Аймақтар • 17 Наурыз, 2020

Қызылорда: Ахуал тұрақты бақылауда

388 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Эпидемиологиялық ахуалға байланысты өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өтіп, онда тиісті сала басшылары осы бағытта атқарылып жатқан шаралар жайлы айтып өтті.

Қызылорда: Ахуал тұрақты бақылауда

Ақпан айының соңғы онкүндігінен бері ауру белгісі байқалған мемлекеттерден келген 151 адамның 47-сі провизорлық стационарда болған. Үй жағдайында бақылауға алынғандары да бар. Қазір олардың барлығы станционардан шықты. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында Германиядан бойында коронавирус белгісі бар азаматпен бірге ұшып келген сербиялық жатыр.

 – Зерттеу нәтижесі оның дертке шалдықпағанын көрсетті. Бірақ ол талапқа сәйкес екі апта бойы біздің бақылауымызда болады, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ж.Әбдусәметов.

Өңірде ауру анықталған жағдайда науқасты емдеу, онымен қарым-қатынас жасаған адамдарды бақылау мақсатында қажетті орындар жабдықтаған. Дәрілік препараттар мен қорғаныш бұйымдары да жеткілікті.  

Брифингте кәсіпкерлік нысандар, білім беру ұйымдары, мәдени орындардың төтенше жағдай режимінде жұмыс істеу тәртібі жайлы да сөз болды. 

Облыстағы аумағы 2 мың шаршы метрден асатын отызға жуық ірі сауда алаңдары халыққа таңғы сағат 10.00-ден кешкі сағат 18.00-ге дейін ғана қызмет көрсетеді. Санитарлық қауіпсіздік талаптары қатаң сақталады. Сауда орталығының аумағындағы кинотеатр, балалар орталығы, ойын-сауық алаңдары жабылды.

Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов өңірдегі 189 қоғамдық тамақтану орнының жұмыс режимі қатаң бақылауда тұрғанын айтты. Той-томалақ өткізуге тыйым салынуына байланысты тойханалар жұмысына да шектеу қойылған.