Қоғам • 17 Наурыз, 2020

Тәрбиенің тоқырау себебі неде?

725 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осыдан бес жыл бұрын «Егемен Қазақстанда» Төрегелді Шарманов ағамыздың «Құндылықтардың құлдырауы» атты мақаласы шыққан еді. Сол мақала қарт ұстаз, сексенге жақындап қалған ана ретінде мені де қатты толғантып, күні бүгінге дейін көтерілген мәселені ұмыта алмай, тебіреніп жүремін.

Тәрбиенің тоқырау себебі неде?

Газеттің бетінен осы күнге дейін сол мақаланың талдауларын, Төрегелді ағаның пікірінің жалғасын үмітпен күтемін. Бұл мақала көзі ашық, көкірегі ояу ұлт жанашырларының бәрінің де жүрегін сыздатып, мазасын қашырған өзекті мәселені көтеріп, халықты дүр сілкіндіріп, бір серпілтіп тастаған. Ел ағалары, Төрегелді ағаның інілері, ақылман адамдар мақалаға үн қосып, ойларын ортаға салды. Бірақ ол үнемі газет бетінен түспеуі керек мәселе деп санаймын.

Мен де осы мақалада айтылған мәселелерді өте өткір әрі маңызды деп білемін. Неге бізде құндылықтар құлдырап кетті және оның кері кетуі жалғасуда деген ой мені қатты мазалайды. Егемен ел болып, өз туымызды көтеріп, тәуелсіздіктің 30 жылын артқа тастап отырғанда ең ақыр аяғы нанымызды дүкеннен ана тілінде сұрап, сатып ала алмаймыз. Неге тіліміз өзінің тұғырына қонып, биіктегі орнынан табыла алмай тұр. Бұған кім кінәлі? Неге биліктің төменнен жоғарғы сатыларының бәрінде мемлекеттік тіл қазақ тілі бола тұра іс қағаздары басқа тілде жүргізіледі. Өзіміздің туған тілімізді өзіміз неге қолдана алмай отырмыз? Қазақ тілі әлемдегі бай, құнарлы, мазмұнды тілдердің бірі емес пе еді? Сонау қиын-қыстау заманда ата-аналарымыз өз балаларының аузынан жырған - өзі де жетпей жатқан нәпақасын «құдайы қонақ» деп келгендердің аузына тосты. Тіліміздің жұтауы сол - қонақты төрге шығарамыз деп оның тілін де төбемізге шығарып жіберген қонақжайлығымыздың кесірі емес пе?

Халқымыз өзі қадірлеп, қасиет тұтқан дүниесінің бәрін «ана» сөзімен байланыстырады. Мысалы, «Жер-ана», «табиғат-ана», «Отан-ана»... Сол сияқты тіліміз де анамыз еді ғой. Ана тілі болмаса ұлт та болмас еді ғой. Осыны барлық аталар мен әжелер, әкелер мен шешелер баланың басына егуі керек қой.

Тәуелсіздіктің қандай қиын жолмен келгенін, кешегі Алаш арыстарының қызметін, Желтоқсандағы жастардың ерлігін ұрпақтың саналарына егу мүлде әлсіз. Тәуелсіздік күні аталып өткен күннің ертеңінде-ақ барлық теледидар арналары жұртты жаңа жылмен құттықтап жатты. Бір ауыз байлам айтылып, жастардың ой қорытуына мүмкіндік жасалған жоқ. Бәрі бір күн өтпей жатып ұмытылды да қалды.

Абай айтпақшы, «ойын - арзан, күлкі - қымбат» болып, жастарымыз құлағы мен көзін телефоннан айырмай, арзан, жалған күлкіге мәз болуда. Тым болмаса бір мезгіл жан-жағына қарап, қоғамда не болып жатқанын білмейді. Кейбір ұлдарымыз Отанның болашақтағы тағдыры өздерінің қолында екенін, қыздарымыз ұлттық құндылықтар сақталып, бала тәрбиесінде ұят, ар, инабаттылық болса ғана дұрыс ұрпақ өсетінін түсіне бермейді.

Қарияларымыз шаңырағының төрінен, немерелерінің ортасынан алыстап кетті. «Қарттар үйін» болашақта «Бабалар үйі» деп атауға бойымыз үйреніп кете ме деп қорқамын. Жасы кішілер жасы үлкенге иіліп, жүгіріп сәлем беріп, құрметтеп тұратын, қазақта ата-бабадан бері жалғасып келген тамаша дәстүріміз де аяққа басылуда. Көрші тұрып, бір-бірін күнде көріп жүрген адамдар да бір-бірімен амандаспайтын болып барады. Қазір осындай әдепсіздікті тіпті ерсі көрмейсің... Жаманшылыққа да адам тез үйренеді екен.

Мен Төрегелді ағадан ұлттық құндылықтарымыздың осылай құлдырай беруіне кім кінәлі деп сұрар едім. Құлдырай-құлдырай шыңыраудың түбіне бір-ақ түспейміз бе? Мен осыдан қорқамын.

Осы біз, аға ұрпақ өкілдері жастарымыздың жүректері ақыл-кеңесімізді жеткізе алмай, саналарын көтере алмай жүрміз бе, әлде? Екі ғасырда ұстаздық еткен мен қазір өзімнің бүгінгі әріптестерімнің бойынан мейірімділікті, жүзінен жылылықты аз көремін. Ұстаздардың оқушылармен жүйелі түрде әңгімелесіп, сырлас болулары ауадай қажет қой. Алайда қазір олардан білім ғана талап етіліп, тәрбие мәселелері сырылып қалған. Осы дұрыс емес қой. Сондықтан ата-ана ұстазға, ұстаз ата-анаға сілтеп, баланы өзімен өзін қалдыруда. Мен тәрбиенің нашарлығы – осындай немқұрайлықта, жанашырлықтың жоқтығында деп санаймын.

Біз де өмірден кетерміз, кету үшін келгенбіз. Бірақ өмір деген қайықтың ескегін кімге беріп кетеміз? Мен соған қайғырамын...

 

Қымбат ЕСМҰҚАНҚЫЗЫ,

қарт ұстаз

ҚЫЗЫЛЖАР