Аймақтар • 17 Наурыз, 2020

Жамбыл облысында коронавирус инфекциясы тіркелмеген

1311 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлемді шарпыған коронавирус кеселінің алдын-алу мақсатында бүгін Тараз қаласындағы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында баспасөз брифингі өтті.

Жамбыл облысында коронавирус инфекциясы тіркелмеген

Жиынға Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов және Жамбыл облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Берік Жарқынбеков қатысып, облыс аумағында коронавирусты инфекцияны жұқтыру жағдайларының тіркелмегенін, сондай-ақ бүгінде өңірде санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін мәлімдеді.  Жамбыл облысында коронавирусты инфекцияның эпидемиологиялық асқынуына жол бермеу мақсатында жедел медициналық жәрдем станциясының базасында коронавирустық инфекция бойынша қолайсыз елдерден келген адамдармен жұмыс істеу үшін денсаулық сақтау басқармасы мен тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік ететін жедел штаб құрылған. Сонымен қатар, брифинг қатысушылары медициналық ұйымдар коронавирустық инфекциямен ауыратын науқастарды қабылдауға және емдеуге дайын екенін жеткізді. Барлық медициналық ұйымдарда медицина қызметкерлері үшін жеке қорғану құралдарының, дезинфекциялық препараттардың, дәрілік заттардың қажетті қорының болуы қамтамасыз етілген.

«Қазіргі уақытта 1-А және 1-Б санаттағы басқа елдерден келген адамдарды медициналық бақылауға мониторинг жүргізілуде. Ағымдағы жылы 17 наурыз күнгі жағдай бойынша облыс аумағында 1-А санаттағы елдерден келген 11 адам стационарда бақылауда тұр. 1-Б санатындағы 9 адам үй карантинінде. Оның ішінде жағдайлардың болмауы салдарынан провизорға 1 адам оқшауланған. 2-санаттағы елдерден келгендер жоқ. Осы бағыттағы жұмыс жалғасуда», деді Марат Жұманқұлов.

Сондай-ақ Берік Жарқынбеков адамдар жаппай болатын нысандарда санитарлық-дезинфекциялық режим күшейтілгенін, жаппай іс-шаралар тоқтатылып, кинотеатрлар жабылғанын айтты. Жамбыл облысының тауарлар мен көрстілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті тарапынан жаңа коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында қолды және бетті сабынмен жиі және мұқият жуу немесе антисептикпен өңдеу, адамдар көп жиналатын жерден аулақ болу, сырқат адамдармен қатынаста болмау, үй-жайларды жиі желдету, дезинфекциялық құралдарды қолдана отырып күніне кемінде 2 рет ылғалды тазалау жүргізу, суық тию белгілері пайда болған жағдайда тез арада үйге жедел жәрдем шақыру қажеттігін ескертілді.

 

Жамбыл облысы