қабылдау, сақтау және МКК ақпараттық жүйесіне жолдау функциясын фискалдық деректер операторы арқылы жүзеге асыру туралы шешім қабылданған. Мұндай тәжірибе әлемнің өзге елдерінде де кеңінен қолданылады. Ал көршілес Ресей Федерациясын мысалға алар болсақ, онда фискалдық деректер ғана емес, шот фактуралардың ақпараттық жүйесі де жеке меншік операторларға берілген. Қазақстанда 2014 жылдан бастап фискалдық деректер операторы ретінде «Қазақтелеком» АҚ жұмыс істеп келген. Ал 2019 жылы бұл қызметті бәсекелестік ортаға беру туралы шешім қабылданды.
Осылайша, қазіргі таңда фискалдық деректер операторы функциясын 4 заңды тұлға жүзеге асыруда («Қазақтелеком» АҚ, «Транстелеком» АҚ, "Кар-тел" ЖШС және «KazTransCom» ЖШС). Бұл шаралар қызметтің құнын төмендетіп, сапасын арттыру мақсатында қолға алынған. Бүгінде «Транстелеком» АҚ қызмет құнын 1400 теңгеге дейін төмендетті. Онлайн бақылау-кассалық машиналарын пайдалану отандық IT саласын дамытуға үлес қоспақ.
Бүгінде смартфондарда мобильді онлайн бақылау-кассалық машиналары қосымшаларының бірнеше түрі бар. Олардың кейбірі ақысыз негізде жұмыс істейді. ҚР ҚМ мамандары мұндай пилоттық жобалардың мүмкіндіктері мен қауіпсіздігін зерттеуде.
АЛМАТЫ